Жақында Қызылордада қол добынан Азияның әйелдер командалары арасындағы бірінші чемпионаты мәреге жетті. Құрлықтың әйелдер лигасы чемпионатына Қазақстаннан – 3, Иран, Өзбекстан және Катар елдерінен бір-бір командадан, барлығы 6 команда қатысты.
Қазанның 26-сінде сөреден шыққан бұл турнирде өткізген 5 ойынды түгел жеңіспен бітірген Қызылорданың «Қайсары» аталмыш жарыстың тарихындағы тұңғыш чемпион атанды. Өзінің бастау алар арнасын 1994 жылы «Сейхун» атты команда болып құрылудан бастаған Сыр бойындағы бас қала клубына жеңісті Ботагөз Бақыт, Феруза Ысқақова, Аида Өмірзақ, Мария Пупченкова, Зарина Чугунова, Виктория Колотинская, Жаннат Әйтенова, Наталья Ильина, Гауһар Молданазарова, Татьяна Давыдова, Томирис Бодан, Ольга Рябова, Мария Гафонова, Элизавета Собина, Алла Чернышкова және Дана Әбілда секілді гандболшылар алып берді. Ұжымды жарысқа бас жаттықтырушы Вячеслав Ким дайындады.
Турнирде екінші орынды Алматының «Алматы», үшінші орынды Алматы облысының «Іле» командалары жеңіп алды.
Жеңімпаз команда мен жүлдегерлер медальдармен және дипломдармен марапатталды. Чемпион атанған ұжымға сонымен бірге автобустың кілті тапсырылды.
Марапаттау рәсіміне Азия гандбол федерациясының вице-президенті Мухаммед Бадер, Қазақстан гандбол федерациясының президенті Гүлнар Тұрлыханова қатысты.
Лаура ШОҢҒАЛОВА
ҚЫЗЫЛОРДА