18 Қаңтар, 2017

Зиянды қалдықтар Семей полигонында көміледі

1111 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
курчатов-балапанСемей полигоны жабылды десек те, оның адам баласы басуға тиіс емес қауіпті алаңдары бар екендігін Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық (ҰЯО) мамандары айтып отыр. Бұл жер енді пайдалануға келмейді дегенмен, ғылыми тұрғыда ол жерді пайдаға асыруға болады екен. Тіпті, мемлекет қазынасының бүйірін толтырады десек, артық емес. Полигонның ең қауіпті тұсына Қазақстандағы кәсіпорындардан шығатын зиянды қалдықтарды әкеліп, көмуге болады. Және бұл қоршаған ортаның жағдайын төмендетуге әкеліп соқпайды, деп сендіреді ҰЯО бас директоры, ғалым Эрлан Батырбеков. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің тарихи Жарлығымен Семей сынақ полигонын жапқаннан кейін бейбіт атомды дамыту, жарылыстар болған жерлерді сауықтыру және әрі қарай да ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу ісі қолға алынған еді. Ол мақсатта Семей ядролық сынақ полигонында 20 жыл бойы күрделі зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Полигон аймағының радиоэкологиялық жайы бүгінде толық зерттелу үстінде Э.Батырбековтің айтуынша, 2016 жылдың соңында Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының ғалымдары арнайы қорытынды жасап ұсынған. Олардың зерттеуі бойынша, күні бүгінге дейін бұрынғы полигон аумағының 50 пайызы зерттелген екен. Зерттеген мамандардың пікіріне сүйенсек, бұрынғы полигон аумағының тұсында пайдалы қазбалар кезіккен. Тіпті, ауыл шаруашылығы жерлеріне жарамды жерлер де бар көрінеді. – Бүгінгі таңда полигонның 50 пайызынан астам жері тексеруден өтті, – деді Э.Батырбеков осыған орай бізбен әңгімесінде. – 2 млн-нан астам шаршы шақырым жерді өлшеп тексеру және 100 мың зертханалық жұмыстар жүргізілді. Тек шамамен  20 шаршы шақырым жер ғана қорда сақталып қалуы тиіс екендігі зерттеулер барысында белгілі болды. Енді осы жерлерге келсек, бұл тұстарда кәсіпорындардан шығатын өндірістік қалдықтарды көмуге лайық арнайы өте көлемді полигон салынғаны жөн. Ең дұрысы полигонды «Балапан» деген жердің бір бөлігіне салған дұрыс. Бұл жерді таңдап алудың бір себебі, «Балапан» алаңында инфрақұрылым бар. Темір жол тартылған. Электр желілерімен қамтылған. Ең бастысы, – зиянды радиациялық, өнеркәсіптік қалдықтарды ұзақ жыл бойы сақтауға болады. Және бұл жерде суға жайылмаудан, өтпеуден сақтайтын топырақ қабаты бар. Топырақ қалдықтарды жер асты суларымен араласып кетуден сақтайды. 2014 жылдың шілдесінен желтоқсанына дейін біз қажеттілігіне орай шұғыл түрде «Казцинк» ЖШС-іне полигонның қалдық төгетін орнын жасап бердік. Бұл – қалдық төгілген алғашқы орын. Э.Батырбековтің айтуынша, ҰЯО мамандары жасап шығарған жаңа технологиялар мен зерттеу тәсілдері бүгінде Қазақстанның ірі кәсіпорындарында радиациялық қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, бүгінде Ертіс химия-металлургия зауытындағы радиациялық қауіпті нысандарды жою және Тоқырау кентіндегі әскери арсеналда орын алған өрттің салдарын залалсыздандыру ісінде ҰЯО мамандарының көмегі айтарлықтай болған. – Семей ядролық сынақ полиго­ны­ның бұрынғы аумағы болашақта Қазақстан экономикасына сүбелі үлес қосуы мүмкін, – дейді Э.Батырбеков. – «Бала­пан» алаңындағы 5000 га жер – елі­міздің түрлі зауыт­тарынан, кәсіп­орындарынан шыққан қалдықтарды көмуге аса қолайлы орын. «Каз­цинк» небәрі 50 га жерді пайдала­нып отыр, яғни бұл барлық пайдала­нуға болатын жердің 1 пайызы ғана. Қалған жер бос жатыр. Қазіргі уақытта ҰЯО кәсіпорын қал­дықтарын төгуді ұйым­дастыру үшін қажетті барлық лицензия­лық рұх­сатнаманы алды. Сөйтіп, біз ірі кә­сіп­орындармен жұмыс істеуге дайынбыз. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист Шығыс Қазақстан облысы, Курчатов қаласы