1937-38 жылдардағы «Қызыл террор» жылдарында қаншама жазықсыз адамның қаны төгіліп, шейіт болғаны ешқашан ұмытылмайды. Олардың негізгі бөлігі Кеңес өкіметінің кедейді жарылқап, оқытып, үлкен мәдениеттің есігін ашып, адам қылатынына күмәнсіз сенетін. Кешегі көшпелі қазақты отырықшы етіп, отарлық езгіден құтқарып, басқалармен теңгеретініне, өз елінің тізгінін өзіне ұстататынына кәміл болғандықтан, оның ісі мен ұрандарын іске асыруға халқымыздың арда ұлдары, асыл азаматтары белсене кірісті, жан-тәнімен қолғабыс етті. Бірақ соның бәрі еш болды, «пролетариат диктатурасы» дейтін қанды өкіметті орнатушылар барлық көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың бәрін жау қылып, көздерін жойды.
Соның бірі Зияда Әбенов ағамыз еді. 1901 жылы өмірге келген бұл кісінің арғы тегі Ерден Сандыбайұлынан (1808-1862) тарайтын көрінеді. Қазақ даласы Ерден Сандыбайұлының есімін жақсы біледі. Оның ел қорғаған көсем, қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен екендігі туралы ақындар мен жыраулардың аузынан талай деректер қалған. Ұзақ жылдар бойы болыс, оның алдында аға сұлтан болғандығы да мәлім. Орталық Қазақстанның ХІХ ғасырдағы тарихында ол кісінің алатын орны ерекше.
Міне, Зияда – осы кісінің тікелей ұрпағы. Ерденнен Есенкелді, одан Қоржынбай туады. Ал Қоржынбайдың Әбен деген баласынан Зияда өмірге келген. Кеңес өкіметі тек кедейлерді ғана жарылқаймыз деп ұран көтергені белгілі. Зияда Кеңеске сенімді адамдардың қатарында болып, өмірбаянына қарасақ, кәделі қызметтердің басында жүрген. Ата-тегінің мықтылығы, «шынжыр балақ, шұбар төстің» ұрпағы екендігі алдынан шыққан болуы керек, әйтеуір ол, 1937 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық көлік академиясында оқып жүргенде ұсталып, «халық жауы» ретінде атылыпты.
Зияда Әбенұлы өмірге келген Қарағанды облысының Қарсақпай өңірі – қазақтың алғашқы жұмысшы табы қалыптасып, өндіріске мықтап жегілген жерлерінің бірі. Ұлытау өңіріндегі Қарсақпайдың өзі қазақтардың Аша деген қыстағына салынып, үлкен елді мекенге айналғаны мәлім. Осы жерде ағылшындар Қазақстандағы ең алғашқы мыс қорыту зауытын ашып, қызметкерлер мен жұмысшылар үшін 1911 жылдан бастап үйлер тұрғызуды қолға алған. Қала түсе бастаған жерге мәдениет, оқу бірге келеді емес пе, осы маңдағы көшпелі ауылдардан Қарсақпайға көшіп келіп, кен орнына жұмысқа тұрған қазақтардың балалары үшін де сауат ашу орны бой көтереді. Кейін аудан орталығы болып, үлкен кентке айналған Қарсақпайдың тарихы осылай басталған. Қазақ үшін болмаса да, ағылшындар өзіне қажетті сауатты жұмысшы қалыптастыру мақсатымен онда орысша хат танытып, тіл үйрететін орын ашады. Қазақ жұмысшыларының зерек балалары өздерінің орысша сауатын алғаш рет осында ашқан екен. Зияда да соның бірі болады.
Өз қолымен толтырылған өмірбаяндық анкетасына қарағанда Зияда 1919 жылдан бастап, 18 жасынан алдымен милицияға қызметке тұрады. Ол кезде атқа мінген ауыл баласының алғашқы қызметі милициядан басталғаны да заңдылық. Зияда есейген сайын бұл қызметтен өзінің опа таппасын білген болуы керек, талаптанып оқып, басқа қызметке тұруды мақсат етеді. Сөйтіп, губерния орталығы болып саналатын Қызылжар қаласындағы «совпартшколға» қабылданып, сондағы алты айлық курсты бітіреді. Сол кезден бастап кеңестік, партиялық қызметтерде істеп, халқына қайыры тиген азамат атанады.
1927 жылдан қазақ даласында Түркістан мен Сібірді қосқан «Түркісіб» темір жолының құрылысы басталды. Өз заманының ең озық құрылыстарының бірі болған оған бүкіл қазақ даласы елеңдеп, жаңалықтарына құлақ түретін. Барлық ақындар мен жазушылар оны жарнамалауға үндерін қосты, соның ішінде дауылпаз ақын Иса Байзақовтың «Қақ жарып қара тасты оқтай өтіп, Шойын жол ортамызға келді жетіп» деп басталатын тамаша поэмасы да бар. Сібірдегі Барнаул қаласынан бастап тартылған бұл жол Семей, Аягөз, Ақтоғай, Матай, Үштөбе, Сарыөзек стансалары арқылы Алматыға жетті. Одан Шу, Луговой арқылы түстіктегі басты қалаларымыз Тараз, Шымкентті және тағы басқа қалаларды қосты. Барлығы 1442 шақырымға созылған ол КСРО-ның алғашқы бесжылдығының ең ірі құрылыстарының бірі болды.
Осы құрылысқа қазақ даласының озық ойлы ұл-қыздарының бәрі тартылып, жұмысқа алынды. Зияда Әбенов те соның бірі болып, құрылыс басындағы жұмысшылардың мұң-мұқтажын шешу үшін құрылған кәсіподақ жұмысына тартылады.
Ол кезде темір жол салудың барлық жұмыстары қолмен істеледі, Жұмысшылардың қолында күрек, қайла, сүйменнен басқа құрал жоқ. Қыстың қара борандарында, жаздың аптап ыстығында да жұмыс тоқтамай жүргізіле береді. Ал жатын орындары жайсыз, тамақпен қамтамасыз етілуі төмен. Маусымға лайық жұмыс киімдері де берілмейді, жұрт өзінің жұқа лыпасымен қатты аяздарда қалтырап жүре береді. Сондықтан да жұмысшылар арасында ауру-сырқау көп, кейбіреулер кембағал болып, жұмысқа жарамай да қалып жатады.
Зияда сондайлардың аз болуы үшін барын салып, құрылыс басында жаны шырқырап, жүгіріп жүреді. Өкіметтің назарын құрылысқа аударып, жұмысшыларды тамақпен, киіммен қамтамасыз етуді, жататын жерлерін жайлы етуді айтып, дамыл таппайды. Оның еңбегі еленіп, жоғары қызметке тұрғызуды көздеген өкімет 1930 жылы Зияданы Мәскеудегі кәсіподақ басшылары орталық комитетінің алты айлық білім жетілдіру курсына оқуға жібереді. Сөйтіп, Зияда Әбенов елдің астанасы Мәскеуге алғаш рет жол тартады.
Мәскеулік курсты бітіріп, білімін жетілдіріп келген Зияданы жергілікті өкімет енді кәсіподақтағы басшылық қызметтің біріне қояды, ал 1935 жылы ол «Түркісібтің» жол кәсіподағының төрағалығына сайланады. Осы қызметте істеп жүргенде болашағынан үміт күткізетін, ұйымдастырушылық, басқарушылық қабілеті жоғары З.Әбеновті жергілікті өкімет 1937 жылы Мәскеудегі Сталин атындағы Бүкілодақтық көлік академиясына оқуға жібереді. Тегі болашақта Қазақстандағы осы саланың басқарушысы ету мақсатын көздеген болуы керек. Міне, осы оқуда жүргенде артынан қуып барған арызбен ол ұсталып, «халық жауы» ретінде атылғанын жоғарыда айттық.
Бірақ осы жерде Зияда Әбеновтің өмірбаянымен танысқан адам ұға қоймайтын бір кереғарлық бар. «Тұтқындалушының анкетасы» деген құжатта Зияда Әбенұлының тұрғылықты мекені Ленинград қаласы, «Малая посадская» к-сі, 18-22 деп көрсетілген. Мәскеуде оқитын Зияданың тұрғылықты мекені қалайша Ленинград қаласы болып шыққанына таң қалмасқа шараң жоқ.
Осы құжатта оның отбасы жандары да көрсетілген. Олар: әйелі, үш баласы және қарындасы бар екендігі айтылған. Тағы бір қызығы, осы құжатта паспортының Алматыдағы НКВД-ның көлік бөлімінде екендігі көрсетілген.
Осыған қарағанда, ұсталатынын алдын ала білген Зияда қазақтың кейбір арыс азаматтары сияқты Ресейдің орталық қалаларынан баспана іздеген сияқты. Бастарына іс түскенде Қ.Сәтбаев, М.Әуезов және т.б. Ресейден пана іздеген еді ғой. З.Әбенов те сол жолмен Ленинградқа жылыстаған болуы керек. Отбасын сол қалада орналастырып, өзі Мәскеудегі оқуын жалғастыруға келгенде ғана ұсталған тәрізді.
Зияданың зайыбы Ұлбосын Әбсалыққызы ерінің ақталғанын естіп, 1958 жылы 57 жасында өмірден өтеді. 20 жыл бойғы «халық жауының әйелі» деген қорлық оның жанына қатты батып, енді жары ақталғанда қатып қалған жүйкесі домбыраның шегіндей бырт-бырт үзіліп кеткен сияқты...
«Орнында бар оңалар» демекші, аталары туралы ақиқатты білмек болған немерелері Қанат, Зәбирә және тағы басқалары қазір оның тағдырына қатысты барлық құжаттарды жинастырып жүр. Олардың Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінен алдырған анықтамасына қарағанда, Зияда Әбенов 1938 жылдың 10 маусымында ұсталып, «үштіктің» 27 қыркүйектегі үкімімен ату жазасына кесіліпті. Үкім бірден орындалып, Мәскеу облысы Коммунарка деген кенттің түбіне денесі көмілген екен.
Айта кететін жайт, осы Коммунарканың түбінде Кеңес одағының сол жылдарда жазықсыз репрессияға ұшыраған мыңдаған адамдары жатыр, соның ішінде Бухарин, Рыков, Рудзутак, Крестинский және т.б. атақты адамдар да осында қалыпты.
Зияда Әбеновке тағылған айып мынадай: 1934 жылы «Түркісібте» кеңеске қарсы ұлтшыл террористік ұйым құрылып, диверсиялық-қаскүнемдік әрекеттер жасалмақ болыпты. Зияда соған қатысқан-мыс...
1958 жылдың 10 мамырында Жоғарғы соттың Әскери алқасы мұның өтірік екенін анықтап, Зияда Әбеновті толықтай ақтайды.
Міне, қатал заманның қатыгездігіне ұшыраған бір ердің тағдыры осындай. Жазықсыз жапа шегіп, 40-қа жетпеген жасында өмірі қиылмаса, оның халқына тигізер пайдасы көп болар ма еді, кім білсін?..
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»