09 Қаңтар, 2017

Астана вокзалы маңында ақылы тұрақ енгізіледі

307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
2017 жылдың 10 қаңтарынан бастап вокзал маңы аумағындағы тұрақ ақылы болады. «Астана қаласының тұрақ кеңістігін басқару» жобасы шеңберінде енгізілетін ақылы тұрақ жүйесі вокзал маңындағы алаңда көлік құралдарының айналымын 30-40%-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды қала әкімдігі. Сондай-ақ, қоғамдық көлікке сұраныс 15-20%-ға артып, аудандағы жолдар желісіне жүктеме 20-30%-ға азаяды деп күтілуде. Сонымен бірге, ақылы автотұрақ жүйесі жол-көлік оқиғаларының санын 70-80%-ға, ал тұраққа жүктемені 40-50%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Ақылы автотұрақты ұйымдастыру бойынша дайындық жұмыстары аяқталуға жақын.
Автотұрақтың сыйымдылығы 250 көлікке есептелген, соның 9-ы мүмкіндігі шектеулі жүргізушілерге және 20 орын ресми таксомоторлық кәсіпорындардың өкілдеріне арналған.
Алғашқы 30 минут үшін ақы алынбайды, көлікті екі сағатқа дейін қалдыру - 200 теңге, 12 сағатқа дейін - 1000 теңге, 24 сағатқа - 1800 теңге, автотұрақ қызметін екінші тәулік пайдаланғаны үшін 2000 теңге алынады. Сонымен бірге, вокзалдың аумағында 100 орынға арналған баламалы тегін автотұрақ жұмысын жалғастырады.
Автотұраққа көлік құралын орналастыру үшін төлем паркоматтарының көмегімен іске асырылады, олар теміржол вокзалының ескі және жаңа ғимараттарының аумағында орналасқан. Автотұрақ билетін жоғалтқан жағдайда көлік иелері ASTRA Park әкімшілігіне (ескі теміржол вокзалының екінші қабатында) жүгіне алады.
Ақылы тұрақ жүйесі жұмыс істейтін алғашқы уақытта есеп айырысу ақшалай түрде жүргізіліп, кезек-кезеңмен жүйеге онлайн-төлем, банктік картамен және ұялы қосымша арқылы төлем жасау қызметтері енгізіледі.