Тарланбоз ақын, Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің туған жерінде кеуде мүсіні орнады
Тағдырдың талай тауқыметін өткерген Хамит Ерғалиевтың шығармашылығы жас кезінен бастау алды. Он жасында әкесі ұсталып кетіп, ерте есейді. Білім алуға ұмтылды. «Халық жауының баласы» деген желеу алдынан кесе-көлденеңдеп шыға бергеніне налымады. Қайратына мінді. Өмірде де, өзі таңдап өлең өрінде де жігерін жасытпады.
Өзі өмір сүрген уақыттың ауыртпалығын, қазақтың басына түскен қиындығын «Өзегім толған ақ жалын» деп шығармашылығына арқау ете білді. Жұмыр жерді жанарына сыйғызып, дәуірдің биігінен тебірене үн қатты. Бір қарағанда, ақын поэзиясында өзінің өмірін өлеңге айналдырғаны анық аңғарылады. Жақында өмірде де, өлеңде де ешкімнен тайсалмай, өз үнін таныта алған халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хамит Ерғалиевтің туғанына бір ғасыр толды. Осыған орай оның туған жерінде бірқатар шаралар өткізілді.
Атыраудағы шаралар алдымен, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен «Жүрегімде жұмыр жер» тақырыбымен өткен жыр кешімен шымылдық түрді. Оған тек өңірдің ғана емес, еліміздің әр түкпірінен ақындар да қатысып, ғасырлық биігінен тәуелсіз елінің келешегіне мол мұра қалдырған алдаспан ақынға арналған жырларын оқыды. Ақынның ұрпақтары Мұрат пен Алтын, бүгінгі жас буын қатарындағы шөбересі Мұстафа да естеліктерімен бөлісті.
– Хамит Ерғалиев –аңызға айналған адам, қазақтың аяулы перзенті. Бұл той – рух тойы, мәдениет тойы, құрметті азаматтарды әрдайым ұлықтап, еске алып отыруды жүзеге асыруды қолға алу керек, –деді Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Тәлтенов теңіз толқынындай буырқанып, күндей күркіреп жыр жазған Хамит Ерғалиев атындағы стипендия тағайындап, оның алғашқы қаржысы 3-курс студенті Айсұлу Жексеноваға берілді.
Шаралар легі Исатай ауданында жалғасты. Өйткені, осы дәл ауданда Хамит ақынның кіндік қаны тамған. «Ерғали күтірі» аталатын мекенде арнайы тақта-белгі қойылды. Екіншіден, еліміз тәуелсіздігін алған тұста Х.Ерғалиевтің атымен аталған ауылдағы мектептің алдында қазақ поэзиясының ақ боз пырағындай болған Хамит Ерғалиевтің кеуде мүсіні ашылды. Аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков болашақта да Хамит ақынның мұрасы туған жерінде насихаттала беретінін тоқталды.
Осы ауданның орталығы –Аққыстаудағы аудандық мәдениет үйінде ақынның мұражай бөлмесі де жасақталыпты. Оның ашуылында Хамит Ерғалиев туралы деректі фильм көрсетілді. Енді бір сәтте экраннан «Осылайша, айналайын, ақындар, Ұша алмасаң үніңді кім мақұлдар? Жұртымыздың жүрегі боп соқ деуге, Қанаты боп самға деуге хақым бар» деген өзінің өлең жолдарын қырандай саңқылдап оқып отырған Хамит Ерғалиевтің бейнесі көрінді.
Осындай ақжолтай шаралар Атыраудағы Махамбет атындағы қазақ драма театрында поэзия кешімен жалғасты. Театр әртістері тек Хамит ақынның ғана емес, сонымен бірге, оның шығармашылығына арқау болған кейіпкерлерінің бейнесін сомдады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау облысы