Кеше Алматыда өзінің президенттіктен үміткерлігін қолдау жөніндегі Қазақстан Патриоттары партиясының сайлауалды штабында Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Ғани Қасымовтың саяси тұғырнамасы көпшілікке жария етіліп, таныстырылды.
Ғ.Қасымов әуелі өз кандидатурасын республика президенттігіне ұсынып отырған Қазақстанның Патриоттар партиясы соңғы 12 жылда бірде-бір рет халықтың үміті мен арманын алдамағанын атап өтті. Одан әрі өткен заманның даналарының бірінің: «Тақ үшін күрес – ел үшін бұрын жасалмаған жақсылықтарды жасауға мүмкіндік беретін іс», деген қанатты сөзін еске сала келе, еліміздің қазіргі кезеңдегі даму стратегиясының тұғырнамасын баяндап берді.
Үміткер саяси жүйені жаңартудың маңыздылығына тоқталды. Осы президенттік сайлауға 9 саяси партияның үшеуі ғана қатысып отырғандығына алаңдаушылық білдірді. Сөйтіп, өзі президент бола қалған жағдайда жүзеге асыратын ұстанымдарын жүйелеп айтты. Соның ішінде, ресми тіркелген барлық саяси партиялар Парламентке енетін болады деп сендірді. Партиялардың Парламентке өтуіне 7 пайыздық тосқауыл заңмен төмендетілмек.
Одан әрі Ғ.Қасымов заң шығарушы билік тармақтарына да өзгеріс енгізу қажеттігіне тоқталды. Бұл орайда Президент пен Парламент арасындағы келіспеушілікті жою үшін вице-президент лауазымы енгізіледі, ол автоматты түрде Сенат төрағасы болады, Парламент Үкіметті тағайындайды және шеттетеді, Үкіметтің бюджеттері мен есептерін бекітетін болады деп мәлімдеді. Үміткер атқарушы билік жүйесін әлі де болса жетілдіру қажеттігіне назар аударып, әкімшілік реформалардың жеріне жеткізілмеуін жоямын деп атап көрсетті. Одан әрі ұлттық компаниялар мен холдингтердің, мемлекеттік қорлардың, даму институттарының қызметтеріне толық тексеру жүргізілетіндігін, барлық тексеру жүргізілген компаниялар мен холдингтер мемлекеттік қордан алған қаржыларын бюджетке қайтаратындығын және өздері бәсекелестікке түсетіндігін қадап айтты.
Тұғырнамада шетелдік жұмыс берушілерге қатаң талап қоя отырып, еліміздің индустриялық бағдарламасы жалғасын табатындығы көрсетілген. Сыртқы саясат саласында бұрынғы қабылданған халықаралық міндеттер орындала бермек. Үміткер Астанада осы сала бойынша мамандар даярлайтын мемлекеттік Орталық Азия университетін ашпақ.
Гендерлік саясат та басты мәселе болып қала бермек. Әйелдердің 55 жаста зейнетке шығу құқын қайтару жөнінде де уәде етілді. Экономикалық реформаның ақшалай-қаржы, несие, бюджет, өндірістік және ауылшаруашылық саясаттарына өзгерістер енгізілмек. Негізгі басымдықтар қарапайым халықтың мүддесіне арналады делінді. Құпия жағдайда масқаралықпен жүргізілетін девальвациялауларға арнайы заңдармен тыйым салынатындығы мәлімделді.
Сондай-ақ Ұлттық қордағы қаржылардың пайдаланылуын бақылау, бұл жағдайды Парламенттің құзырына жатқызу, мұнайдан түскен пайданың жартысын білім, медицина, ғылым, инновацияны өркендетуге бағыттау, зейнетақы мен мемлекеттік қызметшілердің жалақысын кемінде 2 есе өсіруге жұмсау ұсынылды. Табиғи ресурстар – халық байлығы, олар қоғам кәдесіне жұмсалуы қажет. Қазақстандық компаниялардың қаржысы Қазақстанның экономикасына жұмыс істеуі тиіс. Сонымен бірге, тұғырнамада жалпы ел бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің нәтижелі дамуына барлық жағдай жасау көзделді. Салық салу жүйесін және салықтық есеп беруді қысқарту бұл орайдағы алғашқы қадам болмақ.
Ғ.Қасымовтың айтуынша, ол мемлекет басына келген жағдайда қазір жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясат түбегейлі өзгеретін болады. Әл-ауқаты төмендер, мүгедектер, зейнеткерлер мен ардагерлер лайықты өмір сүру жағдайларымен және қаржылық төлемдермен қамтамасыз етіледі. Арнайы жәрдемақылар мен зейнетақылар қайтадан қаралады. «Ардагерлер туралы» заң қабылданып, онда соғысқа қатысушыларды коммуналдық төлемдерден босату, қоғамдық көлікте тегін жүру және тегін медициналық жәрдем алу мәселесі қарастырылады.
Одан әрі президенттіктен үміткер: «Жас отбасыларды арзан әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасын, сондай-ақ ұзақ мерзімді 10 жылға арналған, қаражат көзі анықталған мемлекеттік бағдарламасын қабылдаймын. Ұзақ мерзімді жеңілдетілген пайызбен тұрғын үй салу мәселесін қалпына келтіремін. Мемлекеттік құрылыс компаниялары құрылып, әлеуметтік тегін тұрғын үй жаппай салынатын болады. Барлық жеке тұрғын құрылыс салуға тілек білдірушілерге жер телімдерін тегін беру тәжірибесін енгізіп, оларды қымбат емес құрылыс материалдарымен қамтамасыз етеміз», деп мәлім етті.
Сонымен қатар, елдің өңірлерін игерудің жаңа тұжырымдамасы әзірленіп енгізілмек. Шекаралық аумақтарды игеру мақсатында еліміздің азаматтарына шекара маңында жеңілдік несие беру және әлеуметтік шарттар негізінде қайтарымсыз жер телімдерін беру ұсынылды. Ауылдық жерлерде шағын несиелендіру көлемі айтарлықтай ұлғайтылмақ. Өндіріс құралдары бірлескен жекеменшікте болған ұжымдық форматтың қалпына келтірілуі ойластырылмақ. Ауыл тұрғындарын несиелеуді жеңілдету үшін мемлекеттік «ҚазАгроБанк» ашылмақ.
Одан әрі мәдениет, білім беру, ғылым, адамдардың рухани өмірі мемлекеттің басты назарында болуы керектігі зерделенді. Ғ.Қасымов тіл мәселесіне деген өзінің ерекше ілтипатын білдіре келе, еліміздің әрбір тұрғыны үшін қазақ тілін білу қажеттілік болатындай барлық жағдай жасалады, еліміздің барлық азаматтарының мемлекеттік тілді білгендері үшін үш деңгейлі төлемақы жүйесін енгіземін, деді. Президент болған жағдайда өз жарлығымен қазақ тілінің мемлекеттік академиясын құратындығын, сонымен бірге, «Ана тілі» атты мемлекеттік мереке белгіленетінін жария етті. Ел президенттігіне кандидат өз тұғырнамасына «Демократиялы Қазақстан – барлық қазақстандықтар үшін» деген ұлттық идеяны өзек етіп алыпты. «Мен өз бағдарламамды қалай іске асыру керектігін білемін, маған сенім артсаңыздар, барлық көкейкесті проблемаларды шешуге күш-қуатымды аянбай жұмсауға әзірмін», деп түйіндеді ол өз сөзін.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Алматы.