«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Ерболат Досаев Еуропа қайта құру және даму банкінің бірінші вице-президенті Фил Беннетпен келіссөз жүргізді.
"Тараптар шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, ұлттық валютада қорландыруды тарту, тұрғын үй құрылысын қаржыландыру саласындағы ынтымақтастық, инвестициялық жобаларды дайындау мен құрылымдау, мемлекеттік активтерді жекешелендіру, сондай-ақ сақтандыру өнімдерін дамыту саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Келіссөздер барысында Ерболат Досаев инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту, шағын және орта бизнес өкілдерін қашықтан оқыту жөніндегі өңірлік офисті құру, сондай-ақ Холдингтің еншілес ұйымдарын жекешелендіру жөніндегі жоспарларды іске асыру бойынша ЕҚДБ-ның тәжірибесін (техникалық көмек) тартудың маңыздылығын атап айтты",- делінген холдинг баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Холдинг ақпаратына сәйкес, Фил Беннет орнықты және инклюзивті экономиканы құру ЕҚДБ үшін түйінді басымдылық болып табылатындығын тілге тиек еткен. Сондай-ақ ЕҚДБ-ның вице-президенті қазақстандық кәсіпкерлерді қолдауға дайын екендігін айтып, шағын кәсіпкерлер деңгейінде қаржыландыруға қолжетімділікті жақсарту және жергілікті валютада қарыз беру мәселесін қозғаған.
Кездесу барысында Еуропа қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржылық корпорациясы (IFC), «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ мен Холдингтің еншілес ұйымы «Kazakhstan Project Preparation Fund» (KPPF) арасында Өзара түсінушілік туралы меморандумға қол қойылған.
Меморандум аясында индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларды бірлесіп іздеу, іріктеу, құрылымдау және бірлесіп іске асыру үшін тұжырымдамалық тәсілдерді іске асыру бағытында диалогтық платформа құрылатын болады.
Сонымен қатар Холдингтің еншілес ұйымы «Даму» қоры ЕҚДБ-ның қазақстандық бизнесті қолдау үшін 8,61 млрд. теңге бөлетіндігі туралы келісімге қол қойды. Құжатты ЕҚДБ бірінші вице-президенті Фил Беннет, «ЦентрКредит Банк» АҚ төрағасы Владислав Ли және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Тулеушин рәсімдеді. Қаражат «Даму» қорының кепілдігімен «ЦентрКредит Банк» АҚ бөлінеді. Жалпы сомасы 8,61 млрд. теңгені құрайтын қаражаттың 6 млрд. 750 млн. теңгесін шағын және орта бизнес жобаларына, 1 млрд 860 млн. теңгесін «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасына беру көзделген.
Кредит берудің талаптары: қарыздың максималды сомасы - 900 млн. теңгеге дейін; кредит беру мерзімі 12 айға дейін; сыйақы мөлшерлемесі жылдық 16 пайызға дейін.