Ақтөбеге келген Парламент Мәжілісі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Глеб Щегельский бастаған бір топ депутаттар «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің жобасын талқылау мақсатында көшпелі отырыс өткізді. Оған облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық мамандырылған табиғат қорғау прокуратурасының, жергілікті қаржы және құқық қорғау органдарының, көмірсутекті шикізатты және қатты пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы көптеген жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өкілдері қатысты.
Отырысты жүргізіп отырған Парламент Мәжілісі Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитететінің төрағасы Глеб Щегельский депутаттар тобының түске дейін қаланың экологиясына әсер ететін ірі кәсіпорын «Қазхром» АҚ қарасты жаңа ферроқорытпа зауытында, кәріз – тазарту стансасында, тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында болғандарын, оларда қол жеткен табыстармен бірге проблемалар да бар екенін атап өтті. Көшпелі отырыс өткізу үшін Ақтөбенің бекерге таңдалмағанын тілге тиек ете келіп, бұл өңірдің минералды шикізатқа, соның ішінде мұнай мен газға, қара және түсті металға, хромға бай екеніне назар аударды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көшпелі отырысқа қатысушыларды құттықтап сөз сөйлеп, өңірдің экологиялық қауіпсіздігін сақтау бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқтала кетті.
– Біздің өңір үшін экология мәселесі өте маңызды. Жер асты қазба байлықтарын игерудің экологияға әсері де көп болары сөзсіз. Биыл экологиялық бағдарламаларды жүзеге асыруға 1100 миллион теңге бөлінді. Қатты қалдықтарды сұрыптау зауытын және жаңа кәріздік тазарту стансасын салуды қолға алдық. Сондай-ақ, қатты қалдықтар полигонының маңын көгалдандыру мақсатында 103 мың түп көшет отырғызылды. Алауға жағылатын газдың 93 пайызы өңделеді, таяудағы үш жылда бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді, –деді өңір басшысы.
Инвестиция және даму вице-министрі Тимур Тоқтыбаев «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдаланушылар туралы» кодекс жобасының ерекшеліктері мен тиімділігіне айрықша тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуде инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасайды.
Көшпелі отырыста сөз алған энергетика вице-министрі Әсет Мағауов кодекс жобасындағы жер қойнауын игеруге инвестиция тарту, инвесторларларға қаралған салық мәселесі туралы таратып айтып берді. Бұрынғы бес түрлі төлемнен гөрі жалдық ставка белгіленгені тиімді деген ой айтты.
Содан кейін олар Парламент Мәжілісі депутаттарының және көшпелі отырысқа қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, көшпелі отырысқа қатысушылардың кодексті қабылдау барысында назар аудару қажет деген ұсыныстарын қаперге алды.
Өңірдің экологиялық жағдайы туралы облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов хабарлама жасады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы