03 Қараша, 2016

Қазақстан электрмен қамту бойынша рейтингте жоғары көтерілді

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде "Электрмен қамту жүйесіне қосылу" индикаторы бойынша Қазақстан 27 саты көтерілді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасының энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.   «Электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу» индикаторы бойынша Қазақстан өткен жылғы 102-ші орыннан осы жылы рейтингте 75-ші орынға секіріс жасады, яғни бірден 27 сатыға көтерілді. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Әзірбайжан – 105-ші орын, Қырғызстан – 163-ші орын, Украина – 130-шы орын сияқты ТМД елдерін басып озды. Ресей мен Белорусь бұл рейтингте тиісінше 30-шы және 24-ші орын алды. Баяндамада 2015 жылғы 2 маусымнан бастап 2016 жылғы 1 маусымға дейінгі кезеңде жүргізілген реформалар есепке алынған. Осы уақыт аралығында электрмен жабдықтау жүйесіне қосылу бойынша Қазақстандық бизнес үшін жағдайды жақсартатын маңызды реформаларды жүзеге асырды. Осы кезеңде Қазақстанның заңдарына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Атап айтқанда, белгіленген қуаты 200 кВт дейінгі электр қондырғылары бар тұтынушылар үшін электрмен жабдықтау желілеріне қосылу үшін техникалық шарттарды беру мерзімі 14 күннен 5 күнге дейін қысқартылды. Энергия беруші ұйымдармен тұтынушылардың жобалық шешімдерін келісу мерзімі 20 күннен 3 күнге дейін азайтылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарына рұқсат алу қажеттігі алынып тасталды. Енді жобалаушыға мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасына жұмыстың басталуы туралы хабарламаны электрондық түрде жіберу жеткілікті. Бұдан басқа, мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау органынан электр желілеріне қосылуға рұқсат алудың қажеттілігі жойылды.  Электрмен жабдықтаушы ұйыммен электр жабдықтауға шарт жасасудың бір апталық мерзімі үш күнге дейін қысқартылды. Электрмен жабдықтаудың сенімділік көрсеткішінің бекітілген мәнін сақтамағаны үшін  энергия беруші ұйымдардың басшыларына әкімшілік айыппұлды енгізу де тағы бір жаңалық болды. Doing Business халықаралық рейтингісінде Қазақстан Ресей, Бельгия, Италия, Грекия және Люксембург сияқты мемлекеттердің алдына шығып, Жапония мен Румынияның арасына орналасты.