(«Егемен Қазақстан», 09.02.11.)
«Егемен Қазақстан» газетінің 9 ақпан күнгі санына жарияланған К.Әлпейісованың «Ұл» деген мақаласын ерекше толқып, тебіреніп оқыдым. Автор өте өзекті мәселені қозғаған екен – әр сөзінің астарында шындық жатыр. Ерлердің ірі болуы, мәрт болуы, бәрі-бәрі білім мен тәрбиеге байланысты. Әйелім ұл туды деп далбақтамай, сол ұлды өз өнегесімен өсіру қажеттігін ең алдымен ер азамат ұғуы керек. Әкесі «оқ жонуды» үйретпеген үйлерден шеге қағуды білмейтін ұлдар шығады. Ер баланы шаңырақ иесі деп әспеттейміз, бірақ олардың шын мәнінде шаңырақ иесі болып қалыптасуына мән бермейтініміз рас. Көбісі сөз жүзінде ғой біздің қазақта. Баланы еңбекке тәрбиелеу керектігін, бір мамандықтың тізгінін ұстатуды естен шығарып, мәселе ушыққан кезде сан соғамыз.
Жомарт ҚАЗЫБЕКҰЛЫ. Семей.
* * *
Автор көтеріп отырған мәселенің тағы бір қыры бар. Қазақ басқадан кем қалмасын деп ақылы оқуға ұлдарын да береді. Ұлдар оқудан гөрі сол оқуына төлейтін ақшасын, емтихандарда «развод» жасайтын параларын табу үшін сабаққа бармай қашып-пысып жұмыс істейді. Бұл ауылдан келген ұлдардың да, қыздардың да басында бар. Сондықтан автор айтқан қатырма қағазы қолында бар балалар да мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмай, тұрса жұмыс істей алмай, дипломы бар таксист, күзетші не аула сыпырушы болып жүреді. Мұндай да проблема бар.
Бұған қоса мал табуға жарап жатқан шаштараз, аспаз, электрик, сантехник, т.с.с. жұмыстарды менсінбей жүрген қазақтардың жалған намысқойлығынан өзбек, қырғыз, қарақалпақ, қытайлардың бизнесі гүлденіп, өздерінен жұмыс таба алмағандар елімізді рахаттана жерсініп жатқан жоқ па? Солардың жоғары білімі де жоқ. Адам ай сайын бір рет шашын жөндететіні белгілі ғой, сондықтан тұрақты бизнес деп түрік жастары шаштараз мамандығын таңдап алады екен. Байқаған шығарсыздар, қазір Астана мен Алматыдағы түріктер ашқан шаштараздардан аяқ сүрінеді.
Вокзалдағы машиналар қозғалысын реттеп жүрген қазақ жігіттерін үйретсе, сол өнерге икемі барларын баулыса, Зверев болып кете қоймаса да отбасының нан пұлын табуға жарар еді ғой.
Айта берсе, көп мәселе бар. Бір мақаланың өзі тек бір адамның қаншама ойын қозғап отыр. Ал оны оқыған қаншама қазақ толғанып жатқан болар. Сондықтан қазақтардың, әсіресе осы жұмысты атқару тапсырылып, соған тиісті ақы алып отырған адамдардың іске көшуі үшін мұндай мақалалар лек-легімен болуы керек немесе мәселенің дайын рецептін жазып көрсететін (әлгі шетелдегілерше шаг первый..., шаг второй деп) жолнамалар өте қажет.
Газетте мұндай өзекті мәселенің көтерілуі адамдарды қоғамдағы проблемаларға бейтарап болмауға үйретеді. Сондықтан осы бағыттағы тәрбиелік мәні зор, ойлы мақалаларды үнемі күтіп жүреміз.
Сандуғаш ӘУБӘКІРОВА. Алматы.
* * *
Мақала «Ұл» деп аталғанымен, оның өне бойында ұл-қыз деп бөлінбеген бүкіл ұрпақтың тағдырына алаңдаушылық жатыр. Ұлдың оқымауы, заманына сай тәрбие алмауы оқыған қыз балалардың оларды менсінбеуіне, ал бұл жағдай өз кезегінде кәрі қыздардың көбеюіне әкеліп соғатыны рас. Қазір мұндай отырған қыздардан тұтас бір армия жасақтауға болатын шығар. Бірақ сонда да мен білім-білігі өзіне сай емес наданға шыққанша осылай отырғандары дұрыс па деп ойлаймын бүгінде.
Менің қызым автор айтқандай, «қатырма қағазы» бола тұра, «ұнаттым» деп қоярда қоймай оқымаған жігітке тұрмысқа шықты. Күйеу баланы намыстанып, әйелінен қалыспауға тырысып, сырттай оқуға түсетін шығар деп ойлағанмын. Бәрі керісінше болды. Қыздың «оқысаңшы» деген сөзінен астар іздеп, «менсінбейсің бе?» деп әкіреңдеп шыққанын қайтерсің. Ауылда жұрттың тоңазытқыш, телевизорлары күйіп кетіп жатады, тым құрыса соның оқуын оқысаңшы депті бірде қызым оған. Сол күні «оқымысты бай керек болса, бар тауып ал» деп үйінен қуып жіберіпті.
Қазір қызым үйде, жұмысқа тұрды. Оның тағдырын тәлкек еткен жан әлі әке-шешесінің зейнетақысына жармасып, қызығын көріп, ойсыз жүр. Осы оқиғадан бері айналамыздағы жастарға зер салып қарайтын болдым. Туыстарымыздың ұсақ-түйек жұмыс істейтін жас балалары көп, қарап тұрсам, оқуға ынталары жоқ. Неге оқымайсыңдар десем, біреулері қызық емес дейді, енді біреулері бұл оқуларды бітіргенмен, бәрібір жұмыс таба алмайсың дейді. Соған қарап бізде жұмысқа таласа-тармаса алатындай етіп білім беруіміз, ал ол үшін оқу жүйесін өзгерту керек шығар деп ойлаймын.
Шәмшия. Жамбыл облысы.
* * *
Біздің байырғы дәстүрімізде әсіресе, ер баланың тәрбиесіне ден қойған, себебі қазақтың пайымы бойынша әйел адам ошақ басын сақтаушы, шаңырақты көркейтуші, берекесін асырушы болса, ер адам сол шаңырақтың көркеюін, тыныштығын қамтамасыз етуші, сол арқылы бүкіл елдің, халықтың өркендеуінің кепілі болған. Сондықтан атам қазақ ұлды осы бағытта тәрбиелеген, ұлға білім-білік беруге тырысқан, себебі дұрыс тәлім-тәрбие алған ұл болса, ол қызды (анасын, әйелін, перзентін) далада қалдырмайды, жетелеп жүріп, жеткізеді биіктерге.
Мақала соңында жасалған түйіннің мән-мағынасы өте терең. Бұл жердегі әңгіме қыз баланы оқытпа, ұл баланы оқыт дегенде емес, қызды да, ұлды да бірдей тәрбиелеп, оқытып, аяғына тұрғызу керек, бірақ ұл баланы тәрбиелеуге баса мән берілуі керек. Өйткені, біздің менталитетіміз сондай – әйел ерге қарайтын елміз дейді автор. Біз ұлдарымызды ертең ата-ананың да, бауырыңның да, өз отбасыңның да қамқоршысы, тірегі боласың, ендеше оқысаң, дұрыс білім мен өнеге алсаң ғана оны қамтамасыз ете аласың деп тәрбиелеуіміз керек. Себебі, оқыған адам отбасын бар жағынан қамтамасыз етуге ұмтылады, өз балаларын тәрбиелеу ісінде, тіпті сәби кезінде ойыншықтар сатып алғанда да оның танымдық, баланың ой өрісін дамытатын жақтарына баса назар аударады.
Ал өз нанымды өзім тауып жеймін деген оймен базарда, вокзалдарда таңертеңнен кешке дейін жүк тасудан қолы босамайтын адамның балаларына тиісті деңгейде тәрбие беретіні екіталай: жағдайы да жоқ, қолынан да келмейді. Мен өз нанын өзі тауып жейтін адам деп бекер айтып отырған жоқпын, өз нанын адал еңбекпен тауып жейтін болса да жаман емес қой. Өкініштісі, таңертеңнен кешке дейін немен айналысатынын білмей, ата-анасы мен туған туыстары болса, соларға масыл, бас ауруы болып, ішімдікке салынып жүрген жас жігіттерді қазір ауылда да, қалада да тым жиі кездестіріп жүрміз. Бұл біздіңше елдің, халықтың болашағы, ұлттың гендік қоры (генофонд) үшін өте қауіпті.
Қазіргі кезде гендер дегенді жиі насихаттаудамыз. Біздіңше, гендердің өзін ер адам ілгерілету керек, әйелдің білгенін кеңейтіп, білмегенін үйретіп, саяси қызметте де, билікке жетуде де нәзік жандарды барынша қолдауы қажет. Бұл ер адамның қолымен жасалуға тиіс іс. Әйел адам ер адаммен таласқа түспей, ер адамды құрметтеп, сыйлауы керек, ал ер адам сол сый-сыяпатқа лайық болуға тиіс. Біздің діліміз осындай. Ал қазіргі заман талабы осы деп әйел адамды жасанды түрде көтере берсек, онда 20-30 жылдан кейін «гендеріміз» керісінше нәтиже берер, сөйтіп, белсенді ерлерге тапшы болып қалармыз, себебі қыздар қауымы өте пысық, білімге құштар, алғыр келеді. Ал жігіттерімізді біз қазір ынжықтау ғып өсіріп жатқан сияқтымыз.
Гүлнар КӘМЕШЕВА, филология ғылымдарының кандидаты. Астана .
* * *
Мақалада көтеріліп отырған мәселені бүгінгі қоғамда дертке айналып келе жатқан құбылыс дер едім. Егер қазір бір дауасы табылмаса, күні ертең салдарын тартатын шығармыз. Ауылдағы ұлдарымызды оқытпай, қаладағы ұлдарымызды қыз сияқты өбектеп, ұрпағымызды ұсақтатып, тоғышар, масыл етіп алғанымызды өзіміз де білмей қалғандаймыз. Әрине, оқымысты, зиялы, мәдениетті жастарымыз бар, бірақ жалпы көппен салыстырғанда олардың үлесі тым аз. Өз ортамызда осы мәселені талқылап, біраз нәрсенің басын ашқандаймыз.
Отбасы түгіл, өз бастарын асырай алмай жүрген жастар көп. Бір жағынан заман қыспағына алса, екінші жағынан өздерінің білімсіз, біліксіздіктері де кедергі келтіруде оларға. Заман ауыртпалықтарын көппен бірге көрер, ал біз, ата-аналар, баяғыша «үкімет пен партияға» иек арта бермей, ұлдарымызды тым болмаса білім алып, кәсіп игеруге баулуымыз керек екендігін тап осы қазіргідей сезінбеген болармын.
Боранғали ІЗЕТҚАЛИЕВ. Батыс Қазақстан облысы.
* * *
К.Әлпейісованың осы газетте бұрнағы жылы жарияланған «Ұлың дарақы, қызың сорақы болса» деген мақаласын оқыған едім. Осы жолы да ол елеулі, жанды мәселеге үңіліпті, ұсақтап бара жатқан ерлер проблемасының тамыры тереңде ғой. Жабулы қазан жабуымен қалса, талай шаңырақ шайқалып, қыздар басқа ұлттарды таңдап, ұлттық қалыптасу ауылы алыстап кетері сөзсіз. Бұл мақала – содан сақтандырып қағылған дабыл сияқты.
Алма БИМАҒАМБЕТОВА, химия ғылымдарының кандидаты. Жезқазған.
* * *
Автордың біз сияқты «оқып-оқып, отырып қалған» сіңлілеріне айтар астарлы ойын ұқтым. Бірақ, амал қанша, соны жігіттер қауымы ұқпай ма деп қорқамын. Оған бір мысал келтірейін. Алматы троллейбустарында жігіттерді троллейбус жүргізушілігіне оқуға шақыратын хабарландырулардың ілініп тұрғанына бір жылдан асты. Жүргізушілердің айлығы да тәп-тәуір екен, тұрақты тұруға жатақхана да берілетін көрінеді. Сөз салып жүрген бойы сұңғақ, түрі көркем, бірақ игерген кәсібі жоқ жігітке сол хабарландыруды көрсеттім. Ат-тонын ала қашты. «Сарылып, айлық күтіп жүрем бе сол» дейді. Ал өзі ЦУМ-ның қасында «стоянщик» болып нан табады, күнделікті тапқаны қолына түсетін болған соң, қалтасы бос болмайтынын алға тартады. Бір қызығы, ата-анасы да осы жұмысын қолайлы көретін көрінеді. Сол кісілерге оқытса ғой осы мақаланы...
Ақмарал. Алматы.
* * *
Елі сүйіп оқитын «Егеменге» Камал Әлпейісованың «Ұл» деп аталған ойтолғағы шықты (09.02 2011). Парламент Мәжілісіндегі әріптестері қолдан-қолға өткізіп, оқып шықтық. Содан пікірталастық, ой бөлістік. Бұл – ой ғана емес, ұлттың жоғын жоқтау. Еркектерді қорғау. Дәл осы мәселе бәріміздің жүрегімізді толғандырып жүргенімен Камалға ұқсап жазып тастап, оқырманға ұсынуға батылымыз жетпеген.
Еркек баланы оқытуды қолдаушының бірі – мен. Ауылға барғанда «ұлдарым кетпен шапса да күн көреді, мына қызым оқысын» дейтін ағайындарға «Ер балаларыңды оқытыңдар, солар өссін, мәртебелі болсын. Сонда еліміз де өркендейді, қыздардың да бағы ашылады», – дейтінмін. Біраз ер балалардың оқуға түсіп, қызметке ілініп кетуіне көмегім де тиген. Енді осы жайтты ата-аналар тереңдеп ойласа жөн болар еді.
Сәуле ДОСЖАНОВА, Жазушылар одағының мүшесі.