Бүгінгі таңда айбынды армиямыздың тәуелсіз елімізді, кең байтақ жерімізді, айдын шалқар көлімізді қорғауға толық мүмкіндігі бар. Олай дейтініміз осыдан 19 жыл бұрын тұсауын кескен Қарулы Күштеріміздің қазір бұғанасы бекіп, қанаты қатайды. Оң-солын танып, алыс-жақын шетелдік әріптестерімен бәсекелесе алатын қауқарға жетті. Әрине, мұның бәрі оңайлықпен келмегені белгілі. Соған орай айтарымыз мына мақаламыздың кейіпкері де жаңа заманға бейім жас буын өкілдерінің бірі. Ол келмеске кеткен Кеңес Одағы тарап, Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңы атқан шақта бар жоғы 11 жастағы бозбала болатын. Оның азаматтық тұлғасы да жаңа тәуелсіз елмен бірге қалыптасты. Сол бір жұмбағы көп жауапты кезеңде асық ойнап, доп қуған балаң жас, ел тағдырының қалыптасуы жөніндегі үдерістердің және де саяси оқиғалардың шиеленісті түрде жүріп жатқандығынан бейхабар еді. Кейін ес біліп, етек жиған шақта асқар таудай аға буынның өнегесін көрген орта буыннан көп нәрсе естіп, жадына түйді.
Әсіресе, Елбасының «Қазақстандық жол» шығармасын оқып отырып ол, сол бір әлем жұртшылығын елең еткізген ел тынысының дүбірін көз алдына елестетеді, сол себепті бұл кітап Әскери-теңіз күштерінің барлық офицерлері секілді оның да бағыт берушісіне, ақылшысына айналды. Оның деп отырғанымыз бала кезден Отан қорғаушысы мамандығын таңдап, кейін оны жанына айнымас серік еткен капитан-лейтенант Қ. Умаров.
Бірде Қорғаныс министрлігі делегациясының Кореяға сапары барысында Корея Республикасының Ұлттық қорғаныс министрлігімен қол жеткізген уағдаластықтарға сәйкес әрбірінің су ығыстырғыштығы 150 тонналық кемелер біздің Әскери-теңіз күштеріне берілген болатын. Аталған кемелерді қиыр шығыстан Батыс Қазақстанға дін аман жеткізу көп күшті қажет етті. Сол кездегі теңіздегі алғашқы сапары мен тұңғыш мемлекеттік тапсырманы қалай орындағаны әр текті корабльдер жеке дивизионының командирі капитан-лейтенант Құсайын Алдабергенұлының есінен кетпейді.
– Бәрі де күні кешегідей есімде. Әкелетін кемелер Корея Республикасында тиісті модернизациялаудан өтті. Аталған жобаны іске асыру шеңберінде 30 адам шамасындағы қазақстандық жиынтық экипаж қойылған міндеттерді іс жүзінде пысықтай отырып Корея Республикасында даярлықтан өттік. Оқу қорытындысы бойынша халықаралық стандарттар бойынша сертификаттар алдық. Кемелер мен экипаждың өз күшімен Ақтау қаласына дейін жүзіп өтуін дайындауға Түрік Республикасының Бас штабы үлкен көмек көрсетті. Біздің теңізшілер Гельджук қаласындағы Түркия Әскери-теңіз күштерінің Оқу орталығында қосымша даярлықтан өтті .
Бірінші рангалы капитан Жандарбек Жанзақовтың басшылығымен кеме жасағы Қара және Азов теңіздері, Волга-Дон су жолы арқылы Жерорта теңізінен Каспий теңізіне дейін үш мың теңіз милінен астам жүзіп өтіп, Ақтау портына табан тіреді. Бұл 2006 жылғы 30 мамыр күні жүзеге асты. Демек, бұл күнді Қазақстан Республикасы Әскери-теңіз күштерінің қазіргі заманғы тарихының басталған күні десе де болады. Тапсырманың айта салуға оңай болғанымен іс жүзінде өзіндік қиыншылықтары мен жауапкершілігі мол еді. Бірінші рангалы капитан Жандарбек Жанзақов Владивосток қаласындағы С.О.Макаров атындағы Тынық мұхиты жоғары әскери-теңіз училищесінің түлегі. Тынық мұхиты флотында атом су асты кемесінде қызмет етіп мол тәжірибе жинақтаған әскери маман. Түркия мен Ақтау қаласы аралығында күндіз-түні жүзіп отырдық. Босфордан өтер кезде ауа райы күрт бұзылды. «Шапшаң», «Батыл», «Өжет» кемелерін төңкере жаздаған ақжал толқындардың арыны басылар емес. Алысып келеміз, бір-бірімізден қалыспауға тырысамыз. Бұған дейін өз елімізде алған біліміміз бен шетелдерде жинақтаған тәжірибеміз кәдеге асып, өз нәтижесін берді деуге болады. Бірінші рангалы капитан Жандарбек Жанзақовтың кәсібилігіне шынымен теңіздегі жорықта көз жеткіздік, дейді Құсайын.
Үкімет қамқорлығы арқасында көптеген жас қазақстандықтармен бірге әскери офицерлеріміз де әлемнің ең мықты оқу орындарында білім алу құқына ие болды. Әңгіме етіп отырған кейіпкеріміз де әлемдегі ең беделді деген әскери-теңіз оқу орындарында дәріс алып, ірі әскери базалар мен үлкен кемелерде тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алған азамат. Сөзіміздің дәлелді болуына мына фактілер куә. Ол 2003 – 2006 жылдар аралығында Түркияның Карамусель оқу-жаттығу әскери-теңіз базасында теңізде бітімгерлік операцияларын жүргізу жөнінде дәріс алды, АҚШ-тың Вирджиния штаты Йорктаун қаласында командалық- штабтық курста оқып, Техас штаты Сан-Антонио қаласында тілдік тәжірибесін дамытты. Кореяда кемелерді басқаруды үйреніп, корабль командирінің көмекшісі қызметін атқарды. Бахрейн Корольдігіндегі АҚШ Әскери теңіз күштерінің жауынгерлік кемелерінде тағылымдамадан өтті.
Әскери-теңіз күштері кенже дамыған әскер түрі болса да, бүгінгі таңда көптеген жауапты міндеттерді атқарып келеді. Капитан-лейтенант Құсайын Алдабергенұлы Умаровқа сеніп тапсырылған әр текті дивизионның жеке құрамы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын лайықты қарсы алу жолындағы жауынгерлік сайысқа қосылды. Өткен 2010 жылы алға қойылған тапсырмалар орындалды.
Жауынгерлік әзірлік тапсырмаларын орындаумен қатар, дивизион ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге де белсенді түрде қатысып жүр. Әскери кемелердің кезекті айдынға шығуы кезінде Каспий теңізіндегі қазақстандық сектордың үстіңгі және астыңғы қабаты зерттелуде. Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік мамандарымен бірлесіп топографиялық және теңіз картасын жасау мақсатында теңіз түбі бедерлерін зерттеу шаралары жүзеге асырылуда. Өткен жылы Орал қаласындағы «Зенит» зауытында «Барыс-МО» кемесінің құрылысы басталды. Бұл кеме 2012 жылы Қазақстан Әскери-теңіз күштеріндегі кемелердің қатарын толықтырып, өзінің жауынгерлік жалауын желбіретпек. Үстіміздегі жылы дәл осындай тағы бір кеменің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Оның бір ерекшелігі басқа кемелермен салыстырғанда, қуатты заманауи қару-жарақпен жабдықталатындығында. Сонымен бірге, теңіз тренажерлеріне, кеменің ұзақ мерзімге беріктігін қорғауға арналған оқу-жаттығу станцияларына ие болу мүмкіндігі бар. Аталған іс-шаралар, дивизионның ұрысқа қабілеттілігін едәуір арттыруға себеп болары анық. Әскери-теңіз күштері қатарын толықтыратын жаңа әскери техникаларды меңгеретін кәсіби мамандарды даярлау басты назарда. Мәселен, 2010 жылы Әскери-теңіз базасына жоғары және орта оқу орындарын бітірген 49 маман келіп қосылды. Бүгінгі күні дивизион білімді де білікті теңізшілермен толық қамтамасыз етілді деуге болады
Теңізшілердің жалақысы да тұрақты, соңғы екі жылда елу пайызға өсті. Биылғы жылы тағы да отыз пайызға көтерілмек. Елбасының тікелей тапсырмасына сәйкес, келісім-шарт қызметіндегі әскери қызметшілердің лауазымдық жалақысына қоса біліктілігі үшін үстемақы төленетін болды. Әскери атаққа ыңғайластыру арқылы ақы төлеу енгізілді. Енді әрбір әскери қызметші өзінің кәсібилігін арттыруға, әскери атағы мен лауазымының өсуіне баса назар аударады. Бүгінде Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілердің «әлеуметтік пакеті» ТМД армиялары арасында көш басында екендігі белгілі. Оған Ақтау гарнизоны әскери қызметшілері үшін салынып жатқан 240 пәтерлі екі тұрғын үй мен 160 бөлмелі жатақхана дәлел бола алмақ. Демек, капитан-лейтенант Қ. Умаров жетекшілік ететін дивизионның әскери теңізшілерінің де қоныс тойын тойлайтын күні алыс емес. Ендеше, Батыс шептегі теңіз шекарасы сенімді қолда деп нық сеніммен айтуға болады. «Жауынгерлік ерлігі үшін медалінің» иегері капитан-лейтенант Құсайын Умаров басқаратын әскери теңізшілер Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қойған кез келген тапсырмасын орындауға әзір.
Жүніс ОМАР, полковник.
ӘСКЕРИ-ТЕҢІЗ КҮШТЕРІНІҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТТАРЫ:
* Каспии теңізінің қазақстандық секторында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын, аумақтық тұтастығын, егемендігі мен экономикалық мүдделерін қорғау.
* Агрессордың шапқыншылығына лайықты тойтарыс беру, қарулы қақтығыстарды оқшаулау және алдын алуға ат салысу.
* Порттық аймақты, мұнай табу нысандары орналастырылған жасанды аралдар және платформаларды қоса алғанда сулы аудандарды қорғау және күзету.
* Су асты-диверсиясына қарсы қорғаныс жүргізу.
* Құрлықтағы әскерлердің қимылын теңізден қамтамасыз ету, теңіз десантын түсіруге жағдай жасау, әскерлер мен материалдық құралдарды тасымалдау, теңіз миналарын орналастыру.
* Еліміздің Әуе шабуылына қарсы күрес мүддесінде теңіздегі радиолокациялық бақылауды қоса алғанда барлау қимылдарын жүргізу.
* Халықаралық келісімдерге сәйкес бірлескен қорғаныс бойынша Каспии жағалауы мемлекеттері әскери-теңіз күштерімен бірлескен тапсырмаларды орындау.
* Мұнай құйылған және басқа да азаматтық кемелерді шығарып салу.
* Теңізде жүру қауіпсіздігін навигациялық-гидрографиялық қамтамасыз ету.
* Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі министрлікпен бірлесе теңізде іздестіру-құтқару жұмыстарын іске асыру.
* Қарулы Күштердің бөлімдері мен құрамалары және Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері, әскери құрылымдарымен бірлесе оқу-жаттығу тапсырмаларын орындау.
* ҚР ҚМ Әскери-теңіз институтының базасында әскери-теңіз мамандарын даярлау.
* Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына табиғатты қорғау және бақылау міндеттерін орындау, сондай-ақ теңіздегі апат немесе экологиялық апаттың зардабын жою барысында көмек көрсету.