04 Наурыз, 2011

Cіз не дейсіз?

447 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«СЫБАҒА» КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ? Шаруа қожалықтарының иелері мен мал шаруашылығымен айналысуды ниет еткен қара­пай­ым ауыл тұрғындары бүгінде «Сы­баға» бағдарламасы туралы құ­лақ­танып, оған үлкен үміт артып отыр. Әлбетте, жаңа бағдар­ла­маның жай-жапсарын жете білгісі келетіндер де жетерлік. Осыған орай біздің Жамбыл облысындағы тілшіміз Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Мұрат Әсілбековке: – Сіз бұған  не дейсіз? – Бұл бағдарлама Елбасының би­ылғы Жолдауын жүзеге асыру мақ­са­тынан туындап отыр. Мыса­лы, Жолдауда «2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең» деген жолдар бар. Бұдан ары аталған шараны жүзеге асыру үшін мемлекеттен 130 миллиард теңге несие ре­сурс­тары бөлі­нетіндігі, сөйтіп, ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орны ашы­латындығы айтылған. Демек, бұл – ет экспортын қамтамасыз етуге үлес қосатын бағдарлама. Бұл жерде «ҚазАгро» ұлттық бас­қарушы холдингі» АҚ бағдар­ла­ма авторы ретінде бастаманы өз қолына алып, белсенділік танытып отыр. Ал бағдарлама туралы тара­тып айтсақ, ірі қара малын сатып алғысы келетін шаруаға несие 6% өсіммен 7 жылға беріледі.  Несие­нің 2 түрі бар. Егер шаруа 1 миллионнан 7,5 миллион теңгеге дейін несие алмақ болса, онда оны «Ауыл ша­руа­шылығын қаржылай қолдау қо­рынан» алады. Ал 7,5 миллион тең­геден көп несие қажет шаруалар «Аграрлық несие корпорациясына» өтініш береді. Себебі, мұнда мал сатып алумен бірге, қора-қопсы, жемшөп сияқты тағы басқа да керекті нәрселерге қаражат қарас­тырыл­ған. Әлбетте, жеңілдетілген несиенің де өз талаптары болады. Олар: шаруалардың төлем қабілеттілігі, қаржы тұрақтылығы, салыққа, бюджетке міндетті төлемдер бойынша және банктер мен басқа да қаржы институттары алдында қарыздары­ның жоқтығы, малды бағу үшін қажетті инфрақұрылымдарының және жайы­лым алаңдарының болуы, сатып ала­тын мал санының 50 пайыздан кем емес жеке малының (мысалы, 10 сиы­ры бар шаруа – 20, ал 20 сиыры бар шаруа  – 40 сиыр сатып ала алады дегендей) болуы талап етіледі. Біз шаруа қожалықтарында мұн­­дай кепілдіктер бар деп санай­мыз. Сондықтан «Сыбаға» – ша­руам­ды шал­қытам дегендерге өте тиім­ді бағ­дарлама. Оның үстіне негізгі қа­рызы мен сыйақыны өтеу үшін едәуір жеңілдік кезеңдері ескерілген. «Судың да сұрауы бар», бұл несие  той жасап, үй мен автокөлік сатып алу үшін берілмейтінін қатты ескеру керек. Ол үшін несие алушы ең алдымен мал өткізушіні анықтап, мал санын арттыру үшін өзіне қажет бұзаулайтын мал басын және та­бын­ды жақсарту үшін асыл тұқымды бұқалар сатып алғаны дұрыс. Олар­дың 4 жастан аспағаны мақұл. Мал басы өз төлі есебінен көбейе баста­ғанда бордақылау алаңдарымен шарт жасасады да, малды оған түп­кі­лікті семіртуге өткізеді. Одан ары мал еті экспортқа шығарылады. Осын­дай бірлескен іс-әрекеттер арқасында шаруа қожалықтары мал басының саны мен сапасының артуына қол жеткізумен бірге, тұ­рақты мал сатып алушының кепілдігіне ие болады. Қаражаты мо­лайып, шаруасы да түзеле бастайды. Бүгінде «Сыбаға» бағдар­ла­масына сәйкес, облысымызда асыл тұқымды ірі қара өсіретін әрқай­сы­сы 1000 бастан 5  шаруашылық пен әрқайсысы 1 мыңнан 5 мың басқа дейін 5 мал бордақылау алаңы және 180 фермерлік шаруашылық құру жоспарланып отыр. Жамбыл облысы.