05 Қараша, 2016

Суықтөбе сұңқары

587 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
naksbekОл екеуміз бір ауылдың түлегі едік. Ауыл болғанда да асқар Алатаудың сілемдерін жалғап жатқан әйгілі Суықтөбенің бауырындағы Жоғарғы және Төменгі Қастек атанған екі артельден құралып, басында «Талап» колхозы, кейіннен осы өңірде «Амангелді» киносының түсірілуіне орай Амангелді атындағы қой совхозы атанған ауылдың төл перзенттері болатынбыз. Тілеулес осы елге ісмерлігімен аты мәлім, атақты қолөнер шебері Нұрқожа Түргенбайұлының шәкірті, ағаш ұстасы Нақысбек ақсақалдың немересі, шаруашылықтағы қой фермасының бастығы Әліке Нақысбекұлы Ыдырысбековтің баласы. Олар ұл-қызы аралас жеті-сегіз ағайынды болатын. Тілеулесті, неге екенін қай­дам, бәріміз – Тікен дейтінбіз. Бәл­кім, бұл жаздыгүні қысқа етіп бастырылатын қайратты қара шашы ешбір тараққа көнбей тікірейіп тұратындықтан жеңгелерінің қойған жанама аты болар. Оған мән беріп жатқан кім бар. Әңгіме оның ешкімге есесін жібермейтін бірбеткей қайсар мінезінде ғой. Ол ешкімге кеудесін бастырмайтын, әрі әділетті болатын, қараулыққа төзбейтін. Ауыл-үйдің арасы болған соң әркім өз үйінің әздегі емес пе, әлімжеттік жасағысы келіп, қит етсе төбелесе кететін тен­тек­терді қалай екенін қай­дам, демде жуасытатын. Оған көнбесе тура жекпе-жекке шақыратын. Көбінде жеңетін де, кейде айласын асырғандардан жеңілетін. Бірақ ешкімге барып шағымданбайтын, әділетсіздікке жол бермейтін. Шамасы жетсін-жет­песін ықпай қасарысып тұрып алатын, ешкімнің ырқына көнбейтін. Сондықтан да, оның тобына ілесетін балалардың қарасы қашанда басым болатын. Ал ауылдың атаманы атанған Нұрлатайдың қасынан табылатын Болыс пен Өміржан, Ақылбектердің өзі оларға анда-санда болмаса көп соқтықпайтын. Келе қалса мін­детті түрде төбелес бас­та­латын. Топ басында шашы тіке­нектей тікірейіп Тілеулес-Ті­кен тұратын. Көз алдай бере қол­ға түскен нәрселерімен бай­қатпай ұрып жығып кетпесе, әдетте олар міндетті түрде жеңі­ліс тауып жататын. Балалық шақ­тың бал күндерін сағына еске ал­ғанда Тілеулес Әлікеұлы Нақысбековтің топ бастаған ба­ла сардар сияқты тұрқы менің көз алдыма дәл сол қалпында келе қалады. Кейіннен Тілеулестің отбасы  басқа жаққа қоныс аударды. Біз де мектеп жасына келген соң ата-аналарымыздың талап-тілегі бойынша Алматы қаласындағы шопан балалары үшін ашылған №9 мектеп-интернатының оқу­шысы болып шыға келдік те, жолымыз екі айырылды. Тілеулестің де осындағы мектеп-интернатта оқығанын кейін естідім. Тілеулес­ті танитындардың қай-­қайсы­сымен пікірлессең де, оның ер жігітке тән ақыл-парасатын, жан тазалығын, өршіл мінезін сағынышпен еске алатындығын айқын аңғарасың. Өйткені, оның өткен өмір жолы өрелі де, өнегелі істерге толы еді. Ол қай ортада болмасын өзін кәсіпқой маман, білікті басшы ретінде әр қырынан көрсете білген тұлғалы азаматтардың бірі және бірегейі болатын. Ол жайында ой толғаған ұлық ұстазы, заң ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің сот билігі және қылмыстық процесс кафедрасының меңгерушісі Кәлимолла Халиков өзінің «Қазақы тәрбиенің қасиеті» атты естелігінде былай дейді: – Ол кезде мен заң факультеті де­ка­нының оқу ісі жөніндегі орын­басары едім. Студенттердің жа­тақханасын қадағалау маған жүктелгендіктен кейде түннің бір уағына дейін солардың ортасында боламын. Әрбірінің бөлмесіне кіріп, жақын танысу дағдым болып кеткен. Сондай күндердің бірінде Тілеулестер тұратын бөлмеге де бас сұқтым. Бір байқағаным, едендері таза, іші жып-жинақы екен. Ортаға ұлттық нақышпен өрнектелген алаша төсеп қойыпты. Кірген­нен-ақ төр жақтағы кереуеттің тұсында кеудесіне әскери наградаларын таққан Ұлы Отан соғысы ардагерінің суреті көзіме оттай басылды. – Бұл кісі кім? – деп сұрап едім. Арықша келген, сұңғақ бойлы, қараторы жігіт: – Менің әкем, – деді жігерлі үнмен. – Айналайын, менің әкем де сол сұм соғыстың құрбаны болған адам. Сондықтан, соғыста бол­ған жандарды ерекше сый­лай­тын­дардың біреуімін. Әкесі­нің су­ретін бөлмесіне іліп қойып құр­­мет­теген студентті бірінші рет көріп тұрмын. Осының үшін са­ған рахмет. Азамат екенсің. Неге десең әкең­ді құрметтегенің, ол өзіңнің бола­шағыңды құрмет­тегенің. Екіншіден, мына бірге оқып жүрген жолдастарыңа үлгі-өнеге көрсеткенің. Егер  осы жолдан таймасаң, түбінде сенен үлкен азамат шығады, – деген едім. Содан кейін Тілеулесті біртүрлі іш тартып жақсы көріп ке­ттім. Ол өте жақсы оқыды. Сондай зерек еді, бірден қағып алатын. Содан Тілеулеспен 7 жылдан кейін, Батыс Қазақстан облыс­тық сотының төрағасының орынбасары болып қызмет істеп жүргенінде жолықтым. Мұндай жауапты қызметке екінің бірі 32 жасында тағайындала бермейді. Сол жылы бір жағдаймен Орал­дан 260 шақырым жердегі «Новая Казанка» деген ауыл­ға­ баруым керек болды. Келетінімді естіген Тілеулес алдымнан шығып күтіп алғанымен қой­май, бір жолдасының машинасы­мен мені сол 260 шақырым жер­ге өзі бірге апарып салып, бір кесе шәй ішіп, «ертеңгі жұмы­сымнан қалып қоймайын», деп түнделетіп кері қайтып кетті. Бұл дегеніңіз, екінің бірінің ға­на қолынан келетін құрмет емес пе?! Сонысымен бірге, Тілеулес өз кәсібін жетік меңгерген таза кәсіпқой заңгер еді. Ол жөнінде әруақытта және әр түрлі адамдардан да естіп жүрдім. Батыс Қазақстан облыстық сотында, республикалық әскери сотта іс­те­­ген қызметін айт­па­ғанның өзін­­де ол кейінгі жылдары Алматы қалалық сотының Қыл­мыс­тық істер жөніндегі алқа­сын бас­қарды. Миллионнан астам тұр­ғыны бар бұл қала аса ірі саяси және экономикалық, өндіріс­тік құрылымдар шоғыр­лан­ған орталық ретінде жаңа­дан қалыптаса бастаған жас мем­ле­кетіміздің бет­пердесі іспетті еді. Тілеулес өзіне тапсырылған мін­деттің жүгін айқын сезінді және абыроймен атқара білді, – дейді білікті заңгер, ардагер ұс­таз Кәлимолла Халиков. Иә, басқаша болуы мүмкін емес те еді. Өйткені, Тілеулестің отба­сында алған тәлім-тәрбиесі со­лай болатын. Оның әкесі Әліке ауылымызда ең бірінші болып Заң инс­ти­тутын бітірген адам. Жамбыл облысының Қордай ауданында про­курор болып істеді. Бүкіл ел сый­лап, құрмет тұтатын. Әділдікті айтуға келгенде алдына жан салмайтын, тура тіліп түсетін. Кейін жасы ұлғайған шақта қартайған әке-шешесінің жағдайымен елге қайтып келіп, партия ұйымының хатшысы, қолхоз қой фермасының бастығы, санақ комиссиясының төрағасы болып істеді. Жастарды жиып алып небір үлгі-өнеге аларлық әңгімелерді айтатын, жұрт ұйып тыңдайтын. Атасы Нақысбек те жасынан ұсталықты кәсіп етіп, ауылдың алғашқы мектебін, имандылық ордасы – мешіт үйін өз қолымен салып, құрметке бөленген елдің ең бір көшелі де қадірменді қариясы болатын. Осындай ортада тәлім алған Тілеулестің басқаша болып қалыптасуына ешбір негіз де жоқ еді. Мен білетін, мен жақсы көре­тін Тілеулес осындай азамат еді. Сол қалпында жадымызда жатталып та қалды. Рухың пейіштің төрінде шалқысын, Тілеулес бауырым! Манарбек ІЗБАСАРОВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі АЛМАТЫ