2016 жылғы 26 қазанда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, II, III, IV, V, VI сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Александрович Дьяченко 64 жасқа толған шағында ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болды.
Сергей Александрович Дьяченко Ақмола облысының Шортанды елді мекенінде 1952 жылы 18 қыркүйекте дүниеге келген. 1973 жылы Куйбышев жоспарлау иститутының өнеркәсіп-экономика факультетін экономист мамандығы бойынша бітірді. Еңбек жолын осы жылы Пенза облысы, Кузнецк қаласындағы аспаптық жабдықтау және конденсаторлар зауытында инженер-экономист болып бастады.
Әскери қызметтен соң туған елі Қазақстанға қайта оралып, он жылға жуық Шортанды аудандық комитетінің нұсқаушысы қызметінен Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің екінші хатшысына дейінгі еңбек жолынан өтті. 1985-1991 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Көкшетау қалалық комитетінің бірінші хатшысы және сонымен қатар, халық депутаттары Көкшетау қалалық кеңесінің төрағасы болды.
Ал 1991-1993 жылдары Қазақ КСР Жастар ісі, дене тәрбиесі және спорт жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Туризм, дене тәрбиесі және спорт министрінің орынбасары қызметтерін асқан жауапершілікпен атқара жүріп, тәуелсіздік алған жас мемлекетіміздің қоғамдық өміріне белсене араласты.
Сергей Дьяченко тәуелсіздік алған алғашқы қиын кезеңдерде өзінің еңбекқорлығының, іскерлігінің, біліктілігінің, кәсіби шеберлігінің және туған еліне деген шынайы патриоттық рухының арқасында тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жоғары сеніміне ие болып, жаңа Қазақстанымызды қалыптастыру жолындағы барлық бастамаларын қолдап, жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етті.
Сергей Дьяченко 1999 және 2005 жылдарда өткен Мемлекет басшысын сайлау науқандарында Алматы қаласы бойынша Н.Ә.Назарбаевтың сенім білдірілген өкілі болуы, сонымен бірге, осы жылдары екінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайлануы Президентіміздің Сергей Дьяченкоға деген сенімін бұрынғыдан да жоғарылата түсті.
Өзіне жүктеген жауапкершілік пен зор сенімді абыроймен көтере білген Сергей Александрович одан әрі III, IV, V және VI сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты, Мәжіліс Төрағасының орынбасары болып, мемлекетімізге, халқымызға қажетті сапалы заңдар шығару ісіне белсене араласты.
Кей жылдары Елбасының тағайындауымен Ақмола облысының әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары сынды лауазымды қызметтерді де жоғары деңгейде атқарды.
Мемлекет басшысының өзіне деген сеніміне дақ түсірмеуді мақсат еткен ол туған жерге деген құрметін бәрінен биік қойып, әрқашанда қоғамның әлеуметтік мүддесін қорғау үшін бар мүмкіндігін пайдаланды. Әрбір сайлаушының өтініш-тілегіне, арыз-шағымына дер кезінде назар аударып, әр мәселенің нақты шешімін табуға ат салысты.
Осының барлығы Сергей Дьяченконың азаматтық келбетін ашып, нағыз халық қалаулысына лайықты абыройын арттыра түсті.
Сонымен бірге, Сергей Дьяченко Президентіміз төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің және Бюросының мүшесі бола жүріп, партия құрылған күннен бастап, осы уақытқа дейін партия жұмысын жетілдіруге үздіксіз үлес қосты.
Отанға адал әрі әділ қызмет етуді өмірлік ұстанымы еткен Сергей Дьяченко адамгершілік, ізгі қасиеттерді алдыңғы орынға қойып, күн сайын біліктілігін жетілдіруден де жалыққан емес. Нәтижесінде, Саяси ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі атанып, жүзден астам ғылыми жұмыстардың, кітаптардың, оқулықтар мен әдістемелік құралдардың авторына айналды. Саяси ғылымдар докторы дәрежесіне көтерілді.
Сергей Дьяченко өмірінің соңғы сәтіне дейін Елбасының маңызды тапсырмаларын тиімді жүзеге асыруға, Парламент Мәжілісі жұмысының заман талабына сай болуына, ел азаматтарының мүддесін қорғау, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсарту, қоғамда тұрақтылық пен келісімді сақтау, Қазақстанның халықаралық абыройын көтеру жолында бүкіл күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін, кәсіби шеберлігін жұмсап, өлшеусіз үлес қосып кетті.
Осы жолдағы елеулі еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет Белгісі», «Парасат», I дәрежелі «Достық» ордендерімен, ТМД-ның «Достастық» орденімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Оның қасиетті Отанымыз алдындағы әрбір еңбегі келер ұрпаққа жалғасып, үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Саналы ғұмырын мемлекеттің өркендеуі мен жарқын болашағына арнаған белгілі саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері, ардақты азамат, аяулы әріптесіміз Сергей Александрович Дьяченконың ақжарқын асыл бейнесі, адамгершілік жарқын келбеті біздің жүрегімізде әрдайым сақталады.
Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі
Ойы биік, жаны жайсаң жан еді
Сергей Александрович Дьяченко еліміздегі жастайынан патриоттық, отансүйгіштік рухта тәрбиеленіп өскен ұрпақтың көрнекті өкілі еді. Кезінде жастар ұйымында бірге қызметтес болып өмірде рухани, азаматтық сеніммен серіктесіп өстік. Ол қоғам, мемлекет деген ұғымдарға ерекше жауапкершілікпен қарайтын. Адамгершілік, достық, жолдастық қатынасқа берік, сенімді. Тәуелсіз мемлекетіміздің ең жауапты құзырлы құрылымдарының лауазымды қызметтерін Елбасының сенімімен абыройлы атқарды. Сыйластыққа таза, ұлтымыздың салт-дәстүріне, тіліне аса құрметпен қарайтын зиялы азамат болатын. Ол тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық кеңістігін, азаматтық қоғам қалыптастыруға көп еңбек сіңірді. Сергей жаны жаңалыққа құмар, әдебиет, өнер жақсылықтарына құлағы түрулі, көкірегі ашық, достыққа ықыласты, жайсаң жан болатын. Ол біздің парламенттік әріптестік, адами тұлғалық ортамызды толтырып жүруші еді. Жаны жәннатта болғай. Қуаныш СҰЛТАНОВ Парламент Мәжілісінің ДепутатыТұлғалық келбеті айқын сезілетін
Еліміздің белгілі азаматтарының бірі Сергей Александрович Дьяченко өмірден озды. Сергей Александровичті көптен білетінмін. Тоқсаныншы жылдардың аяғында Астанаға келген соң жақсырақ таныстық. Облыстар әкімдері болып жұмыс істеген кездерімізде әріптестер ретінде үнемі байланысып тұрдық. 2012 жылы Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасарлары болған кезімізде әбден жақын араластық. Жұмысқа байланысты кейде қиын мәселелерді де бірге ақылдасып, шешім әзірлеп жүрдік. Сергей Александровичтің ұстамды мінезі, көрегенділігі әбден байқалып тұратын. Екеуміз өткен өмір жолдары жөнінде сыр шерткен кезде оның сонау комсомол басшыларының бірі болғанын, үлкен өмір мектебінен өтіп, тәрбие көргенін талай естігенмін. Сергей бауырымыздың қызметтес жолдастарымен қарым-қатынасы оның үлкен тұлға екенін сездіріп тұратын. Парламент Мәжілісінің VI шақырылымында қайта кездескеннен кейін біраз жыл қатар жүрген жолдасымның сырқатын естіп, қолымнан келгенше демеуге тырыстым. Бірақ тағдырдың жазғаны өз дегенін істеді. Еліміз, халқымыз үшін елеулі, адал қызмет еткен белгілі азамат бұл дүниемен қоштасты. Енді есімізде Сергей Александровичтің есімі, оның адамгершілігі, еңбексүйгіштігі, қарапайымдылығы, адал жар, сүйікті әке болғаны қалады. Отбасына, ұлы мен қыздарына қатты қайғырып көңіл айтамын. Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, Парламент Мәжілісінің депутатыТек абырой биігінен көрініп жүрді
Мемлекет және қоғам қайраткері Сергей Дьяченко да мынау жалғаннан өтті... Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екінші шақырылымынан бері қарай үздіксіз халық қалаулысы болып біразымызға әріптес, маған Мәжіліс Төрағасы сайланған жылдарымда орынбасар – сенімді серіктес болған азамат еді. Ақмола топырағында дүниеге келген ол ерте атқа қонды. Отызға енді шыққанында Көкшетау компартиясы қалалық комитетінің бірінші хатшысы болды. Сол кезден бастап қолынан іс келетін білікті басшы кадр ретінде елге таныла бастады. Алматы қалалық филиалында Қазақстан Республикасы Президентінің сенім білдірілген өкілі ретінде қоғамдық штаб басшысының орынбасары болды. 1999-2005 жылдарғы сайлауда да Н.Назарбаевтың сенім білдірілген өкілі болды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қызметін де абыройлы атқарды. Елбасы сенімінің арқасында Парламент Мәжілісінің екінші шақырылымынан бастап депутаттыққа сайланды. Үшінші, төртінші және бесінші шақырылымдарда әріптестері оған сенім білдіріп, Мәжіліс Төрағасының орынбасарлығына сайлап отырды. Осындай жауапты қызметте білімділігі мен біліктілігі әрдайым көрініп тұратын. Мәжіліс депутаты кездерімде әріптес, спикер кезімде вице-спикер болған, серіктесім болған қимас замандасым еді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне бар қажыр-қайратын қосқан патриот, саяси ғылымдар докторы, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде елдің есінде қалары анық. Қабиболла ЖАҚЫПОВ, Парламент Мәжілісінің депутатыЕсімізде әрдайым сақталады
Мен Сергей Александрович Дьяченкомен Парламент Мәжілісінде 2004 жылдан бері бірге қызмет істедім. Осы жылдар ішінде Сергей Александровичті тек жақсы жағынан білдім. Ол адамгершілігі зор, қарапайым, өз ісіне тиянақты, талап қоя білетін азамат еді. Сергей Александрович мемлекеттің, халықтың мүддесін әрқашан жоғары қоятын, заңдардың да сапалы, ел игілігі үшін қабылдануына ерекше назар аударатын. Қазақстанның дамуына, ұлтаралық қатынастардың сақталуына, елдегі тұрақтылыққа да үлкен үлес қосқан азамат. С.Дьяченко Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары ретінде де палата жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, басқа да мемлекеттік органдармен қарым-қатынасты жақсы үйлестіретін, заң шығару органының қызметін мемлекеттің дамуына, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне бұра білетін. Осындай атқарған адал еңбегін күнделікті қызметінен көріп, біліп жүрдік. Тіпті, өмірінің соңғы күніне дейін ол Парламент Мәжілісінің, комитеттің, жұмыс топтарының отырыстарына белсене қатысып, өз ой-пікірін, ұсыныстарын айтып жүрді, өзіне жүктелген депутаттық міндетті абыроймен орындады. Әріптесіміз, досымыз Сергей Александрович Дьяченконың жарқын бейнесі біздің есімізде әрдайым сақталады. Нұртай САБИЛЬЯНОВ, Парламент Мәжілісінің ДепутатыОтанының патриоты болатын
Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында жауапты қызмет атқарған әрбір азаматтың ел тарихында өзіндік орны бар. Бүгінгі жеткен жетістік, шыққан биігімізге үлесі болған сондай тұлғалардың бірі – Сергей Александрович Дьяченко. Сергей Александровичпен Парламент қабырғасында біраз жыл әріптес болған уақытта мемлекетшіл, ісіне адал, мәдениетті, сергек ойлы, қызметіне тиянақты кәсіби тұлғаны таныдық. Өзіне жүктелген міндеттеріне адал, әр істің байыбына үңілген азамат қашанда сайлаушыларының мұң-мұқтажына бейтарап қарай алмайтын. Депутаттық лауазымында, әсіресе, әлеуметтік мәселелерге белсене кірісетін Сергей Александрович ойға алған ісін аяғына дейін апаруға ұмтылатын. Сол жолда діттеген мақсатына жете білуі ұзақ жылғы басқарушылықтан келген өмірлік тәжірибесі ғана емес, жеке басындағы адамгершілік қасиетінен де болса керек. Ол тәуелсіз Қазақстанға, Елбасына адал қызмет атқарды. Жиған тәжірибе, көрген тәлімін, күш-жігерін сол жолға жұмсады. Қазақ мәдениетіне айрықша құрметпен қарайтын С.Дьяченкомен қарым-қатынасымыз өте жылы болатын. Соңғы күндерінің бірінде Сергей Александровичпен жүздесіп қалғанымда, дендеген ауыр науқасына қайратын жеңгізбей, әдеттегідей жадыраңқы кейіп танытып, жай сұрасқаны жадымда. Туған еліне қалтқысыз қызмет еткен сыпайы да сырбаз жан, аяулы әріптес Сергей Александровичтің өмірден озғанына қимастық сезімімізді жеткізе отырып, жақын-жуық, туыс-тумаларына көңіл айтамыз. Бекболат ТІЛЕУХАН, Парламент Мәжілісінің депутаты