Дәл қазір бүкіл еліміз аса бір жауапты белестің алдында тұр. Ол белестен біз алдағы жексенбіде – 3 сәуірде өтеміз. Қалай өтеміз? Былайша қарағанда, бәрі де айқын сияқты. Қазақстанның қазіргі әлемдік қоғамдастықтағы алар орны қомақты екені белгілі. Мемлекетіміздің жыл асқан сайын абыройы артып, халқымыздың әл-ауқаты жақсара түскенін бәріміз көріп отырмыз. Ел аман, жұрт тыныш. Жұмыр Жердің о жақ, бұ жағынан жетіп жатқан жаманат жан түршіктіреді. Құдайға шүкір, соның бәрінен халқымыз аман тұр. Мұның өзі тәуелсіздіктің 20 жылында жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі. Менің ойым күні ертеңгі президенттік сайлауға байланысты олай деп, бұлай деп пікір айту емес, үгіт жүргізу емес. Менің ойым отандастарымыздың осы сайлаудағы белсенділігіне байланысты.
Біз біразды көрген, ана қоғамда да, мына қоғамда да қызмет атқарған буынның өкіліміз. Мен өзім қала әкімі болып та жұмыс істедім. Қолдан келгенінше елге еңбек еттік. Сол кешегі кеңестік кезеңде сайлауға қатысудағы белсенділік бөлекше болатын. Қолдан жасалса да, ұйымдастырылса да сайлау ел өміріндегі елеулі оқиғаға айналатын. Әрине, ол кездегі саяси жүйе басқа, идеология басқа. «Коммунистер мен партияда жоқтардың мызғымас блогының» бар екенін әлемге паш ету үшін коммунистік билік сайлауға адамдарды түгелге жуық қатыстырмай тынбайтын. Әртүрлі себептермен сайлау учаскесіне баруды кешіктіріп жатқандардың үйіне жетіп, алдыға салып айдағандай етіп алып келетіндері де болатын.
Демократия желі есіп, қайта құру деген кезең келгелі бері адамдардың санасында бәрін де өзі шешетін психология орныға түсті. Мұның жақсы жағы көп. Сонымен бірге кемшін тұстары да бар. Талай адам осыны бетперде етіп, өзінің самарқаулығын, қоғам үстіне бейғам қарайтынын көлегейлеуге бейім болып бара жатқандай. Мұны біз кей-кейде азаматтарымыздың өзінің конституциялық құқын – мына мемлекеттің маңызды мәселелерін шешетін ірі іс-шараларға қатысу, мысалы, сайлауларда дауыс беру мүмкіндігін пайдаланбай қала беретінін де байқаймыз. Ал шын мәнінде азаматтың азаматтығы, қоғам істеріне араласу белсенділігі, ең алдымен осы сайлау құқын пайдалануынан көрінеді ғой.
Бүгінде Қазақстан бүкіл әлемнің назарында тұр. Күні кеше Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен, оның он бір жылдан бері шақырылмай келе жатқан Саммитін абыроймен өткізген, енді аз уақыттан кейін бүкіл мұсылман әлемінің тізгінұстары болғалы отырған еліміздегі демократияның деңгейі азаматтардың сол ел тағдырын шешетін маңызды іс-шараға қандайлық белсенділікпен қатысатынынан да көрінеді. Менің дауысым не өзгерте қояды дейсің, басқалар барады ғой, солар дауысын береді ғой, мәселе дұрыс шешіледі ғой деп немқұрайдылыққа салынар болсақ, өзіміздің қолымызға тиіп тұрған мүмкіндіктен енжарлығымыз үшін ғана айырылар болсақ, мұның өзі елдігімізге бір сын. Ел ісіне араласу, мемлекет болашағының тағдырын шешу, соған ықпал жасау біздің бәрімізге тәуелсіздік беріп тұрған сыйдың бірі. Сен еліңді алдағы бес жылда кім басқаратынына қатысты өз пікіріңді білдіріп қана қоймайсың, ертеңгі сайлауда жұлдызы жанғалы тұрған кандидаттың жеңіске жетер пайызын да айқындауға әсер етесің. Осыны сезінудің өзі жүрек толқытарлық жай емес пе?
Бүгінгі таңда өзіміз араласып-құраласып жүрген ортаның адамдары айтып жатқан сөздер де, бұқаралық ақпарат құралдарындағы пікірлер де қазақстандықтар 3 сәуірде бүкілхалықтық сайлауға белсенділікпен қатысарына сендіреді. Соның өзінде де ел халқының сайлауға қатысу деңгейі барынша жоғары болғаны еліміздің мерейі екенін ескерсек деймін. Ойымды қорыта келіп, айтарым мынау: Қазақстан – өз Отанымыз, өз Отанымыздың тізгінін алдағы бес жылға кімнің қолына сеніп тапсыратынымызды біз өзіміз шешеміз. Әрқайсымыз шешеміз. Осы мүмкіндікті пайдаланып қалайық.
Сайлауда дауыс беру – біздің азаматтық парызымыз.
Мұрат ЕРГЕШБАЕВ, Қызылорда облыстық қаржы басқармасының бастығы.