Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасы болып табылатын, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің бас басылымында жарияланған «Ұлы Дала ұлағаттары» деп аталатын жаңа еңбегінің әсіресе төртінші бөлімін шетелдегі қазақ диаспорасы ерекше ықыласпен қабылдауда. Оның «Қиырдан келсе қандастар» деген тақырыппен жарияланған бөлігінде Қазақстанның сырттағы ағайынның көші-қонына қатысты саясаты жан-жақты безбенделеді. Тіпті, оны тұжырымдама деп қабылдауға болады. Өйткені, онда әлемнің әр шалғайында тарыдай шашыраған қандастарымызды елге оралтудың маңызы мен мәні және оның мемлекеттің береке-бірлігін бекемдеп, ырысын молайтып, ғұмырын баянды етудегі рөлі толық көрініс тапқан.
Оны парасатты тұлғаның мына бір жүрекжарды сөзінен айқын аңғаруға болады. «...Өз қолымыз өз аузымызға жеткен кезде ең алдымен ойлағанымыз – шетелдерде жүрген ағайынды елге оралтып қуанту, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру болатын. Ұлы көш жалғаса береді. Өйткені, әлемдегі бар қазақ – бір қазақ. Атажұртқа оралудың да күрмеулі мәселесі көп. Оның заңдық-құқықтық, әлеуметтік-қоғамдық түйткілдері бар. Олардың бәрін заман талабына сай толық реттеп отыру үшін уақыт керек, жан-жақты жұмыс қажет. Біз әрбір бауырымызды атамекенін аңсап келген ағайын деп қана қарамай, бір туған бауыр, елге қосылған елеулі қазына деп қабылдаймыз».
Елбасы «шетелдердегі бауырларымыздың өнерін, әдеби мұрасын, халықтық қол өнерін, ата кәсібін дамытуда арнайы жұмыстар жүргізіп келеміз. Бұл – адами капиталды Отанға оралтудың оң қадамдарының бірі. Бұл қадам жаңылмайды, шекара жабылмайды», деп шекара сыртындағы бауырларымызға қатысты пікірінде өз ұстанымын ғана емес бұл әрдайым мемлекет саясатының да басым бағыты болып қала беретініне сендіріп отыр.
Қазақстан Президенті Тәуелсіздікті жариялаған алғашқы күндерден-ақ 1992 жылғы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын өткізуге дайындықтың рухани жоспарын бастап кеткенін бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Сондықтан алдағы жылы Астанада өз жалғасын табатын Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайынан күтер үміт көп. Онда қол жеткен жетістіктер сараланып, оны әрі қарай еселей түсудің жолдары мен әдістері талқыға салынады деп жоспарлануда.
Талғат МАМАШЕВ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары
АЛМАТЫ
Ұрпақ тәрбиесінің ұстындары
Шынын айту керек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Дала ұлағаттары» атты жазбалары өте тартымды. Оқыған адам бірден қабылдайды. Өзім де «Егемен Қазақстан» газетінің әр нөмірін қолға алған сайын бірден Елбасының жазбаларына көз жүгіртіп, бас алмай оқып жүрдім. «Біз бүгінде, қит етсе тәрбиешілер мен мұғалімдерді, отбасы мен ортаны, одан асып қоғамды кінәлауға бейімделіп барамыз. Тегінде, тәрбие мәселесін әркім өзінен бастауға тиіс. Демек, әрқайсымыз бүгінгі және болашақ ұрпаққа бағдар беретін пікір-пайымымызды айтып, жеке іс-әрекетімізбен үлгі-өнеге көрсетуіміз керек. Сонда ғана жұртымыз жаһанданудың жұмырына жұтылып кетпей, қазақы қалпымызды, дәнекерлі дәстүр-салтымызды сақтай алады. Сөйтіп, ұлттық болмыс пен рухани құндылықтардан, кісілік пен кішілік қасиеттерден қол үзіп қалмайды» дейді Нұрсұлтан Әбішұлы өз жазбасында. Міне, Елбасы аға буынға, жастарға, зиялы қауымға үлкен үміт артып, зор міндет жүктейді. Көшбасшымыз қай буынды да белсенді, қайратты болуға, шапшаң уақыттың талабына сай болуға үндейді. Рас, қай заманда да ойлы азамат өзінің биік парасатымен, өнегелі тәрбиесімен, қарым-қабілетімен ерекшеленген. Сондықтан да Елбасымыз мемлекетіміздің түп қазығы қазақ халқына үкілі үміт, үлкен жауапкершілік артып, жаңалықтың жаршысы, жанашыры, қозғаушы күші болып, алдыңғы лекте жүр деп отыр. Жаңа патриотизм жалаң сөзбен емес, нақты іспен көрінуі керек. Ол белгілі бір мақсатқа қол жеткізіп, жеңіп шығу арқылы қалыптасады. «Ұлы Дала ұлағаттары» жазбалары сананы оятары сөзсіз. Жас ұрпақ тәрбиесі, отбасы мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Елбасы «Халқымыздың болашағы да, еліміздің көркі де – қыз бала. Олар – қадірлі қазынамыз. Олар – болашақ анамыз. Кең мағынада алып қарасақ, тіпті, ұлт анасы. Ал ананы сыйлаудың ең жоғары адами үлгісін Мұхаммед Пайғамбарымыз айтып кеткенін және өзінің өнегелі ісімен қапысыз дәлелдеп өткенін күллі мұсылман дүниесі жақсы біледі. «Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» дейтініміз де содан» деп ата-бабадан қалған, исі мұсылманның бойына, иманына сіңген тәрбие өнегесін қайта жаңғырту қажеттігін ескертеді. Ұрпақ тәрбиесін ұлттық сипатта қолға алмайынша санасы биік, өрелі ұрпақ тәрбиелеу мүмкін еместігін аңғартады. Меніңше, Елбасы Н. Назарбаевтың ұлттық тәрбиеге байланысты айтқан пікірлері көпшілікке үлкен ой салды деп есептеймін. Кейде мені қазіргі адамдар айналасындағы орын алып жатқан мәселелерге немқұрайлы, жүрдім-бардым қарайтын болған ба деген ой мазалайды. Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен, кейде кейбір жастардың бейәдеп қылықтары қынжылтады. Көпшілік орындарда, көшелерде өзін-өзі ұстай алмайтындықтары ойлантады. Сондықтан жастарды тәрбиелеу жағын мықтап қолға алуымыз керек. Әсіресе, жастар арасында еңбекқорлықты жан-жақты насихаттаған жөн. Еңбектің адамды өсіретінін, барлық жетістіктерге жеткізетінін біздің буын жақсы түсініп өсті. Тегінде қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегенді бекер айтпаған. Бұл – Ұлы Даланың ұлағатты педагогикасы мен дана бабаларымыздың ұрпақ тәрбиесіне мейлінше мән бергенінің айнасы. Сондықтан бүгінгі аға буын өкілдері өмірден алған тәжірибелерін, ерінуді білмейтін еңбекқорлығын, тағы да басқа тамаша қасиеттерін өз ұрпағының бойына жастай егуге ұмтылуы қажет. Бұл орайда «Ұлы Дала ұлағаттары» жастарға ой салып, бағыт-бағдар көрсететіні анық. Масат БЕРІК, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жамбыл облысыАқиқаттың айнасы
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлы Дала ұлағаттары» туындысының қолжазба нұсқасын зор қанағат сезіммен оқып шықтым. Халық арасында «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген дана сөз бар. Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әр кітабында перзенттік парызбен халқына қарата айтатын пайдалы, парасатты ой түйіні тарқатылады. «Ұлы Дала ұлағаттарының» жарияланғанына көп уақыт өте қойған жоқ, әйтсе де әлем таныған тұлғаның ордалы ойына көпшіліктің қызығушылық танытып, пікір білдіріп жатқанын байқап жүрмін. Мысалы, ұлттық дәстүр, оның дінмен байланысы, қазақтың халық әндері туралы пайымын оқып, өнер адамы ретінде ғибраттанып, риза болдым. Халық санасына әбден сіңіп, қағидаға айналып кеткен бұлжымас шындықтың аяқ асты әртүрлі талқыға түсіп, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бағамдау қиынға соғып бара жатқанда, қоғамда орын алған сол сұрақтың соңғы түйінін, анық жауабын Президент айтып жатса, өз басым «ақиқат – осы» деп қабылдаймын. Өйткені, Елбасы еліне арнап айтар сөзді ұзақ ой сүзгісінен, таным таразысынан өткізіп барып, әбден екшелген тұжырым ретінде ұсынады деп ойлаймын. Әрдайым елінің ертеңіне алаңдайтын Президенттің ақиқат сөзді ғана айтатынына сенемін. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында жарық көрген кітабы, дербестікке қол жеткізген ширек ғасыр уақыт аралығындағы жетістігімізді саралап, белес биігінен көз тастай отырып, келешекті кемел көзқарасымен бағдарлауымен құнды деп бағалаймын. Алыптың қуатын халықтан, халықтың қуатын бірліктен көретін еліміз үшін Президентіміздің Тәуелсіздікке қол жеткізген күндерден бергі еңбегін қалай мадақтасақ та, ешкім де артық көріп, сөге қоймас. Роза ӘШІРБЕКОВА, Қазақстанның халық артисі, «Құрмет» орденінің иегері