01 Қараша, 2016

Науан Хазірет

3394 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
nauan-khaziret-meshitiҚасиетті Көкше жерінде ел бастаған көсемдер, күміс көмей шешендер, ақын-жыраулар, батыр-билер, ақылгөй-даналар дүниеге келмеп пе еді! Дәл сондай тарихи тұлғалардың бірі – Наурызбай Таласұлы. Оқымысты ғұлама болғандықтан, ол әдебиетте де, халық арасында да Науан Хазірет деп аталып кеткен. Науан Хазірет – рухы биік, жан-жақты білімдар, ағартушы, халқының қамын жеп, болашағын болжаған, оған мұсылмандықтың шапағатын жаюға бүкіл өмірін арнаған қайраткер. Науан Хазірет турасындағы әде­би нұсқаларға, құжаттар мен деректерге тоқталсақ, ондай дүние бар­шылық. Солар­дың ішіндегі ең құндыларының бірі – Ақан серінің Науан Хазірет­­ке арна­ған 28 шумақтан тұ­ра­тын толғауы. Екін­ші өте құнды дүние – ол Алаш қоз­ға­лысының көсемі Әлихан Бөкейхановтың 1910 ж. Санкт-Петербургте жарық көрген «Киргизы» (Қазақ – А.К.) атты еңбегі. Бұл еңбегінде Әлекең Ре­сей патшалығы тарапы­нан қа­зақ жерінде отарлау саясаты жүр­гі­зіліп отырғанын айта ке­ліп, әсіресе, орыс­тандыру, қазақ­тарды мұсылман дінінен алас­татып, христиандандыру әрекетін әшкерелейді. Наурызбай Таласұлы қабір басына қойылған құлпытастағы жа­зу­ға қарағанда, 1843 жылы Бара­тай ауылының маңын­дағы Жыл­келді деген қарағай-қайың бас­қан нулы да сулы өңір­де Талас Құт­болатұлының отбасында дүниеге келген. Шық­қан тегі Қарауыл руының Есембай-Шұң­ғырша тармағынан. Наурызбай ауыл молласы­нан хат танығаннан кейін, баласының қабілетін аңғар­ған әкесі оны Қызылжар медре­се­сіне оқуға берген. Медресені үз­дік оқып бітірген соң ол ерек­ше дарынды тү­лек ретінде сол кездегі діни жоғары оқу ор­ны болып саналатын Бұхар мед­ре­се­­сіне жолдама алады. Еліне келіп, Бара­тай­ға жа­қын Бесқарағай деген жерде мешіт салу жұмысын ұйым­дас­тырып, бі­рер жыл сонда имам­дық жұмысын атқа­рады. Әйт­кен­мен, білімге, оқуға деген құш­тар­лық талабы Науанды одан әрі жете­лей­ді. Ол азын-ау­лақ қаржы жинап, Бұхар­ға бара жатқан керуенге ілесіп, Әли­хан Бөкейханов айтқандай, «Кезінде Ломоносов Мәскеуге қалай барса, бұл да Бұхарға солай барады». Он бес жыл оқып, Бұхар медресе­сін үздік бітірген Нау­рыз­байдың үлкен дарын иесі екендігін таныған медресе ға­лым­дары оны бүкіл мұсылман діні­нің орталығы болған Бағ­дат шаһарына жібереді. Ол жер­де білімін тереңдеткен Нау­рыз­­байды Бұхар медресесі өз қабырғасында ұстаз етіп қал­дыр­ады. Бірақ, көкшетаулық мұсылмандар қауымы Бұ­ха­р­ға арнайы делегация жі­бе­ріп, Солтүстік Қазақстан өңі­рі­нде мұсылмандықты уағыз­дай­тын бірде-бір жоғары білім­ді имам­ның жоқтығын тіл­ге тиек етіп, Нау­рызбайды елі­не қайтаруды өтін­ді. Осы жағдайларды ес­кер­­ген медресе басшылары көк­ше­таулықтардың тала­бын орынды деп тауып, Нау­рыз­байды еліне қайтарады. Шығыс өркениетінің орта­лық­тары болып саналатын Бағ­дат пен Бұхар жоғары оқу орын­­дарын тәмамдап елге орал­ғанда Науан Хазірет жан-жақты білімдар, ғұлама ға­лым, тәжірибелі ұстаз болып қа­лып­тасумен қатар, жәдиттік бағыт­ты ұстанған қоғамдық қай­рат­кер де болып үлгерген. Міне, енді сол оқып-білгенін, өз қызметін ел игілігіне жарату, хал­қын отаршылдық бұғаудан азат ету жолдарын ойластырады. 1886 жылы көпшілік қауым­ның сұрауымен облыстық діни бас­қар­ма­сы Науан Хазіретті Көк­шетау мешіті­не имам қы­лып тағайындады. Жаңа имам ха­лық арасында оқу-ағарту мә­се­ле­­ле­рі­мен айналысып, ді­ни­ әдет-ғұ­рып­­тарды ретке кел­ті­­реді, көршілес ояз­дардағы мешіт­­термен тығыз байланыс орна­­та­ды. Ол кісінің беделінің қан­­дай жоғары болғандығын мына бір дерек дәлелдей түс­се керек. Халықтан жи­­нал- ған қаржыға Көкшетау қаласы­нда жаңа мешіт салынады. Ме­шіт­­­те неке қию, жаңа ту­ған нәрестелерді тіркеу сияқ­ты дәстүрлер кеңінен енгізі­ле­­ді. Архивтік бір деректе ояз бастығы Костырконың тұ­­сын­да, ал кейін басшылар Туполев, Коновалов, Селицкий, Кельцев тұсында да осы тәртіп сақталды делінген. Заманының өте білімді адам­дарының бірі Науан Ха­зі­рет халық ағарту саласына көп көңіл бөлді, атап айтқанда, қа­зақ балаларының білім алуын үнемі қадағалап отырды. Ме­шіт жанынан қырдан келген молдалардың білімдерін одан әрі жетілдіру үшін оқу ұйым­дастырып, халықтан түс­кен қаржыға интернаты бар мед­ресе ашады. Өзіне мектеп жұмыстары бойынша көмек­ші­лікке бұрынғы шәкірті, Қо­тыр­көл болысының тұрғыны Шай­мерден Қосшығұловты алады. Медреседе діни дәріспен қатар зайырлы білім беру ісі де айтарлықтай деңгейде болды: шәкірттер оқу мен есептеуді, араб тілі мен орыс тілін қатар үй­рен­ді, Абай өлеңдерін жат­тап, Біржан мен Ақан әнде­рін айтты. Әсіресе, шығыс әде­­би­етін оқып үйренуге көп ден қо­йыл­ды. Ол туралы мына бір деректі келтіріп ке­ту­ге бо­­лады: мысалы, ояз бас­ты­­ғы­­ның бұй­­ры­­ғымен мектеп-ин­тернатта жүр­­гізілген тін­ту ке­зінде оқу­шы­лардан шы­ғыс ғұл­амалары Фирдоуси, Нау­аи, Саади, Ни­зами және т.б. кітап­тары тартып алынған. Бір айта кететін жайт, ата-аналар балалардың оқуы үшін ешқандай ақы төлемеген, себебі медресе жанында қо­сал­қы шаруашылық болып, шә­кірттер қажетті азық-түлікті өзде­рі дайындаған. Мұғалімдік қыз­метті Науан Хазірет пен Шай­мерден Қосшығұловтан бас­қа, Таш­кенттен келген өзбек Ингам Қари мен саяси жер аударылған, қазақ тілін жақсы мең­герген Петр Гарлишев атқа­р­- ды. Науан Хазіреттің қызмет атқарған тұсы Ресейдің Қазақ­стан­да толық саяси үстемдігін ор­натып, енді шаруашылық жағы­нан игеру­­ге кіріскен кезеңіне дөп келеді. Осы мақ­сатта бірқатар әкімшілік, сот реформа­лары жүзеге асырылып, жергілікті өзін-өзі басқарудың қалдығы жойылып, жер, оның қойнауы, ормандар мен өзен-көлдер Ресей мемлекетінің меншігі деп жарияланды. Жергілікті әкімшіліктің рұқ­сатынсыз ауыл­дық мұсыл­ман мектептері мен қала­лық мектеп-интернаттарды ашуға қатаң тыйым салынды. Мектеп ашуға басты шарт – ол мектептерде орыс тілі­нің оқы­луы еді. Сондықтан, қазақ мектеп­терінің көпшілігі жасырын жұмыс істеді. Үкімет саясатының рухани саладағы тағы бір бағыты мұсылман дінін шектеу болатын. Патша бодандарының барлығы патшамен бір дінде болу қажеттігі идея­сын үкімет те қолдады. 1902 ж. 22 нау­рызда арнайы «Ереже» бекітілді, онда мұсылмандарды христиан дініне аудару, біріктіру, біртіндеп, күштеусіз, айламен іске асыру көзделді және жаңа дінді қабылдау өз еріктерімен болып жатқандай сипатта өткізілуге тиісті болды. Құжатта бұдан кейін қазақ­тарды шо­қын­дыру жолдары мен шаралары қа­растырылды. Бұл ретте негізгі рөл мектеп­тер­ге жүктеліп, ауыл мектеп­терінің санын көбейту көз­делді. Алғашқы ретте халықты тыныштандыру мақсатында мұғалімдерді қырғыздардан (қазақтардан – Қ.Ә.) тағайындау ұсынылды. Мұғалімдерге балаларға орыс оқуын, тілін оқы­ту мін­деттелді, қазақ тілін­де оқуға тыйым салынды. Мұ­ға­лім болу үшін оқу инс­пектор­лары беретін арнайы куәлік талап етілетін болды. Моллалар санын азайту мақсат етілді. Сонымен бір­ге қазақ әйелдеріне арналған қыз­дар мектебін ашу ұсы­ныл­ды, «оларды орыс оқуы мен тәрбиесі арқылы орыс мәдени­е­т­іне қаратып, олар тұрмыс құ­рып, ана болғанда өзінің күйеуі мен балаларына ықпал етеді», деп ашықтан-ашық айтылған. Құжатта мұсылман дін иелерін неке қию, ажыра­су, жаңа дүниеге келген сә­би­лер­ге азан шақырып ат қою сия­қты рәсімдерден шеттету қарас­тырылды, тіпті, дүниеден қайтқан адамдарды жерлеу үшін орыс священнигінің рұқсаты керек болды. Исламды қорғауға қазақ қо­ғамының әр­түрлі әлеуметтік топ­тарынан шыққан ық­палды адамдар үн көтерді, олар Абай Құнанбайұлы, Ақан сері, Мұса Шор­манұлы, Шыңғыс төре, Мұхамед-Салық Бабажанов, Мәмбетәлі Сердалин, Әлихан Бөкейханов, т.б. еді. Науан Хазірет те халық арасында дін-ислам­ның, ұлттық дәстүрлердің қорғаушысы ретінде үлкен беделге ие болды. Ол ислам діні­не патша үкіметінің орыстандыру, шоқындыру сая­сатына қарсы тұра алатын рухани күш ретінде қарады. Науан Хазірет ұлттық дәс­түр­лерді сақ­тау ісіне халықты топ­тастыру үшін қазақ дала­сы­­ның беделді, белгілі адам­дар­ы­­нан көмек сұрады. Оның өзі және көмекшісі Шай­мер­ден Қосшығұлов Абай Құнан­­байұлына ұлттың ру­ха­ни-мәдени тәуелсіздігі үшін кү­рес­ті басқаруға ұсы­ныс жасады. 1901 жылғы 20 мамыр күні ояз бас­ты­ғы келіп, Таласовтың қыз­метіне ты­йым салынады деп, іс қағаздарын алып кет­кен. 19 қыркүйек күні 7 болыстың өкіл­­дері бас қосқан төтенше сиез жина­лады. Ол жиылыста сөйлеген сөзінде ояз бастығы: «Сендерде, киргизде дін жоқ, бұдан былай шариғат жолымен іс атқаруға тыйым салынады», деген. Міне, осыған қарсы жоғарыға шағым хаттар түседі. Халық арасында үкімет сая­сатына жаппай наразылық байқалады. Осындай жағ­дайда мұ­сылман дін басылары қарсы әрекет жасап, жерді тартып алған, тіл мен дінге қол салған отар­шылдарды әшкерелеуге кі­ріседі. Соған байланысты жергілікті әкімшілік Науан Хазірет пен Ш.Қосшығұловты қудалай бастайды. Көкшетау уезінің бірінші учаскесінің крестьян бастығы подполковник Троиц­кий 1903 жылғы 2 сәуірде Ақмола облы­­с­ы­ның әскери губернаторы атына жолдаған мәліметінде былай деп жаз­а­ды: «2 сәуірде молла Таласовтың меші­­- т­інде тінту жүргізілді. Тінту кезінде цен­зура рұқсат етпеген 164 кітап пен қол­жазбалар табылды. Оның біразы мектеп­тікі, өзгесі оқушылардікі екені анық­­талды, ал Таласовтың өзі­нен 108 кітап пен жазған хат­­тары, қырғыз тіліндегі гек­­тограф, баспа әріптерінің қа­лып­­тары табылды». Онан әрі Троицкий Шаймерден Қос­шы­­ғұловтың столынан гек­тог­раф пен сиясорғыш, Ботовскідегі С.Шормановқа, Зайсан­да­ғы Кенишовқа, Семей­дегі Құнан­баевқа почта арқылы хаттар жол­дағандығы туралы қол­хат қағаздар адрестерімен бірге табылғанын хабарлайды. Сонымен бірге, Троицкий 1903 жылдың 3 сәуірінде Ш.Қосшы­ғұлов оның бұйрығымен тұтқынға алынып, түрмеге қамалғандығын да мәлімдеген. Болған жай туралы Ақмола облысы­ның әскери губернаторы дереу дала губернаторына телеграф соғып, Көкшетау оязының бастығына мынандай нұсқау берген: «Тез арада Көкшетаудағы мешіт жанынан заңсыз ашылған интернатты жауып, ондағы оқушыларды таратып жіберу, молла Таласовтың үстінен жансыз бақылау жасау қажет». Кейіннен генерал-губернатор Семей облысының әс­кери губернаторына Ш.Қос­шы­ғұловтың Шыңғыс­тау болысының тұрғыны Ибра­гим Құнанбаевқа жазған екі хаты туралы тексеріс ұйым­дастыруды тапсырды. Әс­кери губернатор генерал-ма­­- й­ор Галкиннің тапсыруымен Семей уезінің бастығы Нав­род­­ский істің мән-жайын тек­се­ріп анықтауға Абай ауылына өзі келген. Архивте уезд бас­ты­ғының мәліметі сақталған екен, онда ол былай деп жазған: «Қыстау мен кигіз үйді тексеру барысында Құнанбаевтың аты­на жазылған хаттар табыл­ды. Ол хат­тарды Шыңғыс болысы Рызық­пай Құдайбердиевке берген­дігін, хат тінту кезінде болыс­тың бешпетінің қалтасынан табылғандығын, бұл хаттардың Құнанбаевтың басқадай хаттарына қосып тігілгенін хабарлайды. Абай тек өз қандастарының ара­сында ғана зор құрметке ие болып қоймағанын бұл жерде баса айта кетуіміз керек. Абай­ды орыс әкімшілігі мен интел­лигенциясы зор құр­мет тұтып, сыйлағанын Се­мей губернаторының 1903 ж. 30 қыркүйекте Дала губер­наторына жазған хатынан бай­қауға болады. «Сіздің, жо­ғары мәртебелім, осы жыл­ғы 1-ші қыркүйегіндегі №12 ұсы­нысыңызға байланысты баян­дайтыным: Шыңғыс бо­лысы­ның қырғызы Ибрагим Құнанбаев 60 жаста (шын­дығында 59 жас­та – Қ.Ә.), салыстырмалы түрде үлкен дәулетке ие – 1000-ға жуық жылқысы, 2 мың қойы бар. Құнанбаев өте сауатты, бі­лім­ді адам, ол екі рет үш жыл­­дан би, үш рет үш жылдан Шың­­ғыс болысының билеушісі бол­д­ы. Сонан соң үкіметтің тағай­ындауымен 3 жыл Мұқыр болыс­ының басшысы қыз­метін атқарды. Қызметте Құнанбаев өзін ақылды бас­шы ретінде көрсет­ті. Құнанбаевтың бар­лық бала­лары­ның орысша сауаты бар. Оның орыс әдебиетінен хабары мол, үнемі кітап, газет, журналдар жаздырып алып оқиды. Кезінде бұратана ха­лық­тың арасында зор беделге ие болған көрінеді. Қазіргі кез­де қартаюына байланысты пар­тияаралық тартыстарға ара­л­аспайды, бірақ та кеңес сұрап келетіндер әлі де көп…». Хатының соңын губернатор былай аяқтайды: «Құнанбаев саяси тұрғыдан ешқандай қауіп­­ті емес, оған толық сенуге болады». Құжатқа бас штабтың генерал-майоры Галкиннің қолы қойылған. Православие шіркеуінің басқа дін­дер­­ден, ағым­дар­дан басымдылығын, ар­тық­­шы­лығын тілге тиек ете отырып, Троицкий мұсылман дінінің қызметіне шектеулі түрде ғана заңға сәйкес рұқсат беру керек дейді. Ояз бастығының ұсыныс­та­рын толық мақұлдаған дала ге­не­рал-губернаторы ішкі іс­­тер министрлігінің атына «Қосш­ы­­- ғұлов пен Таласовты Дала өлкесінен аластату жә­не қазақтар арасындағы сенім­­сіздік тудыратын адамдарды үнемі қадағалау үшін 155 сом жіберуді» өтініп, хат жолдайды. Тиісті орындардың жауабы көп күт­тір­­ген жоқ. Ішкі істер ми­нистрлігінің 1903 жылғы 17 шілдедегі арнаулы мә­жілісі молла Таласов пен қамауда отыр­ған оның көмекшісі Қосшы­ғұловқа «өкіметтің қаулыларына қазақтарды қарсы қоюшылар» деп баға берді. Ішкі істер министрі қол қойған бұл қаулыда былай делінген: «Аталған екі адам Шығыс Сібірге жер аударылып, Иркутск генерал-губернаторының қарамағына жіберілсін. Қосшығұловқа – 5 жыл, Таласовқа – 3 жыл мерзім кесілсін. Шешім 1903 жылдың 12 маусымынан күшіне енсін». Халық арасында кең танымал Науан Хазіреттің жер аудар­ылуы қазақ арасын­дағы жағдайды одан әрі шиеле­ністірді, ашу-ызасын тудырды. Нақақтан-нақақ жала жабылып итжеккенге кеткен хазірет­ті босатып алу туралы ел арасында пе­тиция­ға қол жинау қозғалысы басталды. Осы орайда Әлихан Бөкейханов былай деп жазды: «Егер үкіметтің са­налы түрде қазақ халқын орыс оқу-ағартуынан қасақана бөліп тастап, панисламизм құш­ағ­ына құлата салғысы келсе, есімі елге мәшһүр Науан Хазіретті қудалаудан артық ешт­е­- ңе де ойлап таппас еді». Аталмыш дін қайраткерлерінің пиғылында не орыс халқына, не христан дініне деген қарсы көзқарас болған жоқ. Наурызбай Таласов пен Шаймерден Қосшығұловты азат ету туралы ми­нистр­лікке дейін өтініш жазған қазақ қауы­мы өкілдерінің петиция­ларын дәлелдейтін куә­лік­тер мұрағатта бар. Осы қоз­ғалысқа белсене ат салысушының бі­рі – кезінде Әлих­ан Бөкей­хан­ұлымен Омбы техни­калық учи­лищесінде бірге оқыған Мәмбетәлі Сердалин болатын. Жер аударылған жер­лес аға­ларын қамаудан босатуды көз­деген Мәмбетәлі мыңдаған адам­дардың қолдарын қой­ды­рып, Петербург қаласына өзі аттанады. Петербургте Мәм­бетәлі арқылы бүкіл жай­ға толық қаныққан Әлихан барлық байланыстары мен таныстары арқылы мини­стрліктің табалдырығын тоздырып, Науан Хазірет пен Шаймерден Қосшығұловтың мерзімінен бұрын бостан­дыққа шығуына қол жеткізеді. Бұл шешім 1905 жылдың наурыз айында қабылданды. Ішкі істер министрі қол қойған генерал-губернатордың талабында мынадай үзінділер бар: «Егерде қоғамдық тәртіп пен мемлекеттік қауіпсіздік тәртібін бұзатын болса, бірден жер аударылсын». Айдаудан келген соң Науан Хазірет Көкшетау қаласындағы мешіттің имамы қызметін жалғастыра отырып, жастарға білім-тәрбие беру жұмысын да қайыра қолға алады. Сол тұста Науан Хазіреттің бастауымен халық қаражатына жаңа мешіт тұрғызылады. Бірақ та ол кейін кеңес өкіметі орнағасын тәркіленіп, әртүрлі қажеттілікке пайдаланылады да, 30-шы жылдары мұнда тарихи-өлкетану мұражайы жайғастырылады. Тек еліміздің тәуелсіздікке қолы жетіп, имандылыққа бет бұрғаннан кейін бұл ғимарат Науан Хазірет атымен өзінің ерекше құзыр-парызында пайдалануға берілді. Көкшетауда күз басында ай сәулелі жаңа мешіт ашылды. Оған жамағат Науан Хазірет атын берді. Қадыржан ӘБУОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері КӨКШЕТАУ