04 Қараша, 2016

Жол – экономиканың күретамыры

570 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
dadamurzaev-batyr-tursynovich-kazavtАлматы облысы аумағында соңғы екі жылда автокөлік жолдары жедел жөнделіп, ауылдар арасындағы қарым-қатынас жиілей түсті. Сонымен қатар, автокөлік жолдарының бойлары да қайнаған еңбектің көзіне айналды. Мемлекеттік бағдарлама аясында жөнделіп жатқан қалааралық және халықаралық жолдар тағы бар. Міне, осы жол мәселесіне орай «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Алматы облыстық филиалының басшысы­ Батыр ДАДАМҰРЗАЕВПЕН салада атқарылып жатқан жұмыс барысы және жол сапасы туралы әңгімелескен едік. – Батыр Тұрсынбайұлы, Жетісу жерінде жол қатынасын жақсарту жұмысы қалай жү­руде? – Бүгінгі күннің талабы – сапалы жол салу. Бұл еңбек жылдар бойы екшеленіп, баға­ланатыны белгілі. Сондық­тан­ жауапкершілік жүгі ауыр. Елі­­­міз­дегі ең ірі мегополис – Алматы қаласынан шы­ғы­сы­­мен тақтайдай тегіс болып та­рам­далатын Жетісу жолдары адамның алпыс екі тамыры іспетті міндетін соңғы жылдары мінсіз атқаруда. Ауылдар ара­сындағы жолдар жаңарған са­йын халық қуануда. Әсіресе, түр­­лі маркадағы авто­көліктер иеле­­рінің көңілі шат. Сол елдің қуан­ышын естіп, көрген сайын біз жауапкершілік жүгін ауырлатып, жол салушылар міндетін күшейтудеміз. Жалпы, Алматы облы­сы аумағында республикалық негіз­дегі авто­көл­ік жолының ұзын­­дығы – 2535 шақырым. Оның ішін­­де цементпен бетон­дал­­ға­ны – 72 шақырым, асфальтпен жа­был­ғаны – 1195, қара жол – 1214, қиыршық тас төселгені – 54 шақырым. Сондай-ақ 215 көпір және су өткізетін құ­быр­­­лар салынған. Ал­маты – Өскемен, Сарқан – Алматы – Қорғас автокөлік жол­дары ағымдағы жөндеуге, Райым­бек ауданындағы Жа­ла­ңаш – Саты жолы күрделі жөн­деуге жатады. Ағымдағы жылдың тоғыз айында Алматы – Талдықорған автокөлік жолының 112 шақы­рымына, нақтылай түс­сем, Алматы – Қапшағай қала­ла­ры аралығындағы 32 шақы­ры­мын жөндеуге 10,8 млрд теңге бөлініп, «Найза-Құры­лыс» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі жұмысты атқар­са, Алма­ты – Өскемен күре жолы­ның 149-180-ші шақырымдарына 1,7 млрд теңге, 180-213-ші шақы­рымдарын жөндеуге 4,7 млрд теңге бөлініп, осы жұ­мыс­тарды «К-Дорстрой» АҚ атқарды. Бұл деректерді айтып отырған себебім, қала­лар­ды жалғайтын жолдарды бел­гіленген уақытта бір фирма толығымен жөндеп үлгере алмай­тындықтан талапқа сай тендер өткізіліп, жеңімпазға жауапкершілік жүктелетіндігі болып отыр. – Мемлекеттік бағдар­ла­малар аясында атқарып жат­­қан жұмыстарыңызды толық­тыра түссеңіз. – Елбасы Нұрсұлтан­ Назар­ба­ев ­ «Нұрлы­­ жол – бо­ла­шаққа бастар жол» атты Қазақ­стан халқына арнаған Жол­дауы­нда «Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асы­ру қажет» деп нақ­тылап, рес­публикамыздағы негізгі жолдарды анықтап әрі тізбелеп те бергені мәлім. Мемлекет басшысы анықтап берген автокөлік жолдарының бірі Алматы – Өскемен автомагистралі бойы­н­да еңбек етудеміз. Шыны керек, біздің уақытымыздың басым бөлігі кеңседе емес жолдардың бойында өтеді. Күре жолдарды салу, жөндеу жұмыстарын та­лап­­қа сай тендерге қатысып ұтып алған фирмалар атқарған жұ­мыс­тың сапасын тексеру кәсі­би шеберлікті қажет етеді. Әсі­ресе, екі заңды тұлға салған жол­дардың түйісер тұстары асықпай, мұқият тек­­­се­­ріледі. Рас, сырт көзге ерен­сіздеу болар, бірақ сол жол­мен автокөліктер үлкен жыл­дамдықпен еш кедергісіз зулай беруі керек. Сондықтан біздің негізгі ұстанымымыз сапа болып қала береді. Негізі жол қадірін жүрген біледі деп өте дұрыс айтылған. Осыдан бірер жыл бұрын Алматы – Тал­ды­қор­ған арасындағы күрежолда кібіртіктеген көліктер бүгінде жүйткіп жүр. Бұл жол қатынасын жақсарту арқылы өркениетке ұмты­лудың бір қада­мы болып табылады. «Нұрлы жол» мем­ле­кет­­тік бағдарламасы аясында­ «Рес­пуб­ликалық деңгей­де­гі авто­көлік жолдарын дамыту» деген салалық бағдарламамыз бойынша Алматы – Талдықорған аралығында 112 шақырым жол жөндеуден өткізілді. Бұл есепті кезеңде атқарылатын барлық жұмыстың 62 пайызы болып саналады. – Сонда жыл аяғына дейін өзге жұмыс жалғаса ма? – Әлбетте. Алматы – Талды­қор­ған аралығындағы күре жолда жалпы ұзындығы 94 шақырымға созылған жолда жөндеу жұмыс­та­рын жүргізіп жатқан үш уча­с­кедегі жұмыс аяқталып, өткі­зіледі. Сонымен қатар, Қапшағай – Күрті, Ұзынағаш – Отар аралы­ғында белгіленген учаскелерде жо­ба­лық-зерттеу жұмысы да аяқ­талады. Осы тұста айта кетсем, ат­қа­рылу үстіндегі тағы бір жұ­мы­­сы­мыз жоғарыда аталған бағ­дар­­ламадан тыс, осыған дейін істе­­лініп жатқан жұмыстың жал­ғасы болып саналатын Кеген – Нарынқол автожолының бой­ын­­­дағы құбырларды ағым­­да­ғы жөндеуден өткізу   биыл аяқ­­талады. Мұнда 22-400 ша­қы­рымдар бойынша­ істел­і­нетін жұмысқа 1,34 млн теңге бө­лінген. Алматы – Өске­мен авто­көлік жолындағы кө­­пір­­лерді орта деңгейде жөн­деу­ден өткізуге 4,1 млн теңге қа­ра­с­тырылғаны өз алдына. Тіз­белей берсем, атқарылып жатқан да, атқарылатын да жұмыс жет­кі­лікті. Ең басты ұстаным – сол жұ­мысты сапалы істеу. Сондықтан Жетісу жол­дары халықаралық талапқа сай жасалуда деп те айтуға негіз бар. Бұған қоса жолдарды кесіп өте­тін үлкенді-кішілі өзендер арна­лары мұқият зерттеліп ұзақ уақытқа шыдайтын көпірлер салуға да көңіл аударылады. Тіп­ті, бір кездері су аққанымен бү­гін­де кеуіп қалған арналар да назардан тыс қалмайды. Өйткені, табиғи арналардан ерте ме, кеш пе қайтадан су ағуы әбден мүмкін. Облыс аумағы арқылы өтетін жолдарды қайта салу, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жалғаса береді. Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» ТАЛДЫҚОРҒАН