Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында XIX «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің ашылуы өтті. Шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.
– «Шабыт» фестивалі елордамызбен, елімізбен бірге дамып, өсіп келеді. Бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген жас дарындар жиналады. «Шабыт» ұлы өнер әлеміне жол ашады. Қаламызда ерекше шығармашылық атмосфера орнайды, Мемлекет басшысының зор қолдауының арқасында фестиваль аясында өнерпаздарымыз елордамыздың ең үздік сахналарында өнер көрсетеді, – деп атап өтті Е.Аманшаев фестивальдің салтанатты ашылуында.
Концерттің шымылдығын «Шабыт-2015-тің» жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Президенті кубогының иегері, «Классикалық музыка, скрипка» Гран-приінің иегері Мақсат Жүсіпов, сондай-ақ «Шабыт-2010-ның» жеңімпазы Айбек Аширматов ашты. Сонымен қатар, қазақстандық эстрада өнерпаздары Гүлнұр Оразымбетова, Әли Оқапов, Қайрат Баекенов және «Формат» тобы өнер көрсетті. Бұл өнерпаздар да өнердегі жолдарын «Шабыт» фестивалінен бастаған болатын. Фестивальдің алдыңғы қатысушыларының жетістіктері биылғы байқауға қатысуға ниет білдірген жастарды жігерлендіреді.
Биылғы байқауда қазылар алқасы 644 жас дарынның өнерін сарапқа салуда. «Шабыт» фестивалі алты аталым бойынша өтеді: «Бейнелеу өнері», «Хореография», «Халық музыкасы», «Үздік әдеби шығарма», «Классикалық музыка» және «Эстрадалық вокал». Үміткерлердің көбі «Бейнелеу өнерінде» бағын сынамақ, бұл аталымға 192 өтініш түсіпті. Ал «Хореография» аталымына – 154, «Халық музыкасы» – 134, «Үздік әдеби шығарма» аталымына – 45, «Классикалық музыка» аталымына – 77, «Эстрадалық вокал» 42 өтініш қабылданған.
Қазылар алқасының құрамына әлемнің 15 мемлекетінен, соның ішінде АҚШ, Италия, Израиль, Македония, Мексика, Армения, Қытай, Түркия, Татарстан, Қырғызстан, Украина, Грузия, Моңғолия елдерінен беделді сыншы-өнертанушылар енді.
XIX «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі 8 қарашаға дейін жалғасады. Осы ретте Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Классикалық музыка» және «Халық музыкасы» аталымдарында тыңдаулар өтеді, «Эстрадалық вокал» аталымындағы конкурсанттар Конгресс-холда өнер көрсетеді, сондай-ақ, «Хореография» аталымы бойынша би ұжымдары «Жастар» театрында, «Бейнелеу өнері» аталымы бойынша жұмыстар көрмесі «Жастар» сарайында көрсетіледі.
Ал кеше кешкісін «Үздік әдеби шығарма» аталымы бойынша жас ақындардың есімі анықталды. Сонымен, Бас жүлдені астаналық ақын Ербол Алшынбай иеленді. 1-орын маңғыстаулық Асылбек Жаңбырбайға, 2-орын астаналық Айдана Сегізбаеваға, 3-орын семейлік Медет Божанға бұйырды.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан»