Көне де жаңа Израиль тарихы тереңде, мыңдаған жылдардың қатпарына көмілген. Оны әркім өзінше аршып алады, оны әркім өзінше түйсінеді, одан әркім өзінше сабақ алады. Сондықтан да мұнда жылдың қай мезгілінде де ағылған жұрт ат нөпір. Сондықтан да осы кішігірім шағын елде 60 қорық пен қорғалатын аймақ бар, ал жан басына шаққанда әлемдегі мұражайы ең көп ел де осы.
Африка мен Азия және Еуропаны жалғап жатқан алтын көпір қызметін атқарған бұл өлке әманда үлкен стратегиялық маңызға ие болды, сондықтан да әркез әлем билеушілерінің көз құртына айналды.
Израиль жүрегі – Иерусалим үш дін – христиан, иудаизм және ислам үшін де қасиетті қала. Әр еврей жүрегінде өз ұлы Жаратушының әмірімен Исақты (еврейлер содан тарайды) құрбандыққа шалуға ниет еткен Ибраһим пайғамбар, құрылысты қасиетті кәсіп деп таныған Дәуіт патша, алып храм салдырған Сүлеймен патша-пайғамбар ерекше орын алған. Бұл өлкені семит тайпалары көне дәуірлерде-ақ мекен ете бастаған. Солтүстіктен хет, оңтүстіктен еврей тайпалары келсе, жағалауға филистимляндар жайғасты, елдің грекше Палестина аталуы осы тайпа атымен байланысты. Біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырда Палестинаны римдіктер басып алды да, еврейлер Жерорта теңізі маңайындағы елдерге тарыдай шашылып кетті. Орта ғасырларда Палестина бір билеушіден келесіге өтті, арабтардан кейін крест жорығына қатысушылар, ХІІІ ғасырда Мысыр мәмлүктері билеп, мұнан соң Осман империясының құрамына енді, қысқасы, 1948 жылғы тәуелсіз Израиль еліне дейін де, одан кейін де соқтықпалы-соқпақты жолмен жүріп келеді еврей халқы. Баяғы Сүлеймен патша салдырған Храм екінші рет тұрғызылып, қайта қираған. Сол екінші Храмның қалдығы – алып Батыс қабырға – еврейлер сыйынатын жалбарыну қабырғасына айналған.
Христиандар үшін Иерусалим Иисус Христостың жұртты уағызға үндеген, соңғы жылдары мен соңғы сағаттары өткен, прокуратор үкімінен кейін алып кресті иығына салып, тас көшемен сүрініп-жығылып, қабынып (оның құлап, бір сәт тізе бүккен жеріне белгі қойылған, мұндай аялдама 14 екен) қорлық пен азапқа, мазаққа төзіп, жанкешті жолмен Голгофаға шығуы, одан өзі көтеріп әкелген крестке шегелеу. Қазір Голгофа мен Исаның денесі қойылған орын (ол осында денесі оралған кебін-жамылғыны қалдырып, көкке көтеріліп кеткен) бір шіркеу астында қалған – ол Құдайдың (Пайғамбардың) табыты деп аталады. Әр жұма сайын бүкіл әлемнен жиналған христиан табынушылары Флагеллация шіркеуінен басталып (Адам ата пайғамбардың қабірі де осында екен), Құдай табыты шіркеуінде аяқталатын 14 аялдамадан тұратын крест жолымен жүріп өтеді.
Крест жолындағы екінші аялдамаға Құдай анасының шіркеуі салынған, себебі дәл осы жерде Мария ана крест арқалап келе жатқан ұлы Исаны жолықтырған. Қысқасы, христиандар үшін Иерусалимнің әрбір тасы қасиетті, ал енді мұсылман әлеміне бұл қала несімен қымбат – осыған аз-кем тоқталайық.
Қасиетті Құран-Кәрімнің Меккеде түскен Исра сүресі былай басталады: «Алла – пәк. Тағылымдарымыздың тамаша дәлелдерін көрсету үшін ол бір түнде өз құлын (Мұхаммед ғ.с.) Мәсжид-аль-Харамнан төңірегі тұнған байлық – Мәсжид аль-Ақсаға алып келді. Алладан білгір, одан көреген ешкім жоқ». Аңызға құлақ салсақ, түнде пайғамбарға Жәбірейіл періште келіп, оның кеудесін ашып, ішін зәмзам суымен жуып, нұр мен құдіретке толтырып, қайта жапқан. Есік алдында күтіп тұрған ғажайып жануар – адам бейнесіндегі қанатты жылқы Буракқа (қазақтың Пырақ дейтіні содан) мініп, лезде Құдысқа (Иерусалим) жетті, сол жерден жеті қат көкке сапар шекті. Бір-ақ сәтте шалғайдағы мешіт (әл-Ақса) жанында, Ибраһим, Мұса, Иса пайғамбарлардың ортасында тұр екен. Жалпы, әл-Ақса мешіті мұсылман әлемінде Меккедегі әл-Харам мен Мединедегі Мұхаммед пайғамбар мешітінен кейінгі үшінші қасиетті орын деп саналады. Яғни, пайғамбар осында имам ретінде оған дейін жіберілген барлық елші-пайғамбарлармен бірге Аллаға құлшылық еткен. Жеті қат көкке де осы жерден көтеріліп, Алламен тілдескен, бес уақыт намаз дәл сол сәтте, яғни миғраж кезінде парыз етілген. Тіпті, алғашында мұсылмандар намаз оқығанда құбыла ретінде Құдысты белгілегені де ақиқат. Алып та көне әл-Ақса мешіті, оның алдында Пайғамбар көкке көтерілген орынға салынған алтын күмбезді мешіт – көп дінді, көп қырлы, көп ұлтты, түрлі мәдениет пен өркениет тоғысына айналған қорған ішіндегі көне шаһардың символы іспеттес. Бұл қала көшелерін ерсілі-қарсылы кезіп өткенде өзіңді ондаған ғасырдың куәгеріндей сезінесің.
«Уәде етілген немесе армандаған жер» деп аталатын Израиль еліне сапарлаудың сәтін түсірген «Қазақстандықтарды шырынмен сауықтыру» қоғамдық қозғалысының мақсаты – еліміздегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен өкілдерін тарихтың тылсымымен тамсанту емес, Израиль еліндегі шырын өндірісінің барысы мен болашағынан хабардар ету болатын. Ал көне Иерусалимге саяхат еврей еліне келген қонаққа көрсетілер құрмет белгісі болса керек.
Қазақстандық журналистер жұмысымен егжей-тегжейлі танысқан израильдық компания «Ган Шмуэль Груп» 1942 жылы құрылған екен. Ол кезде әлі қазіргі Израиль мемлекеті жоқ. Бұл өзі біздегі ұжымшар (колхоз) жүйесі бойынша жұмыс істейтін үлкен құрылым екен. Кибуца деп аталатын ұжым мүшесі 500 адам, барлық мәселені жалпы жиналыс, басқарма шешеді. Қазақстандық журналистерді трактор тіркемесіне мінгізіп, шаруашылықты аралатты. Негізгі маманданған кәсібі – шырын өндіру болғанымен мұнда бәрі бар, яғни қызметі сан салалы. Тұрғын үйлер, коттедждер, асхана, спорт залдары, емхана, мал өнімдері, бақша өнімдері, тіпті балық та өсіреді. Кибуца үйлерінде 900 адам тұрады.
Израиль ауыл шаруашылығындағы өзіндік орны бар шырын өндіретін «Ган Шмуэль Фудс Лтд.» компаниясының басты акционері біз жоғарыда сөз еткен – Кибуц Ган Шмуэль – оған акциялардың 43 пайызы тиесілі, ал 33 пайызы өз еркімен «Ган Шмуэльге» қосылған бұрынғы Ганир компаниясының иелерінде болса, 24 пайызы мемлекетте. Ең бастысы, бұл компанияның өзінің 18 мың гектар алқапты алып жатқан цитрус өсіретін бау-бақшасы бар. Оның 3 мың гектарға жуығы 2007-2009 жылдары отырғызылған көшет. Мұның өзі компанияның шырын және концентрат шығаратын зауыттарының жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істеуіне негіз бола алады.
Израильде ауа райы бау-бақша салуға қолайлы болғанымен, жерінің 60 пайызға жуығы шөл және шөлейт аймаққа, қалған едәуір бөлігі таулы аймақтардың тастақ топырағына тиесілі болып келеді. Су көздері де тапшы болғандықтан бұл елде тамшылатып суғару әдісі кең жолға қойылған. Біз көріп-тамашалаған апельсин өсетін бауда су жер астынан скважина арқылы шығарылады екен, әр ағашқа қанша, қашан су берілетіні алдын-ала есептеледі. Тіпті бір ағаштан 100-200 килограмм, 1 гектардан 50 тонна өнім алынатыны да есептелген. Есепсіз дүние жоқ мұнда. Шөл мен тауға бау, егін салған еңбекқор еврей халқы 6,5 миллион тұрғынын асырап қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерінің біразын экспортқа да шығарады екен. Біз жұмысымен танысқан «Ган Шмуэль» тобы өнімінің 80 пайызы экспортқа шығарылады екен. Мұнда қалдықсыз технология: алқап пен баудан жиналған өнім зауытта сортталып, біразы базар, дүкендерге жеміс күйінде жөнелтілсе, өзгесінен шырын, сосын шырын концентраты алынады, қабығы косметикада пайдаланылады. Израильдың жері Қазақстаннан 100 есе кіші болғанмен, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 27 мың АҚШ долларына пара-пар, яғни біздегіден 2,5 есе көп. Ал экономикадағы ауыл шаруашылығының үлесі 20 пайызға жуық. Бұған қалай таңырқамассың. Апельсин отаны – Қытай, алма – Орталық Азиядан, грейпфрут – Барбадостан, осының бәрін алақандай жерінде, өздерінде мәпелеп өндірістік негізде өсіріп, тіпті жаңа жерсіндірілген түрлерін дүниеге әкеліп, өңдеп, концентратты шетелге сатып, пайда тауып отырған тәжірибеге қалай сүйсінбессің!
Шырын рыногы әлемдегі тұрақты дамып келе жатқан сала. Мәселен, тек Германияның өзінде соңғы 50 жыл ішінде шырын қолданудың жан басына шаққандағы жылдық көлемі 40 есе артқан: 1,9 литрден 44,3 литрге жеткен. Жалпы Еуропаның, Солтүстік Америка мен Жапонияның орташа тұрғыны жыл сайын 30-40 литр шырын ішсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш – 10 литр ғана, есесіне біздің жерлестер жыл сайын 20 литр спиртті ішімдіктер ішеді. Яғни, «Қазақстандықтарды шырынмен сауықтыру» қозғалысының ниеті құптарлық.
Консалтингтік компания деректеріне сүйенсек, Қазақстан тұрғындарының 70 пайызға жуығы шырын ішеді, шырын рыногы елімізде 2007 жылға дейін тұрақты даму үстінде болды. Ал 2007 жылы Қытай мен Еуропа елдерінде, Мысыр мен Оңтүстік Америка, Үндістанда алма мен басқа да тропикалық бақша өнімдерінің кем салуына байланысты шырын концентратының бағасы 1,7 есе, 2008 жылы 3 еседей қымбаттады. Соның салдарынан Қазақстандағы шырын өндірісінің қарқыны 20 пайызға баяулады, дайын өнім құны 25 пайызға қымбаттады. Ыстық елдерде өнім төмен болса оның Қазақстанға не қатысы бар деп таңқалмаңыз – тікелей қатысы бар. Себебі, біздің еліміздегі табиғи шырындардың 94 пайызы шетелден әкелінетін концентраттан дайындалады. Біздегі зауыттар шетелдік өнім жеткізушілерге жыл сайын 14-20 миллион АҚШ доллары шамасында қаржы төлеп, концентрат алып келеді. Концентрат деген таза химиялық термин екен, бұл өзі жасанды өнім шығар деп қауіптенушілер де табылар. Біз Израильдегі зауытта болғанымызда осы концентрат өндірісімен егжей-тегжейлі таныстық. Бұл кәдімгі сығымдалған табиғи шырын, оның суы буланып кетеді де қою, маңызды – қоймалжың негізі қалады. Сосын оны арнайы қапшыққа құйып, одан 200 литрлік бөшкеге салады. Міне, концентрат осы – жасауға қолайлы әрі бағасы қымбат. Қазақстанға әкелген соң оған таза су қосып, табиғи шырын жасайды, су мен қантты көбірек қосып шырын сусынын жасайды, бәрі де зауыт қожайыны мен технологтардың еркінде, тұтынушы сұранысына қарай әрекет ететіні анық. Қазақстанда, әсіресе, оңтүстік өңірде алма, алмұрт, жүзім, шабдалы, сәбіз, қызанақ сияқты бау-бақша дақылдарын өндірістік негізде өсіруге мүмкіндік болғанымен, бұл іс қарқын алмай отыр. Бұл оңай іс емес, Үкімет тарапынан қамқорлық керек, жер, көшет, күтім, су, агротехникалық шаралар, мамандар мәселесі шешілсе, оңтүстік өңірдегі табиғи жағдай мүмкіндік береді. Еліміздегі жеміс өңдейтін қырықтан астам зауыт болса, соның тең жартысы Оңтүстік Қазақстан облысында, 10-ы Алматыда. Дегенмен, еліміздегі ішкі рынокта үш компания – «Raimbek Bottlers», «RG Brands Kazakhstan» және «Кока Кола Алматы Боттлерс» алдыңғы орында. Еліміздегі барлық шырын өндірісінің 70 пайызы осы үшеуінің еншісінде. Бұлар жарнаманы да дұрыс жолға қоя білген.
«Қазақстандағы шырын өндірісі» деген тақырыпта ғаламторда не бар екен деп ақтарып шыққанымызда жақсы бір жаңалық жолықтырдық. Жамбыл облысында табиғи шырын концентратын әзірлейтін кәсіпорын биыл іске қосылмақ екен. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өткен жылы қыркүйек айында хабар таратыпты. «Тараз тарту» ЖШС құрылысын жүргізіп жатқан бұл кәсіпорын жобалық қуатына жеткен кезде жылына 100 мың тонна өнім бермек. Жаңадан 80 жұмыс орны ашылмақ. Жаңа ниет, бағалы бастама. Меншікті тілшіміз арқылы сұрау салып едік, бірегей зауыт әзір іске қосылмапты. Қосылар ма екен өзі?!
Алақандай алқаптан өз несібесін ғана теріп жеумен шектелмей өнімін өзгелерге саудалап жатқан еңбекқор, есебі мықты еврей халқының бір ғана саладағы тәжірибесін тамашалағанда жері жүз есе үлкен алып ел адамдарының мүмкіндігі де мол екеніне иланасың да. Сәті келер...
Еркін ҚЫДЫР, Алматы – Тель-Авив – Иерусалим.
Суреттерді түсірген Ирина БАЖЕНОВА.