01 Қараша, 2016

"Құлыншақ" байқауының жеңімпаздары анықталды

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Білім бастамаларын қолдау қоры» «ҚазАльянс» қоғамдық бірлестігінің Ұлыбританиядағы өкілдігінің қатысуымен балабақша және бастауыш сынып балаларына арналған І «Құлыншақ» тақпақтар сайысының қорытындысын жариялады. Бұл туралы жоба авторы, журналист Рахат Жақсыбай өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды. Байқаудың негізгі мақсаты – балалардың тіліне лайықталған мемлекеттік тілдегі өлең-тақпақтардың санын көбейту және балалар тақырыбына жазатын ақындар мен жанашырлардың ынтасын арттыру. 2016 жылдың 22 тамызында басталған байқауға авторлар тарапынан жалпы саны 400-ге жуық шығарма жіберілді. Тақырыптар мен шығармалар санына шек қойылмады.  Шараның нәтижесі мен жеңімпаздардың есімі бүгін «Құлыншақ» байқауының жеңімпаздарын жариялау» онлайн шарасында аталды.
"Әрбір жобаға жеке қызығушылықпен келеміз. Ұлыбритания елінде білім алып жатқандықтан, ағылшын тіліндегі ресурстарға көз сала жүресің. Астанада бастаған шарамыздың қорытындысын оқу жағдайына байланысты Лондоннан жариялауға тура келіп тұр. Мәселен, ағылшын мектептерінде балаларға оқуға не жаттауға берілген тапсырмаларды сапалы әрі балаларға қызықты формада онлайн табуға болады. Бұл жағынан бізде қазақ тіліндегі материалдарды, үйрету, оқыту контентін табу оңай емес. Сондықтан, алғашқы қадамды, осы саланың жалпы тынысын сезіну үшін балаларға арналған тақпақтардан бастадық. Әдеттегі байқаулар сияқты, байқау жариялап, жеңімпаздарды анықтап қана қойғымыз келмейді. Қазір шамасы келген ата-ананың балаларының қолында смартфон не планшет жүреді, тиісінше, біз де қазақ тіліндегі өнімді бүгінгі буынның қолындағы дүниесіне салып беруіміз керек. Жұмыс та осы бағытта жалғасын табатын болады. Байқау қатысушылары қаржылық марапат үшін қатысты деп ойламаймын. Балалар тақырыбына үлес қоса беріңіздер, жүлделеріңіз құтты болсын!», - деді Рахат Жақсыбай. Жүлдегерлердің есімдері: Ынталандыру сыйлығы: Сәкен Болысов, Гүлнар Тәңірбергенқызы мен Алма Сайлауқызы ІІІ орын және 20 000 теңге қаржылай марапат: Мира Сембайқызы, Бекарыстан Нұрланұлы және Ұларбек Нұрғалымұлы ІІ орын және 40 000 теңге қаржылай марапат: Серікбол Хасан және Сара Тоқтамыс І орын және 50 000 теңге қаржылай марапат: Сағадат Сағидоллақызы Бас жүлде және 75 000 теңге қаржылай марапат: Қуат Ахетов