Осы күндері еліміздің түкпір-түкпірінде азаматтарды тіркеу мәселесіне қатысты құқық қорғаушылар мен заңгер мамандар тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған байланысты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері арасында да арнайы сауалдама өткізілді. Әлеуметтік ғылымдар факультеті деканының студенттермен жұмыс жөніндегі орынбасары Людмила Титихмаева ұсынған деректерге көз жүгіртсек, сауалдамаға қатысқан жастар, ең алдымен, тіркеу туралы мәліметті түрлі әлеуметтік желілер арқылы естіп, білген.
Уақытша және тұрақты тіркеу туралы заң талабына қатысты жеті сұрақтан құралған сауалдамаға университет қабырғасындағы академиялық топтың студенттері қатыстырылған. Атап айтқанда, жастардың 35 пайызы заң туралы ақпаратпен, ата-аналары арқылы құлағдар болса, 5 пайызы таныстары мен достарынан, 5 пайызы түрлі дереккөздер арқылы (пәтер иелері мен учаскелік инспекторлардан) хабардар болған. Соның ішінде, ең маңыздысы әрі ең көбі – 55 пайыз жастар мұндай мәліметтерді әлеуметтік желілерден оқып, танысқаны белгілі болып отыр.
Сондай-ақ, сауалдама барысында кейбір жастар (10 пайыз) тіркелу туралы естіген соң, өз еріктерімен заң жобасына қызығушылық танытып, интернет арқылы тереңірек әрі нақты мәліметтер білуге ынта танытқан. Ал енді осы мәселенің түйінін тарқатуда алдымен кімнің көмегіне жүгінесің деген сауалға, студенттердің 25 пайызы ата-анасына баруды жөн санаса, 45 пайызы куратор мен университеттегі құжаттандыру бөліміне немесе ХҚО-ға мәлімет алу үшін баратындығын айтқан. Қалған 30 пайыздың жартысы бұл жағдайға қатысты мәселені өзі шешетіндігін білдірсе, екінші жартысы тіркеуге қатысты проблема туындамайтындығына сенімді екендігін жеткізіпті.
Сауалдамаға қатысқан студенттердің 85 пайызы тіркеуде тұрғаны анықталған және өзгелері жақын күндері тіркеуге тұруға қамданып жүргені белгілі болған. Соның ішіндегі жастардың 5 пайызында бұл мәселе бойынша белгілі бір деңгейде сұрақ бар екен. Ал енді сол 5 пайыздық мәселені егжей-тегжейлі талқылап, таразылап көрсек. Сұраққа жауап берушілердің бірқатары, уақытша тіркеуге тұру үшін пәтер иелерінің ел аумағында жарты жылға дейін болмайтындығын баяндайды. Сол сияқты, табылған пәтер иелерінің кейбірі студентті уақытша тіркеуге тұрғызғаны үшін төленетін коммуналдық төлемдерден қауіптенетіндігі белгілі болған.
Қалай болғанда да, соңғы күндері жағдайдың жай-жапсарын жөн-жосығымен елге екшеп түсіндіру мақсатында құқық қорғау органдары өкілдері осы бағыт бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Кез келген сауалға халық көп жиналатын қоғамдық орындар мен ХҚО секілді мекемелерде мамандар жауап беруге әзір екендігін де айта кеткеніміз жөн.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»