ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Әділет министрлері бас қосты
Кеше Алматы облысындағы «Ақбұлақ» биік таулы шаңғы курортында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекеттер Әділет министрлерінің төртінші отырысы болып өтті. Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаев төрағалық еткен жиынға бірінші рет ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерден бөлек, Ауғанстан мен Беларусьтің Әділет министрлері, сондай-ақ, бақылаушы-мемлекеттер ретінде Иран мен Моңғолияның ресми өкілдері қатысты.
Биыл Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төраға ретінде аса маңызды шараларға мұрындық болуда. Таяуда ТМД елдерінің Жоғарғы сот төрағаларының отырысына ұйытқы болған-ды. Сол сияқты қараша айында Қазақстанда ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер Бас прокурорларының жиыны өтпек. Осылайша 15 жылдығына аяқ басқан Шанхай ынтымақтастық ұйымы қай салада болсын өзінің тиімділігін дәлелдеуде.
Ал «Ақбұлақта» өткен маңызды отырыста Қытай Халық Республикасының Әділет министрі Айин У, Қырғыз Республикасының Әділет министрі Жылдыз Мамбеталиева, Ресей Федерациясының Әділет министрі Александр Коновалов, Тәжікстан Республикасының Әділет министрі Рустам Шохмурад, Өзбекстан Республикасының Әділет министрі Музаф Икрамов күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша баяндамалар жасап, өз мемлекеттерінің құқық қорғау бағытындағы бастамаларын ортаға салды.
Негізі, бұл маңызды шара 27 қазан күні «Шығыс-Батыс» атты ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталған болатын. Сот сарапшылары қатысқан мәжілісте сот сараптамасы саласындағы озық тәжірибелер ортаға салынды. Ал Әділет министрлерінің төртінші басқосуында бірінші рет бірлескен мәлімдеме жасалды.
Осы жиында Әділет министрлері құқық қорғау бағытында өзара іс-қимылды одан әрі күшейтуге уағдаласты. Бұған себептер де аз емес. Ақпараттық технологиялардың дамуы, алыс-беріс, барыс-келістің жандануы көптеген мәселелерге халықаралық сипат беріп отырғаны аян. Мұндай жағдайда құқық қорғауда болсын, қылмыстың алдын алуда болсын мемлекеттер ықпалдасуға мәжбүр. Сондықтан да ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер адам құқығын қорғауды дамытуға жәрдемдесетін болады.
Сондай-ақ, отырыс барысында министрлер Қазақстанның «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде құқық үстемдігі реформасын іске асыру жөніндегі тәжірибесіне қызығушылық білдірді. Оған қоса, заң шығарушылық қызметін болжамдау және жоспарлау бойынша тәжірибелер ортаға салынды. Бұдан былайғы уақытта да Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтарының құқықтық мәдениетін күшейтуді жандандыра түспек.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының шеңберінде сот сараптамасы мекемелерінің аймақтық жұмыс тобын құру да талқыланды. Мәселен, бүгінгі таңда Шанхай ынтымақтастық ұйымы алты мемлекетінің заңнамалық тұрғыдағы ақпараттық базасына азаматтар тегін кіре алады. Отырыс кезінде ШЫҰ-ның ресми сайтына Ұйымға мүше мемлекеттер заңнамаларының ақпараттық базасына сілтеме қою қажеттігі де сөз болды.
Жиынға бірінші рет бақылаушы елдер ретінде қатысқан Ауғанстан мен Беларусьтің Әділет министрлері, содай-ақ Иран мен Моңғолияның ресми өкілдері де сөз алды. Мысалы, Ауғанстан Ислам Республикасының Әділет министрі Абдул Басир Ануар өз елінде есірткі заттарымен күресу жөніндегі қор ашылғанын, көкнар, апиын өсіруге тосқауыл қою үшін шаралар қолға алынып жатқанын мәлімдеп, азаматтардың құқықтарын қорғауға көмек көрсету бағытындағы шараларды жандандыруға мүдделілік танытты.
Ал Ауғанстан министрі өз елінде құқықтық жүйені жетілдіріп, тұрмысы нашар тұрғындарға құқығын қорғауға көмектесу ісінде әлі де өте көп жұмыс атқарылуы керек екендігін алға тартып отыр. Әсіресе, балалар құқығын қорғау бүгінгі Ауғанстанның ең көкейкесті мәселесі екендігін атады. Себебі, террористік ұйымдарға жеткіншектер көп тартылады. Сол сияқты зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайтын да балалар. Қазіргі таңда қылмыс пен терроризмнің шекарасы жоқ екендігін алға тартқан Ауғанстанның Әділет министрі бұл мәселеде ШЫҰ сияқты беделді ұйыммен ықпалдасуға әзір екендіктерін білдірді.
Жиынды қорытындылаған Марат Бекетаев еліміздегі заңнамалық реформалар жайлы ақпар бере отырып: «Қазақстанның да заңнамалары жиі жаңарады. Бұл – заңдардың жаман жазылғанынан емес. Уақыт талаптары өзгеруде, технологиялар дамуда. Жаңа заңдардың жобасы мекемеаралық комиссияларда кеңінен талқыланады», деді.
Жиын соңында қатысушылар бірауыздан Қазақстанда министрлер отырысы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды деп мәлімдеді. Бұл жиын Шанхай ынтымақтастық ұйымы мемлекеттері әділет органдарының ведомствоаралық ынтымақтастығын тереңдетуге ықпал етпек.
Отырыс қорытындысы бойынша жоспарлау және үкіметтің заңнамалық қызметін жоспарлау, заң қызметін көрсету, азаматтардың құқықтық мәдениетін дамытуға және оларға құқықтық көмек көрсетуге жәрдемдесу, сот сараптамасы саласында өзара ынтымақтастық, Ұйым сайты арқылы азаматтардың және өзге де субъектілердің ұлттық заңнамаға тегін қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша шешімдер қабылданды.
Әділет министрлері өздерінің құқығын қорғау бойынша азаматтарға құқықтық көмек көрсету жөніндегі ынтымақтастығын күшейтуге уағдаласып, тарасты.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ