Қазір уақытша тіркеу туралы көп айтылып жатыр. Біле-білген жанға бұл тіркеудің негізгі мақсаты – бір жерден екінші жерге түрлі себептермен келген адамдардың санын білу. Сол арқылы аймақты дамытудың мемлекеттік және өңірлік бағдарламасын дайындау барысында әр елді мекеннің даму әлеуетін анықтау үшін ондағы азаматтар санын нақты есепке алу болып табылады.
Міне, осы негіздер есептеле келе жұмыс орнын ашу, мектеп, аурухана салу және инженерлік-техникалық инфрақұрылымды дамытуды жоспарлау да жүзеге асады. Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі адамдардың игілігі үшін керекті іс. Ал өркениетті елдер тәжірибесіне қарар болсақ, оларда еңбек өнімділігі де, жаңа жұмыс орындарын табу мүмкіндігі де өте жоғары. Соған сай еңбекақы да төленетіні белгілі. Адамдар тұрмысының деңгейі, әл-ауқатының көрсеткіші еңбекақының мөлшеріне байланысты десек, белгілі бір өңірде қанша адамның нақты жұмыс істейтінін айқындау қажет.
Бұл орайда адамдарды тұратын жері бойынша тіркеудің өзіндік тиімді жақтары барлығы байқалады. Еліміз ішінде бір жаққа бір айдан астам уақытқа сапарлап барған адам, міндетті түрде сол тұратын жері бойынша тіркеуге алынуы тиіс. Мұндай тіркеу – әлем бойынша қалыптасқан үрдіс. Біздің елімізде де тұрғылықты жері бойынша немесе уақытша тұрғын жері бойынша тіркеу заңмен қарастырылған. Оған ел Үкіметінің 1993 жылғы «Қазақстан Республикасындағы паспорт жүйесі туралы ережені», 2000 жылғы «Халықты құжаттандыру ережесін» және 2011 жылғы «Ішкі көші-қонды тіркеу ережесін» мысалға келтіруге болады.
Демек, біздің заң азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеуді көздейтіні анық. Сонымен қатар, мұндай міндет «Көші-қон туралы» Заңда да қарастырылған. Ал тіркелмей тұрып жатқандар үшін әкімшілік жауаптылық та көзделген. Бұл орайда келген азамат тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген болса, онда сол үйдің иесі жауапқа тартылады. Мұндай амал бір пәтерге сансыз адамды тіркей берудің жолын кессе, екіншіден, тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз жүруді тоқтатады. Мұның бәрі де сол жерде тұратын адамдардың бейбіт тұрмысы мен қауіпсіздігі үшін қажет. Әрі бұл арада заңға ешқандай қарама-қайшылық жоқ.
Өйткені, Қазақстанда тіркеу институты 1993 жылы енгізілген. Ол еркін жүріп-тұру құқығын шектемейді, бірақ жаңа тұрғылықты жерге келген азамат өзінің мекенжайы туралы хабарлауы тиіс. Жаңа мекенжайға тіркелу үшін полициядан немесе басқалай органдардан қандай да бір арнайы рұқсат алудың қажеттігі жоқ. Тіпті, тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеумен қатар, уақытша келген жерінде тіркеу де жүзеге асырылады. Уақытша тіркеуге тұру үшін бұрынғы тіркеуде тұрған жерінен шығудың да қажеті жоқ, яғни тұрақты тіркеуі сақталады. Уақытша тіркеу азаматтардың өзі көрсеткен белгілі бір мерзімге ресімделеді, бұл мерзім өткеннен кейін тіркеу автоматты түрде жойылады. Яғни, уақытша тіркеуден шығу үшін ХҚО-ға арнайы барудың қажеті де болмайды.
Адамдар уақытша тіркелмесе, мемлекеттік қызметтерді, медициналық қызмет көрсетулерді, басқалай әлеуметтік игіліктерді пайдалана алмайды. Сондықтан, міндетті түрде тіркелуі тиіс. Ал тіркеусіз жүрген уақыты бір айдан аз болса, құқық бұзушыға ескерту жасалады және тіркеуге тұруға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ, маңызды жаңалықтың бірі – облыстық мәслихаттарға көші-қон үдерістерін реттеу тәртібін бекіту құқығының берілуі. Бұл сол және басқа өңірдегі жағдайға байланысты тұрғылықты мекенжай бойынша жекелеген тіркелу ерекшеліктерін бекітуге мүмкіндік жасамақ.
Сонымен бірге, азаматтарды тіркеу ресімдері барлық жерде барынша қарапайым жүргізіледі. ХҚО-ға жүгінгенде ол 15-20 минут уақыт алады. Ол үшін бұрынғы тұрғылықты мекенжайынан алдын-ала тіркеу есебінен шығудың қажеттілігі болмайды, бұрынғы мекенжайынан тіркеу және шығару автоматты түрде жүргізіледі. Мекенжай ауысқан кезде жаңа құжаттар алудың да қажеттігі жоқ – барлық мәліметтер азаматтардың жеке куәлігіндегі электронды «чипке» енгізіледі.
«Жалпы алғанда, біздің еліміздегі тұрғылықты немесе уақытша мекенжай бойынша тіркеу туралы заң талабына енгізілген өзгерістер азаматтардың мүддесін барынша тиімді қорғауға, сондай-ақ, ішкі көші-қонды бақылауды жақсартуға мүмкіндік береді», дейді Ішкі істер министрлігінің өкілдері.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»