Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның кезекті пленарлық отырысында тексерілетін субъектілерге қойылатын талаптар мен рұқсат беруді оңтайландыруға қатысты заң жобалары қаралды. Аталған заңдық құжаттар шағын және орта бизнеске айтарлықтай жеңілдіктер жасауды көздейді.
Алдымен депутаттар Парламент Мәжілісі мақұлдаған күн тәртібіндегі «Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Ол бойынша Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев қысқаша баяндама жасады. Артынан қосымша баяндама жасаған Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Хусаин Валиев түсінік бере кетті. Заң жобасы қызметкердің денсаулығына келтірілген зиянды өтеу мақсатын көздейді. Тарқатып айтқанда, келтірілген зиян үшін жауапты деп танылған жұмыс беруші кәсібі мен біліктілігі дәл сондай қызметкердің орташа жалақысының мөлшерін ұлғайтқан кезде жоғалтқан табысын (кірісін) өтеу сомаларын қайта есептеу қарастырылады. Бұдан басқа банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі капиталдандырылған төлемдерді алған қызметкерлерге жасын шектемей мемлекеттің ай сайынғы төлемдерді жүзеге асыруы көрініс тапқан. Денсаулығына зиян келтірілуіне және зардап шегушінің қайтыс болуына байланысты тұтыну бағалар индексіне пропорционалды түрде тағайындалған, жоғалтқан табысын (кірісін) өтеу сомаларын индекстеу жөніндегі нормаларды белгілеу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу де ұсынылды. Сенаторлар аталған заңдық құжатты бірінші оқылымда мақұлдай отырып, күн тәртібіне қайта енгізу арқылы екінші оқылымда қабылдады.
Рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін заң жобасы бойынша баяндаманы Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова жасады. Белгілі болғанындай, барлық рұқсат беру құжаттары айтарлықтай қысқаратыны қарастырылып отыр екен.
Лицензиялау бойынша қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы субъектілерінің аясын азайту да назардан тыс қалмаған. Бұрындары лицензия алу үшін алты мемлекеттік органға бару керек болса, енді бір мемлекеттік органнан лицензия алуға жағдай жасалмақ. Ұсынылған құжаттарды тексеру 2-5 күн ішінде жүзеге асатын болады, жетіспеген құжат бойынша хабарлау да міндеттеліп отыр. Әрбір ресми құжатты нотариалдық куәландыру да қажет деп табылмайды. Ол үшін тек түпнұсқа мен нотариалдық куәландырылған құжат көрсетілсе болғаны. Лицензиялаудың ортақ мерзімі де 1 айдан 15 күнге дейін қысқармақ. Жалпы, заң жобасымен 54 заңнамалық актіге, оның ішінде 5 кодекс пен 49 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Заң жобасы бойынша сенаторлар Светлана Жалмағамбетова мен Еділбай Иманқұлов және Бауыржан Мұхамеджанов өз пікірлерін білдіріп, сұрақтарын қойды. Сөйтіп, заңдық құжат бірінші оқылымда мақұлданды.
Уәкілетті мемлекеттік органдар мен Үкіметтің тексерілетін субъектілерге қойылатын талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдау құзыреттерін қайта қарау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі заң жобасы бірінші оқылымда бірауыздан қолдау тауып, мақұлданды. Заң жобасымен бизнеске қойылатын талаптарды заңдық тұрғыдан Президент Жарлығы мен Үкімет қаулысы деңгейінде белгілеу көзделген. Осыған орай тексерілетін субъектілерге қойылатын талаптарды белгілейтін нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау мемлекеттік органдар құзыретінен алынып отыр. Жеке және заңды тұлғалар қызметіне еліміз заңдарымен, Президент жарлықтарымен, Үкімет қаулыларымен талаптар белгілеу барлық мүдделі тұлғаларға ақпараттық-құқықтық ресурстар, оның ішінде интернет-ресурстар арқылы нормативтік құқықтық актілерге еркін қол жеткізуге жол ашады деп күтілуде. Жалпы саны 5 кодекс пен 42 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланған.
Сондай-ақ, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне норма шығармашылық қызметті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да қолдау тапты. Аталған заңдық құжаттың қабылдануы екі палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісу комиссиясының ұсыныстары арқылы жүзеге асқанын айта кету керек.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.