Тәуелсіздік – тағдырымыз
Егемен қазақ елінің тарихы тағы да бір жасқа есейді. Ерен жетістіктермен аяқталған 2010 жыл жақсы жаңалықтармен жалғасуда. Ал жалпы егемен ел атанғанымызға аманшылық болса 20 жыл толады. Бұл мерзім аз ба, әлде көп пе? Әлбетте, әркімнің қайтарар жауабы да әрқилы болары хақ. Өткен кезеңнің алғашқы жылдарында басымыздан өткізгендерді жасырмай, жетістіктерімізді орынсыз асыра мадақтамай, әдептілік аясында өз пікірімді білдіргенді жөн көрдім.
Тарихи 1991 жыл – ата-бабалардың мыңдаған жыл аңсаған арманы мен ұрпағына тапсырған аманатының іске асқан кезеңі. Сол жылдың желтоқсанында тәуелсіздіктің ақ таңымен киелі қазақ даласының көгілдір аспанында жарқыраған нұрлы күн, самғап ұшқан қыран құс, желбіреген көкбайрақ егемен елдің шаттық қуанышын, алға қойған мұраты мен мақсатын әлемге паш етті. Ұлттық тарихымыз өз тілінде сөйлей бастады, оның әлі де болса бұлбұлдай сайрайтын кезі алда. Басты құндылықтар өзгеріп, тың мақсаттар айқындалып, жаңа талап туындады.
Еркелікті көтере бермейтін қатыгез нарық саясатының талабына бейімделу кімге де болса оңайға түскен жоқ. Оңтайландыру үрдісі белең алған жылдары Талдықорған облысы, Алматы облысының құрамына еніп, сегіз аудан таратылды. Бұл тәуелсіздігіміздің алтыншы, жетінші жылдарында қабылданған шешім еді.
Билік басындағы қайраткерлеріміздің де, бұқара халықтың да ескіден бас тартуы қандай қиын болса, жаңа талапқа сай кәсіпкерлікті дамытып, бүгінгідей сүбелі табысқа кенелу соншалықты күрделі болды. Біздің ел бұл белестен де сүрінбей өтті. Өткен кезеңнің ең өкініштісі – тәрбие жұмысының бастауы балабақшалар мен мәдениет үйлерінің жабылуына көп жерлерде жол берілгендігі. Тіпті, ауылды мекендерде денсаулық сақтау мекемелерінің жабылғанын қиянат деп ұқтық. Тәубе, қазір оларды қайтару мен қалпына келтіру шаралары жүйелі жолға қойылды. Бұл ретте әлемдік стандартқа сай жаңа ғимараттар да тұрғызылуда. Өмірдің тек ескі мен жаңаның күресі ғана емес, өмір мектебі екеніне де көзіміз жетті.
Қазақтың «үмітің үзілмесін» деген қанатты қағидасының құндылығы айналасы 19 жылдың ішінде дәлелденсе, ол елімізде жүргізілген сындарлы саясат пен ел ынтымағының, береке-бірлігінің нәтижесі, еңбек майданындағы отандастарымыздың кәсіпкерлікке, бәсекеге қабілеттілігінің шыңдалғанынан, ұлттық мәдениетіміз, салт-дәстүріміздің артықшылығынан, ұрпақтар сабақтастығының беріктігі мен мықтылығынан десем, артық айтқандық емес.
Мерейленсек, осындай теңдесі жоқ ұлттық құндылықтарымызбен мақтанайық. Ел болып өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына төтеп бердік. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, екі ғасырдың тоғысына тұспа-тұс келген тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туындаған тапшылыққа, қымбатшылыққа қарымта ретінде шыдамдылықтың, төзімділіктің үлгісін көрсеткен дана халқымыздың ортасында жауапты қызмет атқарған күндеріммен марқаятын азаматтар қатарындамын.
Сана-сезім сілкінісінен еңсеміз көтерілді. Соңғы жылдары республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Алматы облысы аймағында, оның ішінде Талдықорған қаласында тұрғызылған ескерткіштер қазақ тарихын, әдебиеті мен мәдениетін насихаттайтын, жастарды елжандылыққа тәрбиелейтін киелі орынға айналғаны да тәуелсіздігіміздің арқасы. Ұлттық рухымыз асқақтап, әдебиет пен мәденит, білім мен ғылым жаңа деңгейге көтерілді. Жыл өткен сайын еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы нығайып, әлемдік деңгейдегі дамыған елдермен тереземіз теңесті, шекарамыз бекіді. Сондықтан да болар, Қазақ елінің пікірімен санасып, өзара екі жақты қарым-қатынас орнатуға мүдделі мемлекеттер саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Ұзағынан болғай.
Кезінде 102 ұлттың өкілі мекендеген Қазақстан халықтар достығының зертханасына теңелсе, енді міне, 140 этнос пен 46 конфессияға ортақ үй болып табылатын еліміздегі этносаралық келісім – бүкіл әлем мойындаған ерекше құбылысқа теңеліп, кеңінен насихатталып отыр. Туған жерінен күшпен жер аударылып, тамырынан айырылған ұлт өкілдері киелі қазақ жерінен пана тауып, кеңқолтық ұлттың қонақжайлылығы, меймандостығы, айрықша бауырмалдығы мен адам сыйлау ізеттілігінің арқасында жатбауырлыққа ұшырамай, ел бірлігінің ажырамас бөлігіне айналуы себепті Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы үлкен абыроймен аяқталды. Бұл әлем тарихындағы елеулі оқиға жаңа еуразиялық қауіпсіздік сәулетін құруда маңызды рөл атқарды. Міне, бұл жәйт осындай қысқа мерзім ішінде әлемнің басқа елдеріне өнеге-үлгі боларлық, әділ билік айтар ел деңгейіне көтерілгенімізді дәлелдеді.
Дүние жүзіне танымал мемлекет қайраткерлерінің еліміздің даму жолына қызығушылық білдіруі де тегін емес. Сын көзбен күдіктене келіп, таңданып та, тамсанып та қайтатындары баршылық. Бұл қазақстандықтарды жігерлендіріп, жаңа белеске еркін көтерілуіне ықпал етіп келеді. Өз тарихын жаспен емес, таспен жазып, озған елдердің қатарына қосылған Қазақ елі әлемдік дағдарысты да еңсере білді. Бәсекеге қабілеттілігіміз шын мәнінде сыналып та, іс жүзінде шыңдалып та үлгерді.
Десек те, әлі де болса көңіл аударатын мәселе баршылық. Ол – шырмауықтай оралған жемқорлық, ол – ортақ қазанның табысынан күн көру әдетінен арыла алмай келе жатқан пенделердің ашкөздігі, әлі де болса сақталып келе жатқан жұмыссыздық. Қанша тырысқанмен, ауыздықтауға шама келе алмай отырған қымбатшылық.
Ашығын айталық, Қазақстанның сонау патша заманынан бастап, Кеңес Одағы кезінде де шикізат өндіруші ел болып келгендігі қаншалықты айқын болса, осы үрдістің қазір де жалғасып келе жатқаны жасырын емес. Әділін айтсақ, кеш те болса озық технологияны игеруге қабілетті мамандарды даярлау шаралары жүйелі жолға қойыла бастағанын сезіп те, біліп те отырмыз. Аманшылық болса, енді бірер жылда жер асты байлығымызды ұлттық мамандарымыз игеріп, ел ырзығына ұқсататыны дау тудырмаса керек. Лайым солай болғай.
«Бірлік түбі – тірлік» деген қағиданы ескере отырып, дау-дамайды қойып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тығырықтан шығу жолын дөп басып, әмсе жеңіске жете білген қазақ ұлты даналықтың үлгісін көрсетіп, әлемдік саясат айдынында да өзіндік ұстанымы мен пікірін тиянақтылықпен танытатын кез де осы кез болса керек. Еділ патша кезінде бір себептермен іргесін бөліп кеткен Уар досына Бұлғақ бабаның алдында:
– Уа, батыр, өкпең орынды. Менің ағаттығым болса, кешіріммен қарағайсың. Мынандай үлкен ұлыста, ұлы қағандықты билеп тұрып қателеспеу қиын. Екі қолым жаудың жағасында болса, екі көзім дау-дамайдың таласында. Сонда өзің ойлашы, екі аяқ қалай қарай жүрмек? Ағат сөйлеп, көңіліңе көлеңке түсірсем, айып менде, – деген екен.
Екеуі бір-бірін түсінісіп, Бұлғақ бабаның ақ батасын алып, күш біріктіріп, талай жеңіске жеткенінен неге сабақ алмасқа. «Ағаласқанға тау көп, жағаласқанға жау көп» дегендей, әлем кеңістігінде жағаласудан пайда тапқан ел жоқ. Алдымызда үлкен мақсаттар тұр. Ертеңгі күнім не болар екен? Келелі істі неден бастауым керек деген сауалдар кімді де болса ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Елдің көбі бір күнім аман өтті, ертеңгі күнім сәтімен басталса екен деп, тәубесін айтып, бала-шағасын қанағатқа шақырады. Елді әмсе елеңдетіп отыратын осы сұраққа күн тұрмақ, сағат сайын мың түрлі жауаптың табылып жатқаны қандай ғанибет десеңші!
Енді алға қойылған міндеттердің асқар биік тау екенін бір кісідей түсініп, орындалуына жұдырықтай жұмылуымыз – бүгінгі күннің қажеттілігі. «Қорыққан қылмыс емес» дегендей, қорықсақ алауыздықтан, сатқындықтан, екіжүзділіктен қорқайық. Бірақ оның өрбуіне жол бермей, ел ынтымағын нығайтсақ, ырысымыздың да, ен байлығымыздың да еселеп өсетіні күмәнсіз. Алдымызда тұрған ұлы міндеттерді орындау – абыройлы да айдынды елге ғана тән қасиет. Ол үшін кең ойлылықпен, терең түсінікпен, адалдықпен біте қайнаса өрбитін сенім мен бірлік деген қасиетті ұғымды қалыптастыру қажет. Сенім бекімей, бірлік нығаймай батылдық та, батырлық та қалыптаспайды.
Заман үнемі алға жылжиды. Оның талабына сай адамның өзгеруі де ақиқат. Қанды жексенбіден басталаған ХХ ғасырдың көрген азабы мен қиыншылығы аз емес. Жетістіктерін жоққа шығару да қиянат. Ендеше, ел тарихына айналған заман алдында әдептілікпен басымызды иіп, нарық әміршілігімен өтетін мына заманның қамын әділдік тұрғысынан шешуге білекті сыбана кіріскен елдің ұтары көп.
Ақ жолмен келген жетістікке қуана білу де, қуанышты бөлісе білу де үлкен парасаттылық пен адамгершілік аясынан арна табар қасиет. Ұрпағына үлкен үмітпен қарап, нық сенім артқан бабаларымыздың аманаты бізге тарих тағылымымен жеткен. Алуан түрлі сынақтан өткен тарих сонысымен құнды. Оның ақ-қарасын айырып таразылай білсек, бірлік пен тірлікте ғұмыр кешсек, әлі де талай асудан асып, талай игілікке жетеріміз хақ. Қоғам діңі сонысымен мықты.
Наурыз ҚЫЛЫШБАЕВ, Алматы облысының құрметті азаматы.Алматы облысы.