Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.
Онда ұлттық қауіпсіздік стратегиясы мәселесі, көлік және азық-түлік қауіпсіздігі, жаңа әскери доктринаны әзірлеу, сыртқы саясаттың жаңа тұжырымдамасы, құқық қорғау жүйесін жетілдіру, діни экстремизммен және лаңкестікпен күрес, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері қаралды.
– Бүгін біз Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік стратегиясына қатысты мәселені қарастырамыз. Сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздік стратегиясының орындалу барысын қарастырып, болашақта атқаратын міндеттерді айқындаймыз. Біз ұлттық қауіпсіздік стратегиясын қайта қарастырып, оны уақыттың талабына сәйкес келтіруге тиіспіз. Қауіпсіздік мәселесі – ауқымды және күрделі мәселе. Бұл біздің 2030 жылға дейінгі стратегиямыздың басты бағыттарының бірі. Екіншіден, көлік қауіпсіздігі мәселесін, көлік-транзит саласының дамуын қарастырамыз. Жалпы, экономикалық және әлеуметтік жаңғырту міндеттері, сыртқы саяси мәселе менің биылғы жылғы қаңтардағы Жолдауымда көрініс тапты. Біз 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық бағдарламаның орындалуы жөнінде келешекте атқаратын жұмысты анықтадық және басты міндет ретінде Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруын белгіледік. Сондықтан бұл екі мәселе Қауіпсіздік Кеңесінің бүгінгі отырысындағы күн тәртібінің негізі болады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жалпы алғанда, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының 2010 жылғы орындалу барысына оң баға берді. Кездесетін қауіп-қатерлерді барабар реттеудің оңтайлы тетіктері мен тәсілдерін іздестіру қажеттігі атап өтілді.
Ұлттық қауіпсіздіктің жағдайы мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Марат Тәжин толық баяндап берді.
Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын 2010 жылы іске асырудың едәуір маңызды қорытындыларының ішінде мына мәселелер атап өтілді.
Сыртқы саясатта Қазақстанда ЕҚЫҰ-ның 7-саммитін өткізу ерекше орын алады. «Қауіпсіздік қоғамдастығы жолында» атты Астана декларациясының қабылдануы XXI ғасыр жағдайында «Хельсинки рухына» оралғанымыз туралы куәлік ете алады.
ҰҚШҰ пішінінде дағдарысқа қарсы реттеу тетіктерінің құрылуы оған мүше-мемлекеттердің аумағында ішкі дағдарыстар туындаған жағдайда Ұйымның әлеуетін пайдалануды қарастырады. Осы ретте, көмек көрсету үшін зардап шеккен тараптардың ресми өтініш жасауы міндетті талап болуы тиіс. Бұдан басқа, өткен жылы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының қызмет ету мәселелері, оның ішінде, ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел реттеу күштері мен Ұжымдық бітімгерлік күштері жөніндегі келісімдерге қол жеткізілді.
Кеден одағының іске қосылуы тауарлар, қызмет көрсетулер, капитал мен жұмысшы күштерінің еркін қозғалысын, 170 млн. адам тұрып жатқан аумақта ортақ рынокты құруды қарастыратын Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру жолындағы маңызды қадам болды.
Елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында Қазақстан Президентінің тапсырмасына сәйкес, стратегиялық жоспарлаудың жаңа құжаттары әзірленді, жаңа әскери бөлімдер құрылды, мемлекеттік шекараны одан әрі нығайту жөнінде жұмыстар жүргізілуде, бірқатар ірі әскери жаттығулар, оның ішінде, «Бейбіт миссия-2010» ШЫҰ-ның жаттығуы өтті.
Экономикалық салада Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспары мен 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама іске асырыла бастады. Қазақстанды индустрияландырудың республикалық және өңірлік картасы әзірленді.
Банк-қаржы саласында қаржы тұрақтылығын нығайту жөнінде шаралар қабылданды. Бұл елдің халықаралық қорын ұлғайтуға мүмкіндік туғызды, халықтың банктердегі депозиттер көлемі 15,9 пайызға өсті. Зейнетақы жинақтарының көлемі 2,2 трлн. теңгеге артты.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету аясында өткен жылы құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінде кейбір бағыттарға реформа жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңнаманың қылмыстық құқықты ізгілендіру және декриминализациялау бөлігі қайта пысықталды, балама тергеуге алу қысқартылды, құқық қорғау органдарының құзыреті айқындалды, олардың жекелеген, бейінді емес міндеттері азаматтық ведомствоға немесе бәсекелестік ортаға берілді.
Әкімшілік реформа аясында мемлекеттік қызметшілердің саны 15 пайызға қысқартылды, оның ішінде, күш құрылымдары мен сот органдары қызметкерлері де бар.
Облыстарда қоршаған ортаны қорғауда «Жасыл даму» бағдарламасы іске асырыла бастады, ғимараттарды тазартуды қайта құрылымдау жөнінде жеті өңірлік жоба қолға алынды.
Ұлттық қауіпсіздік саласында Ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданды, салалық бағдарламалар әзірленді.
Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру барысы туралы мәселені талқылауды қорытындылай келе, Мемлекет басшысы елде қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жөніндегі жұмыстың маңыздылығы мен тиімділігін атап өтіп, кездесетін қауіп-қатерлерге назар аударды.
Осыған байланысты Н.Ә.Назарбаев Үкіметке және мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, «Ұлттық қауіпсіздік туралы» Заңның жаңа редакциясын және осы саладағы стратегиялық құжаттарды, ішкі істер органдары туралы жаңа заң әзірлеу, жер қойнауын пайдаланушылар қабылдаған қаржылық міндеттемелердің орындалуына бақылау жасау, атомдық саланы дамыту бағдарламасын әзірлеу, теңіз мұнай операциялары және өзге жағдайлар кезінде техногендік төтенше жағдайлардан сақтап қалу жөнінде шаралар қабылдау.
Отырыс барысында Мемлекет басшысы сондай-ақ Үкіметке ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуге байланысты белгіленген тәртіппен амнистия жасау туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырды.
«Көлік қауіпсіздігінің жағдайы және транзиттік әлеуетті дамыту туралы» мәселені қарау кезінде Президент мемлекет тарапынан көлік секторына және көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өттфі. Бұл мақсатта салалық бағдарламада 2014 жылға дейінгі кезеңге 2,8 трлн. теңге бөлу қарастырылған.
Көліктің тиімді дамуы ел экономикасына, сауданың өсуіне, құрылымдағы көлік шығынының үлесін төмендетуге едәуір ықпал етеді.
Әлемде аумағы бойынша 9-шы орын алатын Қазақстан үшін жүк тасымалы ғана емес, өңірлердің дамуы да, әлеуметтік проблемалардың шешімін табуы да көлікке байланысты.
Осыған байланысты көлік инфрақұрылымын жетілдіру елдің Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі болып саналады.
Көлік және коммуникация министрі Ә.Құсайынов өз баяндамасында ірі көлік жобаларын іске асыру, Қазақстанның көлік тартымдылығын арттыру жөнінде қабылданған шаралар, тасымал қауіпсіздігін қамтамасыз ету нәтижелерін баяндап берді.
Министрдің мәлімдеуінше, соңғы 10 жыл ішінде көлік-коммуникация кешенін дамыту мақсатында 1,4 трлн. теңге игерілген.
Мемлекет басшысының беделінің арқасында, тіпті әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында көлік секторына сомасы 4,2 млрд. АҚШ доллары көлемінде займ тартуға мүмкіндік туды. Хромтау-Алтынсарин, Ақсу-Дегелең, Шар-Өскемен темір жол учаскелері пайдалануға берілді, республикалық және жергілікті деңгейдегі автомобиль жолдарының 39 мың шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді, қалпына келтірілді және жаңадан салынды.
Қазіргі уақытта көлік-коммуникация кешенінің негізгі көрсеткіштерінің көлік бойынша жалпы қосымша құнын 63 пайызға ұлғайтуға бағытталған 58 жоба іске асырылуда.
Республикалық автомобиль жолдарының 85 пайызын және жергілікті желілердің 70 пайызын жақсы және қанағаттанарлық деңгейіне жеткізу, темір жолдар бойынша жүк тасымалының жылдамдығын 15-20 пайызға арттыру, оның ішінде, халықаралық дәліздер бойынша 20-30 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Азаматтық авиацияда 7 ұшу-қону алаңын және 7 терминалды қайта құрылымдау, аэронавигациялық жүйені жетілдіру міндеттері тұр. Ертіс өзеніндегі кеме шлюзі жаңғыртылатын болады, Ақтау теңіз айлағы кеңейтіледі.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын орындау барысында көлік медицинасын дамыту жөнінде жұмыстар ұйымдастырылатын болады.
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында, сарапшылардың бағалауларынша, Еуропа мен Азия арасындағы жыл сайынғы тауар айналымы 400 млрд.-қа дейінгі АҚШ долларын құрайтыны, ал 2015 жылға қарай бұл көрсеткіш 1 трлн. долларға жететіні атап өтілді.
Сондықтан Мемлекет басшысы транзит арқылы түсетін түсімдер бюджеттің табыс бөлігіне айналуы үшін бұл жүк ағыны транзитпен Қазақстан арқылы өтуі үшін жағдай жасау қажеттігіне ерекше назар аударды.
Сонымен қатар, негізгі басымдықтар ретінде Н.Ә.Назарбаев көлік саласын дамытуға және көлік әлеуетіне кедергі келтіретін бюрократтық кедергілерді төмендетуді, заңнаманы жетілдіруді, көлік саласы үшін білікті мамандар даярлауды атады.
Алға қойылған міндеттер тек темір жол, автомобиль, авиация мен су көлігіне ғана қатысты емес. Мұнай мен газ құбырлары магистралының, электр тарату желілерінің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану қажет.
Осыған байланысты Үкіметке және мемлекеттік органдарға Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктеріне ықпал ететін факторлар мен жағдайларға талдау жасау, қажетті шараларды әзірлеу тапсырылды.
Атап айтқанда, көлік қауіпсіздігі, мультимодальдық тасымал, халықаралық тасымал құжаттарын іс жүзіне енгізу, Қазақстанның көлік саласына халықаралық құқықтық режімді енгізу мәселелерін заңнамалық реттеудің елеулі маңызы бар.
Талқылаудың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Үкімет назарын көлік секторындағы орын алған проблемаларды шешу қажеттігіне аударып, жалпы алғанда, көлік саласындағы жағдай Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігіне тікелей ықпал ететінін атап көрсетті.
Отырыс барысында берілген тапсырмалардың орындалуына бақылау жасау Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығына жүктелді.