25 Наурыз, 2011

Сапалы ауыз су – ауылға

1643 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Бүгінде сапалы ауыз су мәселесі әлемдік күрделі проблемалардың біріне айналып отыр. БҰҰ Бас ассам­блеясының өткен жылғы мәліметтері бойынша, қазір дүние жүзінде 889 миллион адам ауыз судан тапшылық көріп отыр. Ал 2,6 миллиард адам су жетіспеушілігіне байланысты зардап шегіп антисанитарлық жағдайда өмір кешуде. Планетамызда барған сайын сапалы тұщы су қоры азайып келеді. Ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігінде кеңінен көсіліп жатқан қазақ  жері де сапалы су көздеріне зәру. Бүгінде Қа­зақстан ТМД мемлекеттерінің ішіндегі су қоры үлесі жағынан соңғы орынды иеленеді. Солай бола тұрса да, тәуелсіздік алған кезеңнен бері елімізде тұрғын­дарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар жү­зеге асырылып, шынайы халықтық мақ­­саттар қолға алынуда. Өткен жы­лы республикамызда елді мекендерді са­па­лы ауыз сумен қамтамасыз ету мақ­сатындағы 2002-2010 жыл­дарға ар­нал­ған салалық «Ауыз су» бағ­дар­ламасы іс жүзіне асырылды. Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамта­ма­сыз ету бойынша 8 жыл бойы жүр­гі­зіл­ген бұл кешенді шаралардың нә­ти­жесінде бірқатар жұмыстар атқа­рыл­ды. 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы аясында қар­жы­лан­дыру­дың барлық көздері бо­йын­ша 195 миллиард теңге қаржы игерілді. Бұл қаржыға еліміздің өңірлерін­де 13 288 шақырым су құбырлары және ауыз сумен жабдықтау жүйелері салынды, қайта құрылды және күр­делі жөндеуден өткізілді. Респуб­лика өңірлеріндегі 3449 ауылдық елді ме­кендердің, оның ішінде, 32 шағын қа­ла­ның сумен қам­тамасыз ету жағ­дайы жақсартылды. Бұл елді мекендерде 5 миллион адам, оның ішінде, 3,5 миллион ауыл тұрғын­дары сапалы суға қол жет­­кізді. Осы жылдар ішінде бұл салаға 48,5 миллион АҚШ доллары және 5,1 миллион еуро мөл­шеріндегі несиелер мен гранттар тартылды. Жалпы алғанда еліміздің елді мекендерінде қауіп­сіз су жүйелерінің ауқым­ды кешені қалыптасты. Микробиологиялық көр­сет­кіштер бойынша ги­гие­налық нормаларға сәй­кес келмейтін су құбыр­ларымен таратылатын су көлемінің мөлшері 2002 жылғы 3,2 пайыздан 2008 жылы 1,7 пайызға дейін, ал санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша 2002 жылғы 7,2 пайыздан 2008 жылы 1,8 пайызға дейін төмен­деді. Осы мерзім ішінде жұмыс істемей қалған су тарату жүйелері 299-дан 209-ға дейін қысқарды. Соңғы жылдары ауыз суды тасып ішетін ауыл-село тұрғын­дары­ның саны да айтарлықтай азайтылды. Атап айтқанда, 2002 жылы елімізде 445,2 мың адам ауыз суды тасымалдап пайдаланатын болса, 2010 жылғы 1 қаңтарда олардың саны 82,9 мың адам­ға дейін азайды. Дегенмен, елімізде сумен қамтама­сыз ету жүйелерін жақсартуды қажет ететін елді мекендер әлі де аз емес. Осыған бай­ланысты республика тұр­ғын­дарын сапалы ауыз сумен қамтама­сыз ету мәселесін түбегейлі шешу мақ­сатында 2011-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарлама қа­был­данды. Биылғы жылғы «Болашақтың іргесін бірге қа­лай­мыз» атты Жолдауда «2020 жылға қарай сумен қамтамасыз етудің орта­лық желісіне қолжетімділік қалаларда 100 пайызды құрауы тиіс. Ал ауылды жерлерде екі есе артып, 80 па­йызға дейін жетуі қажет» деп атап көр­се­тілген. Осы­ған байланысты 2011-2020 жыл­­дарға арналған бағдарламаны іс жүзі­не асыру мақсатында жаңа шешімдер мен тың тетіктерді пайдалану көзделініп отыр. Атап  айтқанда, елді мекендерді са­па­лы сумен жабдықтау үшін су шаруа­шылықтары саласына жеке меншік ин­вес­торларды тарту көзделуде. Ол үшін біріншіден, кейбір сумен жабдық­тау нысан­дары заңдық негізде жеке меншік субъек­тілер иелігіне берілмек. Екіншіден, жергілікті әкімдіктер инвести­ция­лық тартым­ды­лығы бар су канал­дары­ның жұмысы үшін орта мерзімді (1 жыл­дан 5 жылға дейін), ұзақ мерзімді (5 жылдан артық) уа­қытқа арналған тарифтер белгілейді. Үшін­шіден, су пай­даланушылар 100 па­йыз көлемінде жеке есептегіш құралдар­мен қамтама­сыз етіледі. Су шаруашы­лы­ғы сала­сына жеке меншік инвесторларды тарту ауыз суды тиімсіз пайдалануға тос­қауыл қоя­ды, өнімділігі төмен су шы­ғынын тө­мен­детеді, негізгі қорларды жаңғырту­ды қамтамасыз етіп, су пайдалануда есептегіш құралдарды орнату кө­лемін ұлғайтады деп күтілуде. Аталмыш бағдарлама аясында жер­ас­ты суларының әлеуетін барынша кеңінен пайдалану шаралары қарасты­рылған. Бұл ретте елді мекендерге жа­қын жерлерден шығатын жерасты су­ларына басымдық беріледі. Бағдар­лама шеңберінде тұрғын­дар­ды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде жерасты сулары шешуші рөл атқарады. Өйткені, бұл су көздері әрі таза, әрі ластанудан барынша қорғалған. Сондықтан жер­асты суларын анықтауда геологиялық зерттеу жұмыстарын жүр­гізу үшін 2018 жылға дейін жыл сайын 6,2 млрд. теңге қаржы бө­лі­нетін болады. Бүгінгі күнге дейін жерасты су қоры анық­талмаған 3206 селолық елді мекендер ма­ңа­йынан жер ас­ты су қорын іздеу үшін жы­лы­на 400 село­лық елді мекен­нің жанынан геоло­гиялық зерт­теу жұмыс­тары жүр­гізі­ле­тін болады. Бұл елді мекендерді жерасты сулары­мен қамтамасыз ету шаралары 2018 жылы толық аяқ­талу­ға тиіс. Сонымен бірге 63 қала­ның сумен жабдықтау жүйесін жақ­сарту мақ­сатында 194 жер­асты су көздеріне толық зерттеу жұмыстары жүргізі­летін болады. Бағдарлама бойынша жаңа сумен жаб­дықтау нысанда­рын салу алдағы уа­қытта жүйелі негізде қатаң есеппен жүргізіледі. Сумен жаб­дықтау нысан­дарын салу жыл сайын Үкімет бекітетін Бірыңғай ны­сан­дар кестесі бойын­ша жүзеге асырылады. Нысандар құры­лы­сын салу кезінде ба­сымдық берілетін жағдайлар ескеріледі. Сонымен бірге жыл сайын ба­сымдық берілген сумен жабдықтау нысан­дары­ның құрылысына республи­ка­лық және жергілікті бюджеттерден бө­­­­­лі­нетін қар­жы қатаң есеп­ке алы­нып отырады. Жобалау-зерт­теу жұмыс­та­ры да ат­қару­шы органдар тара­пы­нан қатаң ба­қы­лауда болады. Бүгінгі таңда қалалар­дағы су тарату желілерінің 60 пайызы­ның тозығы жеткен. Бағ­дарлама шеңберін­де ауыз су сапасын жақ­сарту үшін тозығы жеткен осы су тарату желілерін жаңарту мәселесі бірінші кезекке қойылып отыр. Республика тұрғындарын өске­лең та­лап­­тарға сай сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақ­сатында 2011-2020 жыл­дар­ға арналған бұл салалық бағ­дарламада бел­гіленген ша­­­ралар то­лық іс жүзіне асы­рылған кезде рес­пуб­ли­ка­мыздың өңірлеріндегі қа­ла және ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қам­та­масыз ету мәселесі түбе­гей­лі шешім табатын болады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.