Қаңтар айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы бойынша электр энергиясына тариф 5,5 пайызға өсті.
– Біздің облыс Қазақстан бойынша үш ГЭС-і бар өңір болып саналады, – дейді Семей қаласындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Николай Исаев. – Сондықтан да ақылға салып, ойланып қарасақ, біздегі электр энергиясына деген баға өзге өңірлерге қарағанда арзан болуы керек. Гидроэлектрстансалар ең арзан электр энергиясын өндіреді. Бірақ, Бұқтырма ГЭС-і «Қазцинк» ЖШС-іне берілген. Осы ГЭС ең арзан электр энергиясын өндіреді. Бұл бір, екіншіден, Бұқтырма ГЭС-і Семей өңіріне экономикалық жағынан да, экологиялық жағынан да тиімсіз екендігі рас. Ең көп су тартылады және топыраққа тазартылған заттар қалдығы түседі. Осы ГЭС-тің арқасында, яғни суды көп тартатындықтан Семейде кеме қатынасы тоқтап қалды. Қазір осы ГЭС-ті жекеменшікке алғандар оның электр энергиясының шамалы бөлігін Ресейге сатуда. Ал облыс халқы, Семей тұрғындары жыл сайын қымбаттайтын электр энергиясының ақшасын төлеуге мәжбүр, ал өзімізде ең арзан электр энергиясы бар екендігін ешкім елемейді.
Николай Исаев бұл сөздерін тарифті көтеруге байланысты өткен жиындарда үнемі айтудан жалыққан емес, бірақ аса мән беріп отырған ешкім жоқ. Ал электр қуатының қымбаттауын энергетиктер «КЕGОК» АҚ, ШҚ АЭК сынды ірі мекемелермен байланыстыруда. Мәселен, «КЕGОК» АҚ тарифті өсіруді алдағы бес жылға бекітіп қойған. Бес жыл ішінде шамамен олай-былай өсуі мүмкін деген болжамдар қоғамдық тыңдауға қатысқан тұрғындардың ренішін туғызды. Сондықтан да, егер «КЕGОК» АҚ тарифті көтеруді заңды түрде бекітіп алған болса, «Шығысэнерготрейд» ЖШС тарапынан өткізіліп отырған осы қоғамдық тыңдау босқа уақыт алу дегенді алға тартты. Және жиналғандар депутаттарға сауал жолдап, мәселені заң жүзінде реттеген жөн десті. Сөйтіп, Семей қаласында электр энергиясын сату тарифтеріне арналған қоғамдық тыңдауда Шығыс Қазақстан облысын электр энергиясымен қамтамасыз ететін «Шығысэнерготрейд» ЖШС енді бұл қызметтің құнын 5,51 пайызға арттыратындықтарын айтты. Биылғы жылы жетінші рет өткізіліп отырған қоғамдық тыңдау отырысына «Шығысэнерготрейд» ЖШС директорының орынбасары Мстислав Мартемьянов қатысып, былай деді:
– Электр қуатының тарифін көтеруге мәжбүр болып отырмыз. Өйткені, кәсіпорынның тұрақты жұмыс жасап, әрбір тұрғынға электр қуатын жеткізуі үшін жарық құнын көтеруге тура келіп тұр. Себебі, «КЕGОК» АҚ сынды электр қуатын жеткізуші компаниялар тарифті өсіріп отыр.
Жиында ШҚО бойынша тариф республикадағы ең арзан тариф деген мәселе де айтылды. Бірақ қоғамдық кеңес мүшелері бұл көкейге қонымды емес, халықтың тұрмысын да есепке алу керек дейді.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
журналист
СЕМЕЙ