16 Наурыз, 2011

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы №11-2/13

366 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
2010 жылғы 17 қаңтар №11-2/13 Астана қаласы Биоотын өндірісінің көлемі туралы ақпараттың автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз ететін есептегіш бақылау аспаптарын қолдану қағидасын бекіту туралы «Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 қарашадағы Заңының 6-бабы 11) тармақшасын іске асыру мақсатында, бұйырамын: 1. Қоса беріліп отырған Биоотын өндірісінің көлемі туралы ақпараттың автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз ететін есептегіш бақылау аспаптарын қолдану қағидасы бекітілсін. 2. Қайта өңдеу өнеркәсібін және аграрлық азық-түлік нарығын дамыту департаменті осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуін және оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін. 3. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Министр А.КҮРІШБАЕВ. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2011 жылғы 17 қаңтардағы №11-2/13 бұйрығымен бекітілген Биоотын өндірісінің көлемі туралы ақпараттың автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз ететін есептегіш бақылау аспаптарын қолдану қағидасы 1. Жалпы ережелер 1. Осы Биоотын өндірісінің көлемі туралы ақ­па­раттың автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз ететін есептегіш бақылау аспаптарын қолдану қағидасы «Биоотын өндірісін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 қарашадағы Заңының 6-бабы 11) тармақшасына сәйкес, сондай-ақ, биоотын өндірісін бақылауды жүзеге асыру мақсатында әзірленді. 2. Биоотынды оның өндірісі кезінде автомат­тан­дырылған түрде есептеудің мақсаты ақпаратты биоотын өндірісі бойынша уәкілетті органға кейіннен бере отырып, өндірілген биоотын көлемін үздіксіз өлшеу және бақылау есебі болып табылады. 3. Биоотын өндірісіне биоотын өндірісі саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) ақпараттың автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз ететін есептегіш бақылау аспаптары (бұдан әрі – есептегіш аспаптар) болған кезде рұқсат етіледі. 4. Есептегіш аспаптар ретінде биоотын өндірісінің көлемдері туралы ақпаратты үздіксіз өлшеуді және қа­шықтықтан беруді, өңдеуді, сақтауды және беруді (ин­дикацияны) жүргізетін арнайы аспаптар қолданылады. 2. Есептегіш аспаптарды қолдану тәртібі 5. Есептегіш аспаптарды орнатуды биоотын өндірісі бойынша технологиялық желілерде биоотын өндіру­шілер жүзеге асырады. Есептегіш аспаптарды орнату кезінде техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның мынадай талаптары орындалады: 1) есептегіш аспаптар түрін бекіту мақсатында сынау рәсімінен немесе метрологиялық аттестаттаудан өтті және оның түрі Қазақстан Республикасы өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізілімінде тіркелді; 2) есептегіш аспаптар «Өлшеу бірліктерін қамта­масыз ету туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 7 маусымдағы Заңына сәйкес тексерілді. 6. Биоотын өндірушілер уәкілетті органға биоотын өндірісінің көлемі туралы ақпараттың үздіксіз автоматтандырылған түрде берілуін қамтамасыз етеді. 7. Есептегіш аспаптардан алынған ақпарат уәкілетті органның биоотын өндірісінің бірыңғай электронды деректер қорына енгізіледі. 8. Есептегіш аспаптары болмаған және (немесе) ақаулы болған жағдайда биоотын өндірісі жүзеге асырылмайды. Есептегіш аспаптар жұмысында ақаулар анықталған жағдайда биоотын өндіруші ақаулығын тапқан күні уәкілетті органға (оның аумақтық бөлімшесіне) тиісті жазбаша мәлімдеме жібереді. 3. Есептегіш аспаптарға қойылатын негізгі талаптар 1. Есептегіш аспаптар мынадай негізгі талаптарға жауап береді: 1) есептегіш аспаптардың көлемдік шығыстарды өлшеуішінің бастапқы түрлендіргіші өлшеу уақытында әрқашан барлық қимасы бойынша толып тұратын, құбыржолдың көлбеу учаскесіне орнатылады. Есептегіш аспаптардың киістірмесі мен дайын биоотынның шығаруын жүзеге асыратын жалғастырушы киістірме арасына құбыржолдың аралық киістірмелі және басқа да ажыртақыштарын орнатуға жол берілмейді; 2) құбыржолдың көлбеу учаскесінде өлшеу кезінде есептегіш аспаптардың көлемдік шығыстарды өл­шеуі­шінің жол берілетін ақаулығы ± 0,5 пайызды құрайды; 3) қысымды резервуарды есептегіш аспаптардың көлемдік шығыстарды өлшеуішімен жалғастыратын құбыржолдың учаскесінде ауа шығаратын торап болуы мүмкін; 4) есептегіш аспаптар жұмысының температуралық режимі 0-ден плюс 40 градус Цельсияға дейін құрайды; 5) зерденің сыйымдылығы өспелі көрсеткішпен болады; 6) есептегіш аспаптар жұмысында кідірістер болған жағдайда сондай-ақ, оларды ауыстыру кезінде, барлық жиналған ақпараттың сақталуын қамтамасыз етеді; 7) рұқсатсыз қол жеткізуден қорғайтын қауіпсіздік жүйесінің бар болуы (код, кілт, пломба, голографиялық жапсырма); 8) кідірістерден және сыртқы әсерлерден қорғаулы болуы (кернеуді қайтарғыш, үздіксіз қоректендіру көзі), ал апатты кідірістер жағдайында электрмен жабдық­таудағы автономды жұмыс істеу ұзақтығы 3 тәуліктен кем емес; 9) есептегіш аспаптарда техникалық паспорт, пайдалану жөніндегі нұсқаулық және сәйкестік сертификаты болады. 10. Көлемдік шығыс өлшегіш (киістірме жалғамалар) орнатылған орынды, ақпаратты өңдеу блогының қал­қанын рұқсатсыз қол жеткізуді болдырмау үшін уәкі­летті орган қызметкері (оның аумақтық бөлімшесінің өкілі) пломбылайды. –––––––––––––––––– Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылғы 1 ақпанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №6760 болып енгізілді.