Орал қаласының әкімі С.Оразов күн өткен сайын жақындап келе жатқан кезектен тыс президенттік сайлауға байланысты Орал қаласының сайлаушыларына, қаладағы еңбек ұжымдарының жетекшілеріне және аудан әкімдеріне арнап үндеу қабылдады. Оның мәтіні қалалық және облыстық газеттерде жарияланды. Осыған байланысты біз оған арнайы барып жолығып, бірнеше сауал қойған едік.
– Самиғолла Хамзаұлы, бұл үндеуіңіздің негізгі мәні мен мақсаты неде?
– Бұл сауалыңызға қайтарар жауап біреу ғана. Аталған үндеу алдағы президенттік сайлауға азаматтарды түгел қатыстыруға ықпал жасау ниетінен туындады. Өйткені, президенттік сайлау елдігіміздің тағы бір сынға түсер шағы деп есептеймін. Яғни, оған бәріміз бірдей қатысып дауыс беру арқылы елдік пен мемлекеттіліктің тағы бір биік те жауапты сатысына көтеріле аламыз. Бізге бұл сайлауда республика президентін бірнеше үміткердің арасынан таңдау құқы берілген. Әркім өзінің осы конституциялық құқығын пайдалануы қажет деп санаймын. Мұндай қадам әлемдік демократиялық қағидаттарға да толық сәйкес келеді.
– Орал қаласының сайлаушыларына арнаған үндеуіңіздің жай-жапсарын газет оқырмандарының назарына бере кеткеннің артықшылығы жоқ шығар.
– Әлбетте. Өзіңізге белгілі, кезектен тыс президенттік сайлауға бір аптадан сәл ғана асатын уақыт қалды. Қазір оған әзірлік жұмыстарының етек-жеңін ықшамдайтын кез келді. Осы орайда айтарым, Орал қаласындағы барлық сайлау комиссияларына сайлаушылардың тізімдері жеткізілді. Ал 18 наурыздан бастап оралдықтар осы тізіммен таныса бастады. Қажет болған жағдайда олар өздері туралы мәліметтердің анық-қанығына көз жеткізулеріне де болады.
Тек бір ескерер мәселе, мұның өзі сайлаушылар сайлау учаскелеріне алдын ала барған жағдайда ғана мүмкін болмақ. Тізімді нақтылау үшін телефондық ақпараттық орталық құрылды. Онда Оралдың әр тұрғыны өзінің сайлаушылар тізімінде бар екеніне көздерін жеткізе алады. Сонымен бірге, сайлауға қатысты барлық қажетті мәліметтер мен өзге де ақпараттар қала әкімдігінің ресми сайтына да орналастырылған. Міне, Орал қаласының сайлаушыларына менің атымнан жасалған үндеудің негізгі желісі осындай.
Әрине, қоғамдық өмір бір орында тұрмайды. Ол үнемі қозғалыс, өзгеріс үстінде. Сайлауға әзірлік кезінде немесе оның дәл өтетін күні бірқатар азаматтар іссапарда, оқуда, демалыста, емделуде жүрулері мүмкін. Мұндай жағдайларда олар қала аумағында бола бермейді. Мұны «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес реттеуге әбден болады. Яғни, осы заң тармағына орай республикадағы кез келген учаскелік сайлау комиссиялары 18 наурыз бен 2 сәуір аралығында сайлаушының жазбаша өтінішін қабылдай алады. Бұған қоса олар жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткен кезде дауыс беру құқығы беріледі. Бұл шара есептен шығару куәліктерін табыс ету арқылы іске асады.
– Бұл айтып отырғаныңыз тек бір қалаға ғана емес, республикадағы барлық сайлаушыларға қатысы бар мәселе екен. Енді мына сауалға жауап беріңізші. Сіздің үндеуіңіздегі еңбек ұжымдарының жетекшілеріне арналған тұстарда жалпыхалықтық сипат алуы әбден мүмкін ғой.
– Мұның да ешқандай құпиясы жоқ. Еңбек ұжымдарының жұмыс ерекшеліктеріне сәйкес оның бірқатар мүшелері сайлау күні тіркелген орындарынан тыс жерде болулары әбден мүмкін. Әсіресе, вахталық әдіс режімінде мұндай жағдайлар жиі орын алады. Осындай кезде олар өздерінің конституциялық құқықтарын іске асыра алмай қалулары ықтимал. Соған байланысты ұйым басшылары қажетті ұйымдастыру шараларын алуы қажеттігін өз үндеуімде олардың назарына бердім.
– Сонымен бірге үндеуіңізде аудан әкімдеріне де үн қатқан екенсіз. Сіз – қала басшысысыз. Бұл қала әкімі өкілеттігінің шеңберінен тыс қадам деп ойламайсыз ба?
– Жоқ, олай деп мүлдем ойламаймын. Өйткені, бәрі де ортақ істің нәтижелі аяқталуын көздеген қам-қарекеттен туындап отыр. Айталық, аудандарда тұратын сайлаушылардың бірқатары сайлау күні, жоғарыда айтылғандай, әртүрлі себептермен облыс орталығында болуы ғажап емес. Мұның өзі де заңда көрсетілген мерзімде хабарлануы керек. Содан кейін оларға дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктері берілгені жөн. Мұндай жағдайда оларға дауыс беру құқығын біздер, қалалықтар қамтамасыз ете аламыз. Үндеудің аудан әкімдеріне қатысты тұсының мәні мен мәнісі осындай.
– Самиғолла Хамзаұлы, тек бір ғана қала төңірегінде емес, тұтастай республика сайлаушылары үшін де пайдалы әңгіме болды деп ойлаймыз. Осындай мәнді де мағыналы әңгімеңіз бен алдағы президенттік сайлауға азаматтарды толық қатыстыру ниетін көздеген үндеуіңіз үшін сізге көп рахмет.
Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.