"Самұрық-Қазына" 8 жылда 8 трлн теңге салық төлеген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің есебіне дивидент және басқа да жолмен 716 млрд теңге салған. Бұл туралы "Самұрық-Қазына" ӘАҚ" АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев айтты, деп хабарлайды BNews.kz.
Қор басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, 2013-2013 жылдар аралығында компания шығындарын қысқартып, 150 млрд теңге үнемдепті.
"Осыған дейін бейінді емес активтердің бірде-бірі сатылған жоқ еді. Барлығы жиналып келді. Сөйтіп қор құны 12 млрд теңгені құрайтын 530 бейінді емес активті сатты. Тиімділікті арттыруға бағытталған корпоративтік қазынашылық және электронды сатып алу жүйесін енгізу, бейінді емес активтерді сату бастамалары 3 жылда 200 млрд теңгеден астам пайда әкелді», - деді басқарма төрағасы.
Естеріңізге сала кетсек, "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры" АҚ 2008 жылы құрылған. Ол ұлттық экономиканы жаңғырту және әртараптандыру мақсатында ашылған болатын. Қор осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізуде. Яғни, үдемелі индустриялды инновациялық бағдарламаға қатыса отырып, жобаларды жүзеге асырады. Сонымен қатар негізгі ірі мемлекеттік бағдарламаларды орындайды. Мысалы, жаңа индустриалды саясая аясында 26 млрд доллар тұратын 11 жобаны жүзеге асырады. Ал "Нұрлы жол" бағдарламасына 2 млрд долларға бағаланған 7 жоба кірді.