2016 жылдың соңына таман Токиодан шығатын «Жапония және Еуразия» газетінің редакциясынан хат келген еді. «2017 жылғы газеттің алғашқы санын Астана қаласында өтетін ЭКСПО көрмесі туралы мақаламен ашсақ деген жоспарымыз бар. Халықаралық көрмеге Қазақстанның дайындығы, халықтың аталған шараға деген ықыласы жөнінде мақала даярлап берсеңіз деген тілегіміз бар» деп жазылыпты хатта.
Республиканың әлемдік дәрежедегі беделін айғақтайтын айтулы шара туралы жапон оқырмандары да білсін деген ниетпен ЭКСПО-2017 туралы жазбаққа қуана-қуана келістім. «Жапония-Еуразия» деп аталатын, 1957 жылы құрылған ірі ұйым шығаратын бұл басылым Жапонияның барлық аймағына кеңінен тарайды. Ұйымның Айчи, Ишикава, Осака, Хоккайдо, Киото, Хиросима, Канагава секілді өңірлерде бөлімшелері жұмыс істейді. «Жапония-Еуразия» ұйымының мақсаты Еуразия, Орталық Азия елдерімен Жапонияның мәдени ынтымақтастығын нығайту, еларалық достықты дамыту.
Астанада өтетін ЭКСПО-ны таныстыру мақсатындағы мақаламыз «Жапония және Еуразия» газетінің 2017 жылғы алғашқы санының бірінші бетіне жарияланыпты. Картадағы Қазақстан мен Астанадағы ЭКСПО қалашығының суреті де басылған. «Астана көрмесі. Қазақ еліне қош келдіңіз!» деген арнайы айдар тағылып, «Болашақтың энергиясы: Күн энергиясы, Жел энергиясы» тақырыбымен жарияланған мақалада аталмыш шара туралы барынша мол ақпарат беруге тырыстық. 1997 жылдан бері елорда саналатын Астана жайында сөз қозғадық. ЭКСПО символының мәніне тоқталдық. Жер аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын республиканың экономикалық әлеуеті мен даму қарқынына шолу жасадық. Қазба байлығы мол, жері сияқты пейілі де дархан Қазақ елі Орталық Азия төріндегі Астана шаһарында өтетін көрмеде баршаны ыстық ықыласпен қарсы алу үшін қызу дайындалып жатқанын еске салдық. Мақала «Пейілі кең, дастарқаны мол Қазақстанда сіздерді күтеміз!» деген сөйлеммен аяқталған.
Газеттің осы санында Жапония азаматтарының Қазақстан туралы ой-пікірлері де жарияланған.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
жапонтанушы, журналист
АЛМАТЫ