Қазіргі уақыттағы ең маңызды мәселенің бірі – халықты жұмыспен қамту. Ақтөбе облысында бұл мәселеге ерекше мән беріліп отыр. Соның нәтижесінде еңбекпен қамтылғандар қатары артты. Биылдың өзінде облыс бойынша 22 221 адам жаңа жұмысқа орналасты.
– Елбасының тапсырмасына сәйкес, жұмыссыздардың өсуіне жол бермеу үшін барлық мемлекеттік бағдарламаларды пайдалануымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін 10 миллиард теңге қаржы бөлінді. Осы қаржыны барынша тиімді пайдалануымыз қажет, – деді облыс әкімі Б.Сапарбаев «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдар-
ламасының орындалуына байланысты өткізілген жиында.
Облыста «Нұрлы жол», «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Өңірлерді дамыту», «Аумақты дамыту» бағдарламалары аясында 1458 адам еңбекке тартылды. Мұнан бөлек 7124 адам бос жұмыс орындарына орналасты.
Ағымдағы жылы облыста «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасын іске асыруға 9366 млн теңге қаржы бөлінді.
– Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша жүзеге асырылған 350 жобаға 5890 миллион теңге, ал екінші бағытқа 2510 миллион теңге қаржы бөлінді. 913 шаруа 2147 миллион теңге көлемінде шағын несие алып, соның нәтижесінде 770 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, бағдарлама аясында 210 адам кәсіпкерлік бойынша қосымша білім алды. Ал «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасының үшінші бағытын жүзеге асыруға 930,3 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, биыл кәсіби оқытуға 321 адам жіберілді. Оның ішінде 113-і кәсіби оқытуға барса, 208-і қайта даярлау курстарынан өтті, – деді жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров.
Оның айтуынша, бағдарлама аясында 288 адам қоғамдық еңбекке тартылып, 288 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 540 ақтөбелік жастар іс-тәжірибесіне жіберілген. Сонымен қатар, облыста 6118 адамды жұмыспен қамту іс-шарасына жергілікті бюджеттен 764,5 миллион теңге қаржы бөлінген. Әлеуметтік жұмыс орындарына – 1376, жастар тәжірибесіне – 1369, қоғамдық жұмыстарға 7604 адам қабылданған.
Алдағы уақытта халықты жұмыспен қамтуға бағытталған кешен-
ді жоспар аясында жүргізілетін іс-шаралар жалғасын табады. Сондай-ақ, бүгінгі күні еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету іс-шаралары қолға алынып, жұмысшыларын босатуы мүмкін мекемелер мен ұйымдарға апта сайын мониторинг жүргізілуде. Сонымен қатар, еш жерде тіркелмеген жұмыссыздар туралы мәліметтер де жинақталып жатыр.
Айта кету керек, бүгінде облыста әлеуметтік әріптестік жөнінде үшжақты комиссия мен әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін және еңбек дауларын ескертетін облыстық штаб жұмыс істейді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы