26 Қазан, 2016

Ерекше жылыжай

483 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Петропавл қаласының іргесінде интенсивті-инно­ва­циялық жаңалықтарға негіз­делген жылыжайдың жұмыс істей бастағанына көп бола қойған жоқ. 4 миллион теңгеге салынған нысанда қияр, шалқан, броколли сияқты көкөніс түрлері өсіп тұр. Озық жобаның авторы Олег Андрющенконың айтуынша, экологиялық жағынан таза әрі қолжетімді көкөніс өнімдерін өндіруді көптен бері армандап жүрсе де, тың идея биыл жүзеге асыпты. Бұл маңға қамыс қаулай өскендіктен, игеруге ешкім тәуекел етпесе керек. Батпақты жерлер құрғатылып, ғимараттың іргетасын биік етіп қалауға тура келген. Құрылысқа қолданылған материалдардың әрқайсысы өз қасиетімен ерек­шеленеді. Пластик армату­ра­лардың төзімділігі металдан кем түспейді. Қабырғалар мен едендерге пайдаланылған пеноплекске кеміргіштердің «тісі» батпайды. Төбелерге екі­қабат етіп төселген поликар­бонат сыртқа жылуды шығармайды. Осылайша теріскейдің қатал климаттық жағдайы барынша ескеріліп, ғимараттың беріктігі, ішкі жылылығы мұқият ойластырылған. Жұмсалған артық шығындар мен кездес­кен қиындықтарға қарамастан күн биовегетарийі барлық талаптарға сай тұрғызылып, жыл бойы үздіксіз өнім беретін ұядай мекенге айналдырылған. – Келесі жылы елімізде өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында «жасыл экономиканы» дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Осы бағытта біз ылғал өңдеудің заманауи технологияларына сүйене отырып жерді сумен жылыту әдісін енгіздік. Қазір жылыжай ішіндегі сынап бағанасы 28-30 градусты көрсетіп тұр. Бір ерекшелігі, мұнда ешқандай коммуналдық жүйе тартылмаған. Өсімдіктерге қажетті тіршілік нәрі жазда жауын, қыста қар суынан алынады. Ол үшін арнайы қазаншұңқырлар жасалған. Электр қуаты күн батареялары арқылы өндіріледі, – дей келіп, Олег ұтымды технологияның арқасында жыл он екі ай бойы көкөніс өндіру, тұтынушыларға ұсыну мүмкіндіктері жүйелі қарастырылғанын жеткізді. Биовегетарийдегі қондыр­ғы­лар қарапайым жасалса да, іскер жандардың қолынан шық­­қаны бірден аңға­ры­лады. Бар­лық үдеріс автомат­тан­ды­рылған. Құбырлардағы жылы ауа ағы­ны аккумулятор­мен жұ­мыс іс­тейтін жел­дет­кіш­тер арқылы жүйектерге жет­кі­зі­ліп, атыз астындағы су толы пластик құты­лар үз­дік­сіз жылытылып тұра­ды. Осын­да бес литрлік құты­лар­дың соншама көптігін сұра­ғаны­мызда, оларға құйылған судың сырт­тағы күннің көзі және іште­гі жылудың әсерінен жы­лып, өсімдіктерді тамшылатып суа­руға пайдаланылатынын білдік. Жүйектерге бірнеше қатар етіп салынған ағаш үгіндісі, шөп қалдығы, топырақ біраз уақыттан кейін қарашіріндіге айналып, қоректік заттармен байытылатын көрінеді. Бағбан мұнымен тоқталмақ емес. Келешекте жауынқұрттар өсіріп, биогумус өндірмекші. Сонда тиімділігі әлдеқайда жоғары әрі жасанды химикат қоспасынсыз органикалық тыңайтқыштар алынады. Оның жақсы үлгісі облыста қалыптасқан. Мәселен, жеке кәсіпкер Андрей Стрелец құрғақ қарашірінді өндірісіне жауынқұрттарды пайдалану ар­қылы үздік нәтижелерге жетіп жүр. Олег те Ресейдің Ковров қа­ла­сында орналасқан «Грин-ПИК» компаниясында болып, тәжірибе алмасып қайтыпты. 10 мың жауынқұрт сатып алуға келісім жасасыпты. Кәсіпкер жарық пен жылуға күн қуатын қолданудың жолдарын одан әрі жетілдірмекші. Оның ойынша, түнгі уақыттарда жарық диодты ленталарды, ал қыс кездерінде фитошамдарды пайдалану тиімді. Бұл мақсат үшін күн батареяларының саны арттырылмақ. Жылыжай іші пешпен де жылытылады. Көкөніс өсіру технология­сын дамытуда заманауи құрал-жаб­дықтарды орнатудың маңы­зы зор. Олегтің еңбектес әріптестері жылыжайды аграр­лық кешенге айналдыру үшін Қызылжар ауда­нына қарасты Налобин ауы­лында бірнеше қабатты ғима­рат тұрғызып, өндірістік веге­тарий салуды ой­ластырған. 24 гектар аумақты қамтитын мұн­дай кәсіби экожылыжайда жыл­дың кез келген мезгілінде қар­быз, апельсин, лимон өсірмек ниет­тері қолдауға тұрарлық. – Алғашқы өнімдер жаңа жыл алдында дүкен сөрелеріне түсе бастайды. Қазір қияр өсірудің тың технологияларын қарастырып жатырмыз. Атап айтқанда, жылы­жай тәжірибесінде ара шаруа­шы­лығын дамыту арқылы өсім­дік­тердің тозаңдану үрдісіне қол­данатын боламыз. Бұл – шетел­дерде бар үлгі, – дейді жаңа­шыл­дыққа жаны құмар Олег Андрющенко. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы