Түркі тілдес татар халқы мен қазақтың тарихы жібектің тініндей өріліп жатыр. Бұрнағы ғасырларда Қазан қаласынан қазақ ақындары мен ғұламаларының талай кітабы жарық көрді. Білім мен мәдениетті ерте келген ислам дінінің қазақ даласына тарауына қосқан татар ағайындарының үлесін де ешкім жоққа шығармас. Ертеден-ақ қазақ пен татардың құдандалығы тағы бар. Ал Қостанайдағы татарлардың арасында ұзақ жасайтындардың көптігі байқалады. Сексенге жақындап жүрген Фильза Хакимова апайдың жүрісі ширақ, дауысы сыңғырлап тұр. «Сырлы қасықтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген, қараторының әдемісі болғанында дау жоқ. Олар тұрған Әулиекөл кентінде бір ғасыр жасағандар санаулы болса, соның бірі Фильза апайдың енесі Мариям әни болатын.
– Мен келін болып түскенде әниім 75 жастағы кемпір екен. Жиырма алты жыл бірге тұрып, алақанымда ұстағандай етіп бағып, арулап қойдым,–дейді Фильза апай. Жолдасы Рашид екеуі үш қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір олардан немере сүйіп отырған бақытты жан.
Фильзаның өзі Қостанай қаласында туып өсті. Жиырма жасында тұрмыс құрып, Әулиекөлдегі Хакимовтердің отбасына келін боп түсті. Қала– қашанда қала ғой. Қостанайдағы орыс мектебінде оқыған , бұлаңдаған ерке қыз еді. Ал Әулиекөл –ауылды жер. Хакимовтер де мал, құс ұстайды екен, бұл да құс бақты, сиыр сауды. Әниінің пісірген учбучмағының, бәлішінің, чак-чагі мен тұтырған тауығының дәмділігі сондай, жегеннің ауызында еритін еді. Жаңа түскен матур келінге әниі осының барлығын да пісіруді үйретті.
– Үлкен кісілер халқымыз дәстүрінің, өнерінің, салтының көмбесі сияқты еді. Менің әниім сондай кісі еді жарықтық. Татар халқының барлық дәстүрі мен салтына сол кісіден қанықтым,–дейді ол бізге. – Қазір өзімнің білгенімді балаларыма айтып отырамын, ұлттық тағамдарымызды дастарқанға қоюды әсте ұмытпаймыз.
Әулиекөлде тұрғанда Хакимовтер отбасы жыл сайын «Қаз імәсін» өткізетін. Әниі көктемде қорадағы қаз-үйрегіне жұмыртқа бастырады. Жазымен мәпелеп баққан балапандар қара күзде жетіліп, семіріп, союға жарайды. Әр татардың үйі шамасына қарай 20-30 қаз, үйрек сойып алады. Ал Хакимовтертердің отбасы үлкен болғандықтан, олар қараша келіп, қар түсе қырық қаздың басын алар еді.
– Әниім «Қаз імәсі» болғанда ауыл әйелдерін, шаңырақ иелерін шақыртатын. Үйде сол күні той болғандай көңіліміз көтерілер еді. Қайын апам Хадиша мен қайын сіңілім Ғайша керемет әнші болатын. Ал қайын ағам Фарид скрипкада, қайным Хамит баянда ойнаушы еді. Мен осындай өнерлі отбасына келдім. Ойын да, той да біздің үйде болатын, – деп әңгімесін жалғайды Фильза апай.
«Қаз імәсіне» келгендер таңертеңнен іске кірісіп кететін. Ерлер қорадағы қаздарды біртіндеп әкеліп, «біссімілләсін» айтып жүріп, сойып береді. Ал әйелдер жағы моншаны аздап қыздырып, жылы жерде қаздың жүнін жұлады. Текке отырмай әйелдер сырнайдай сызылтып ән бастайды.Татардың ертеден келе жатқан дәстүрі бойынша, «Қаз імәсіне» бұрын жеңгелері қайын сіңілілерін ертіп келеді екен. Ауыл-үйдің айналасынан қаз соятын бойдақ жігіттер де табыла кетеді. Бозбалалар қазды әкеліп беріп жүріп, матур қыздарға көз салады. «Қаз імәсі» қыздардың болашақ келін болу дайындығына сын болса керек. Қаздың жүнін қалай тез әрі таза жұлып болған қыз ертең тұрмыс құрғанда үйдің шаруасына пысық келін болады деп саналған. Жүнін жұлып, үйітіп болғаннан кейін қаздың етінен жасалған бәліш ортаға келеді. Әрине, дастарқаннан тіл үйіретін басқа да тағамдар орын алады. Жұмыстың бәрі біткен соң, гармоньға ерік беріледі, ән шырқап, би билейді. Әзіл-қалжың да осында. Қыстың ұзақ түнін ән мен жырға бөлейді.
– Татардың «Қаз імәсі» дәстүрі талай жастың қол ұстасып кетуіне себеп болған. Қыз бен жігіттердің шаңырақ көтеруіне осы дәстүр жол салып береді екен. Қаз сойып жүріп танысқан, бір-бірін ұнатқан жастар одан әрі араласқан, шаңырақ көтерген. Міне, көрдіңіз бе, қандай тамаша дәстүр десеңші!–дейді Фильза апай.
Олар Әулиекөлде тұрған кезде әниі салып берген жолды өшірмей, жыл сайын «Қаз імәсін» жасап отырды. Дәстүр жалғасқанымен, әр заманның өз сипаты бар. «Қаз імәсі» қысқы соғымды асарлатып сойып алу ғой. Қазақтар да көрші-көлемнің көмегімен соғым сойып, соңынан қуырдаққа отырмай ма? Татарлар үшін қаз немесе үйрек сойып, қарға көміп, мұзға қатырып алу ісі қысқа дайындықпен қатар, адамдардың араласуын, демалысын қамтамасыз еткен. Бұл тамаша дәстүрді қостанайлық татар ағайындар бүгін де ұмытқан жоқ. Қараша айында күн суысымен қаз-үйрегін сойса, оны жайғастырып алу үшін көршілерін, туыстарын, достарын шақырады. Әрине, бүгінде Қостанай облысын жайлап отырған 17 мың татардың көршілерінде қай ұлт жоқ дейсіз. Қазақтан бастап, орыс, корейі бар, «Қаз імәсіне» келеді. Жаздай баққан құсын сойып, үйітіп, тоңазытқышқа жайғастыруға көмектеседі. Әрине, бас қосқан жерде баяғыдай гармондатып, ән шырқалмаса да, көңіл көтеріледі, адамдар бірі бірімен қауышады, әзіл-қалжың айтылады.
– Қостанай өңірінде татар халқының бұл дәстүрінің ізі жоқ емес, сақталған. Ауылды жерлердегі татарлар қыстығын дайындағанда «Қаз імәсін» қалай ұмытсын? «Сабантуй», «Никэх», «Чешма йола», «Әбиімнің көңіл сандығы», «Суннәт той», «Нурдоған», «Иесімин қошу» сияқты дәстүр-салттарымыздың, ән-жырымыздың бояуы кете қойған жоқ,–дейді Фильза апамыз. Біздің кейіпкеріміздің татаршасынан қазақшасы анығырақ. Бір ол емес, Әулиекөлдегі қазақтар арасында тұрған татарлардың барлығының да татаршасынан қазақшасы мығым.
– Мен ғұмыр бойы саудада істеген адаммын. Әулиекөлде жүргенімізде бір қария келіп, менімен тілін зорға бұрап, керек бұйымтайын орысша түсіндіріп тұр. «Ата, мен қазақша білемін, қазақ тілінде айта беріңіз» дедім. Керек затының дүкенде жоқ екенін, жақын күндері тауар қабылдайтынымызды, қай күні келіп алуға болатынын түсіндіріп бердім. Кеңес Одағының кезінде орыс тілінің асығы алшысынан түсіп тұратын, жастар жағы қазақша сөйлемейтін. Әлгі кісі маған риза болып, «қарағым-ай, татар қызымын де, айналайын-ай, іздеп келген затымды бермесең де алғандай болдым, өркенің өссін!» деген еді,– деп жарқылдап күледі апай.
Иә, Қостанайда Фильза апай айтып отырған сол ақсақалдар мен әжелеріміздің арасында жиын-той болса әнді татарша бастап жіберетіндер аз емес.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.