19 Наурыз, 2011

Ұлысымыз ырысты, ырысы көпке жұғысты болсын!

902 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Әз Наурыз. Ұлыс Нау­­­рыз, ұлыстың ұлы күні атанған ұлық Нау­рыз. Той Наурыз, думан Нау­рыз. Аузымызды аққа толтыр­ған, бір төлімізді екеу, екеуін бесеу қы­лып, қо­рамызды малға, төрі­міз­ді жанға толтыр­ған құт Наурыз, береке Наурыз! Сонау бір алыс ғасыр­ларда той бо­лып, думан болып үрдісімізге айна­лып, әлди­леніп ал­шаң басқанымен, бертін келе қызыл қырғын­ның қармағына ілініп, қаға­жу көріп, жады­мыз­дан өшіріле жаздаған Нау­рыз еді бұл. Тарихты зерттеп, зерделеп жүргендер Нау­рыз соңғы рет 1926 жылы мерекеленді, одан кейін оны тойлауға тыйым салынды дейді ғой. Оның дұ­рыс, бұрыс­ты­ғы­на төрелік айтар ойым жоқ. Бірақ бала күнімде – қырқыншы жыл­дардың соңғы шенінде бастан кешкен мына бір жағдай есте қалыпты. Он жасқа да толмаған шығармын онда. Ба­лалардың сүт кенжесі болған­дық­тан, шешемнің жанынан қалмайтын­мын. Бір жолы көрші әйелдер мен қыз­дарды кірістіріп бас-аяғы бір ғана бөлмелі үккіштей үйіміздің ішкі қа­быр­ғаларын ақтап, еденін жуып, жал­ты­ратып дегендей, шешем өмірі істеп көрмеген шаруа тындырғанын көріп таң қалғаным бар. Онымен де қоймай, кешкісін өзінің үстіндегісін қоса, бар ішкі киімімді шешіп алып жуды да, жіп керіп жайып тас­та­ды. Таңертең тұрғанда түнімен кеуіп қалған киімдерімді киіп алып, жаңа дүние қолыма түскендей масайрай қуанғаным әлі есімде. Одан соң үстіне бар тәуірін киіп, мені қо­лым­нан ұстап ерекше бір көтеріңкі көңілмен қотанға шықты. Өз көзіме өзім сенбей мен келемін. Көше бойы қызылды-жасылды киінген қыз-келіншектер. Менің шешем сияқты егде әйелдер де қалыспай маң-маң басып көшеге шығыпты. Қарсы кездескендері бір-біріне анадайдан бас шұлғып: Наурыз құтты болсын, Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – деген сияқ­ты тілектерін айтып мәз бола қалады. Бала да болсам бұрын мен көрмеген көрініс, мен естімеген сөздер екенін аңдадым. Мәнісін сұрай­мын шешемнен. «Оның реті бар ғой, құлыным, – деп анам шешіліп кетердей мінез аңғартты. – Ертең, Алла нәсіп етсе, Наурыз тойын тойламақпыз. Ел болып, жұрт болып көзге көрсете той­ла­мақ­пыз. Сен әлі баласың ғой, бәрін біле бер­мей­сің. Бұрын біз Наурыз тойын ашық той­ла­майтынбыз. Оған рұқсат бермейтін. Ертең жасырып, бұқпай-ақ тәуір киініп, ән шырқап, би билейтін жастарды бастап көшеге шығып, көрмекпіз. Өз тойларын сырнайлатып, алау­ла­тып, жалаулатып дүрілдете тойлап жата­тын­дар­дан біз кембіз бе, әлде біздің Наурызымыз басқа тойлардан төмен бе! Тойдың бәрі – той. Баяғыда үлкендеріміз Наурыз тойда ат шап­ты­рып, балуан күрестірдік, күміс іліп, теңге ат­тық, қыз қуып, аузынан сүйдік, жұмбақ шешіп біліктілік, тақпақ айтып сөз жарыстырдық, деп отырушы еді. Біз неге сөйтпейміз? Тіпті тап сөйтпеген күннің өзінде де соның рәсімін жасап, жөн-жоба көрсете алсақ, ежелден бар ескі дәстүріміз қайта туып, қайта жаңғырып кетер ме еді, қайтер еді?». Осыны айтып шешем ауыр күрсіне сөзін аяқтады. Сол түні біздің үйдің жермай шамы таң атқанша сөнбей жанып тұрды. Ертерек қисайып, тәтті ұйқыға енсем де анамның түні бойы әлде не шаруа қамдап, шала ұйы­қ­та­ға­нын біліп жаттым... «Наурыз – табиғаттың мейрамы» деп баға­ла­ған екен Алаштың ардақтылары. Осынау сөзді растағандай, ертеңіне күн де жадырай жайнап, табиғат мүлде құлпырып, түрленіп кетті. Бұл күні «Самарқанның көк тасы жібиді» деп жатады ғой. Сол рас шығар. Сары­арқа­ның сары аязы қысып келген арқамыз жа­зылып, шекемізді күн қыз­дыра бас­тады. Мау­жырап масайрай қалған күн райы қа­тыңқы қабақ атаулыны да ашып, әр көңілдің хо­шын келтірді. Қотанға шық­қандардың бә­рі мырза мінез, бірімен бірі бауыр, туыс болып кеткендей. Ж­аңа көр­гендей бірін бірі бауы­рына басады, бетінен сүйе­ді, ыстық құша­ғы­на алады. Неткен шат кө­ңіл, жайсаң жандар де­сеңші. Енді бір сәтте кө­ше­нің ана бір тұ­сы­нан шыр­қай сал­ған ән ес­тілді. Мен қо­лым­нан ұс­тап келе жатқан шешемді солай қарай бейімдедім. Ән естілген соң, өзі де елегізіп келеді екен, ая­ғын тезірек басып, жү­рісін үдете түскендей болды. Ән бастаған ауыл қыздары екен. Күн көзі жадырап, жылуын төгіп тұрған мына Наурыз тойына орай үкілі тақия­ларын киіп, шолпы-моншақ­тарын тағы­нып, желбіреуікті көйлегі жарасып, әркім өз қадір-қасиетіне қарай сән-салтанатын асыра шығып­ты. Ән асқақтап барады. Қы­сыл­май, қым­ты­рыл­май төгіліп жатыр. Толассыз тасқ­ын­да­ған ерке ән талайды тебірентіп, та­лайдың делебесін қоздырды, жастықтың беті қайтпаған бұла күші енді бір сәт дене қимы­лына ұласып, кейбір сылқым қыздар бұрала басып билей жө­не­ліп еді, оған ауыл бозба­ла­лары қосылып одан әрі қыз­дырып әкетті. Сол есіме түскенде бү­гін­гі бір білгіштердің «қазақ­та бұрын би бол­маған» деген далбасасына қалай ызалан­бас­сың. Кең даласы әндетіп тұратын бұл қазақ биді де әннен кем қылмай билеп берген. Ән­мен ашық айтып жеткізе ал­маған тұнық сыр­ларын, құпия ой-арман­дарын, нәп-нәзік көңіл-күй­лерін жастар келісті қи­мылмен, би тілімен білдіретін болған. Қазақта бұрын би болмаса, талайды таң қал­дырып, тамсандырып жүрген анау «Қаражорға» биі қайдан келіпті, аспаннан түсіп пе?! Бір адам емес, тіпті жүз емес, мың емес, сан мың биші қатысып, бір ілкісі, бір ша­шауы жоқ биді бір кісідей бір мінсіз орын­дап береді десең, бұған көзбен көріп, бар жан-тәнімен, бүкіл бол­мы­сымен сезінбеген кісіні сендірудің өзі қиын. Мұндай бірегей қимыл, біртұтас ырғақ, сұлу сазға ұласқан би құдіре­ті­мен ғана тербеліп, би күшімен ғана шешімін табады. Басқа халықтарды білмеймін, ал біздің қазақ үшін ән мен бидің арғы атасы, түп төр­кі­ні біреу ғана. Оның аты – сезім. Кәдімгі ыстық сезім, өзіңді мас, көңілді жас қылатын іңкәр сезім. Сезімге құрылмаған ән де ән болып жарытпайды. Абай айтқандай, «құр айқай» болып шығады. Сезімге құрылмаса би де би болып оңдырмайды, құр тыртаң, одағай секіріске айналып кетеді. Сонау бір алыс жылдарда, менің бала кезімде алғаш тойланған сол Наурыз мерекесі зерек көңіл шешеме осы сияқты ой салды білемін, ол маған сол Ұлыстың ұлы күніне орайластырып көп-көп әңгіме айтып, көп-көп сыр шерткен еді. Шешем сонда әр үйге бас сұғып, арнайы жайылған дастарқаннан дәм татып, ақ тілегін білдірді. Нау­рыз көже ішіліп, Наурыз бата беріліп жатты. Тәт­ті атаулының қазіргідей емес, тапшы кезі ғой. Оның есесіне қойны-қоны­шы­мыз кептірілген құрт-ірімшікке толды. Анам­ның көңілі бір кө­теріліп, төбесі көк­ке жеткендей болып еді. Бі­рақ онысы өзіне жақпады, басы­на пәле болып жа­быса жаздапты. Кешкісін жас­тар жағы бір үйде бас қосып, өз­де­рін­ше ойын ой­нап, менің анаммен тұрғылас егде әйелдер мен ер-азаматтар ауыл мектебіне жи­налып, «ұзын сары­ға» деп сақ­тал­ған сүр еттен жеп, бабы ке­ліс­кен қою шайға ден қояды ғой. Осы маңайдағы үш-төрт ауылға қожа болып шаш ал десе бас алып жүретін Жанай деген бір «қызыл жаға» бар еді. Сол кіріп келіп лаң шы­ға­рып­ты. «Сендер совет за­ңына қар­сы шық­тыңдар, сол үшін Нау­рыз деген бірдеңені ойлап тауып­сың­дар», – деп осында жи­нал­ған­дарды қуып таратып­ты. Әсі­ре­се, «Осының бәрін ұйым­дас­тырған сен», деп ме­нің шешеме көп шүйлігіпті. Ауы­лы­мызда ау­дандық ке­ңес­ке депутат болып сайлан­ған бір белсенді ағамыз бар еді. «Аққа құдай жақ» дегендей, әңгімеге сол араласып, Алла сақ­тапты, әйтеуір. Сөйтіп әз Наурызымыз, ұлыс Наурызымыз, ұлық Наурызымыз бір кезде тұтқынға түсіп, дін мерекесі делініп 60 жыл бойы тұтқын болып келген екен. Бостандық, азаттық, тәуел­сіздік деген ұлы сөздер қоғамды, заман­ды ғана емес, сананы сілкіп, наным-сенімді өз­гер­тері, ақыл-ойды нұрландырары хақ. Асып туған ақын Мағжан Жұмабаев бір кез­де «Қа­зақ­тың Наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейра­мы», – деп қадай, шегелей айтса да, оған ешкім құлақ ас­папты. Қазақстанмен қоса бүкіл Шығыс ха­лықтары тойлайтын Наурызды қазір діни мереке деу күлкілі болып естілер еді. Мағ­жан­ның «тұрмыс мейрамы, шаруашылық мей­рамы» деуі өте дәл айтылған сөз. Наурыз – көк­темнің бірінші айы. Күн көзінің жылуы артып, табиғаттың мейірімі молая түседі. Жер­дің тоңы жібіп, қатқақ кетеді. Диқан қауым бау-бақша баптап, егін егуге дайындала бас­тай­ды. Мал төлдеп, әнші құстардың тынбай сайрайтыны да осы кез. Арғы ата-бабаларымыз наурыз айын жыл басы деп есептеп қандай көрегендік жасаған десеңізші. Әдетте сәтті басталған істің сәтті аяқ­та­лары анық. Жыл да сол сияқты. Қыстың қа­һар­лы күндері артта қалатын наурыз айында бас­талған жылдың да сәтті болары күмән туғыз­байды. Наурыздан соң Ыбырай баба­мыз­ша айт­қа­нда, рахмет туы көтерілетін сәуір тұр. Сәуір­ден кейін мамыражай мамыр тұр. «Ма­мыр» құс балапаны дегенді білдіреді. Екінші мағынасы тоқшылық деген сөз екен. Наурыз айынан кейін рахмет туы көтерілер болса, құс балапанындай мамырлап тоқшы­лық кірсе, одан әрі маусым, шілде болып жалғасып жадыраған жаз тұрса, жақ­сылықты, жақсы күндерді алдан күтіп, ша­руасын тындыра беретін біздің қазақ­қа бұдан артық не керек! Көгілдір көктеміміз Наурыз болып туып, сәуір болып, мамыр болып, мау­сым, шілде, тамыз болып ұласып кететін жаңа жылымыз құтты жыл, ырысты жыл, ырысымыз келешектің көп күндерінің бәріне жұғысты жыл, тоқ жыл, уайым-қайғы жоқ жыл, естен кетпес қызық қуанышы көп жыл болсын! – деп тілейміз. Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ. Алматы.