Тайынша ауданы Ильичевка ауылында майлы дақылдарды қалдықсыз өңдейтiн іргелі кәсiпорынның бірінші кезегі жұмыс істей бастады.
Жылына 300 мың тоннаға дейін өнім өңдей алатын алып кешен Қазақстан–Қытай бірлескен ауқымды жоба шеңберінде бой көтерді. Заманауи өндіріс орнында бірыңғай еуропалық жоғары технологиялық құрылғылар мен жабдықтар орнатылып, екі тараптың ұтымды байланысы, агроөнеркәсіптік кешеннің ұтқыр дамуы барынша ескерілген. Экономикалық, әлеуметтік дағдарыстарды еңсеру жөніндегі мемлекеттік тапсырмалардың ойдағыдай орындалуының арқасында облыстың елді мекендерінде озық бағдарламалар іске қосылды. Мерейлі міндеттер межесінен көрінуде ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қосып отырған үлесі зор. Соның бір мысалына экспортқа бейімделген сапалы өнім шығаратын осы кешенді атауға болады. Шетелдік инвесторлармен бірлесіп тағы бірнеше зауыт салу жоспарланған. Бұл орайда, Сиань мэрімен келісімдер жүргізіліп жатқанын айтқан жөн. Олардың ішінде ет, астық, балық, сүт өңдеу кәсіпорындары бойынша озық жобалар бар. Өңірде индустрияландыру картасына 72,4 миллиард теңгенің 41 жобасы енгізілген.
Президент Қытай Халық Республикасымен бірлесіп елуге жуық жобаны жүзеге асыру арқылы өңдеу саласын дамыту, ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру қажеттілігін атап көрсеткен болатын. «Айцзюй» компаниясы солтүстікқазақстандықтарға үлкен сый жасап, соның нәтижесінде алғашқы инвестиция көлемі 22 миллион долларды құрады. Келешекте оның мөлшері 100 миллион долларға дейін өсірілмек. Компанияның сауда желісі өте ауқымды. Бір мыңнан астам дүкендер желісі жұмыс істейді. Соңғы жылдары Қазақстанның сыртқы нарықтағы белсенді іс-қимылын ескерсек, осында өңделетін рапс, күнбағыс, зығыр өнімдеріне сұраныстың арта түсері даусыз. Биыл бірнеше цех ашылып, қосымша 50 миллион доллар қаражат тартылмақ.
«Тайынша май» ЖШС құрылтайшы Өларының бірі Сәкен Мұхамедиев бізбен әңгімесінде Қытай қаржыгерлерімен қолға алынған бірлескен жоба негізінен экспортқа бағдарланғанын жеткізді. 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 10 мың тонна шикізат сатып алынып, одан 40 пайыз май, 60 пайыз жом алынады. Желілер түгел автоматтандырылған. Инженерлік-техникалық құрам білікті мамандармен толықтырылған. 10 гектар жерде орналасқан кәсіпорынның аумағы алдағы уақытта 50 гектарға дейін кеңейтілмек.
Жаңа Индустрияландыру бағдарламасы аясында пайдалануға берілген кешен күніне 100 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Тайынша ауданы