«Еркіндікке еркелік жараспайды», «ЕҚ», 15.03.2011 жыл
Мені «Егемен Қазақстан» газетінде (15.03.2011) «Толғандырар тақырып» айдарымен басылған ұлағатты ұстаз Қанипа Бітібаеваның «Еркіндікке еркелік жараспайды» деген мақаласы қатты ойландырды. Бұл жарияланымда бүкіл өмірін ұстаздыққа арнаған жан оқушылардың арасында хиджаб кию үрдісінің бел алып бара жатқанын таратып айтып, тіпті мұның балабақшаға да ене бастағанын, бұл арқылы бір кездері ұлттық үлгіден айырылып қалмаймыз ба дегенді қозғаған екен. Шынында, балабақша мен мектепте хиджаб кию мәселесі соңғы кездері пікірталас алаңына айналып бара жатыр. Дегенмен, осы жерде қазақ жұртының келісті киім үлгілерін өзге елдің салтына алмастыру арқылы ұлттық бет-бейнемізді бұрынғы сартап жолдағыдай тағы да тәлкекке салмаймыз ба деген күдік пен үміт ой таразысында шарпысып, кейде айқасып жатқанын жасыра алмасақ керек.
Қазақ халқының салт-дәстүрі қазір Отанымызға келіп жатқан шетелдік азаматтардың қай-қайсының да көңілін аударып, бұл қандай ғажап құбылыс деген сөздерін жиі естиміз. Көздері тесіле қарап, ауыздарының суы құриды. Осы арада ойымызға Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романындағы мына бір сурет орала береді. «... Өтіп бара жатқан бес қыздың тап ортасында, жібек жал ақ жорға атқа мінген Тоғжан екен. Көктемнен соң көргені осы.
Судыраған қара жібек биқасаптан әдемі жеңіл шапан киген. Басында – жап-жаңа қара кәмшат бөрік. Мойнында – әсемдеп, кең ораған құбылма түсті торғын шәлі. Құлағында үлкен алтын сырғасы ырғалып келе жатқан Тоғжан, мынау ат үстінде, мынадай топ қыздың тап ортасында, дәл көп жұлдыз арасындағы Шолпандай. Ат үсті жүріс, шырқап айтқан дауыс және құрбы қыздары – Бөжей қыздарына жаны ашуы бар, баршасы Тоғжанның қазіргі жүзін бір түрлі мағыналы нұрға малғандай. Ақмаңдай, аппақ жұмыр мойнына, қолаң жібек шашына бетінің үлбіреген қызылы соншалық жарасып тұр...».
Міне, осындағы кәмшат бөрік, жеңіл шапан, торғын шәлі қандай керемет көріністі беріп тұр. Ұлтымыздың ауыз толтырып айтар әдемі үлгісі ғой. Біз осындай әдемілікті «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» (Кунсткамера жинағындағы) атты суретті кітаптан да көрдік. Көздің жауын алады. Қыздың басындағы бөркі, үлбіреген үкісі, талдап өрген шашы, күлімдеген көзі қандай, бәрі де жарасып тұр. Бұл қазан төңкерісіне дейінгі халқымыздың киім үлгісін дәйектейді. Осындай үлгіні ел болған тұста жастардың ой санасынан өшіріп, хиджаб киюге әкелсек, халқымыздың барынан көз жазып қалмаймыз ба? Кейінгі ұрпақ бір ес жиған кезінде, ұлтын танып білгенде алдыңғы толқынның мұнысы несі, біресе ананың, біресе мынаның «құшағынан» табылғаны қалай дері анық қой. Қазір хиджаб кию салтқа айналғаны соншалық, мектепті қойып балабақшаға дейін жетіп отыр. Біз бір кездері өзіміздің үлгімізді мансұқ етіп, өзгенің қызығына жығылсақ, енді еркіндікке қол жеткізген тұста әлемнің барын ой таразысына салмай, бойымызға талғамсыз жапсырумен келеміз. Ер мен әйелді ажырату екіталай болып барады.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдары ауыз әдебиетінен дәріс оқып тұрып, қазақтың ардақты ұлдарының бірі, Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин қыздарымыздың шашын жайып жіберетініне ренішін ашық айтқаны бар. Бұл біздің халқымызға жат қылық еді, жақсы ырым емес еді, ерінен айырылған әйелдердің өрілген шашын тарқатып, басына қара жабушы еді деп қынжылғаны әлі күнге құлақ түбінен шыңылдайды.
Қазақтың қызын ұзатардағы киім үлгісі, жасайтын жасау-жабдығы, ер-тұрманы қандай еді? Әрине, ол дәуір жоқ. Соны заманға қарай жаңғыртсақ, нұр үстіне нұр болмай ма? Сондай жаныңа жақынды, қаныңа нәр беретінді мұрағаттардан көргенде, көркем шығармалардан оқыған кезде, шіркін-ай, осыны неге күнделікті киім үлгісіне айналдырмаймыз деген ойға қаласың.
Әрине, халқымыз ата дінін қашанда ардақтаған, аузынан Алласын тастамаған. Қандай киелі жерде болса да, ата-бабасының басына барып, Құран оқығанда да, есіне түсіргенде де, бұрын да, осы күні де Алланың атын бірінші ауызға алады. Қазақтың данышпан ақыны, теңдессіз хакімі Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дейді де: «Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ, Мүмін болсаң үйреніп, сен де ұқсап бақ», дейді. Бұл – Абайдың ғана емес, Абайды ардақ тұтқан бүкіл қазақтың сөзі десек жарасады.
Ислам діні еш пендеге зорлық көрсетпейді, зомбылық жасамайды, тек бейбіт өмірді қалайды. Ендеше, біз Аллаға, Жаратушыға имандай ұйи отырып, ұлттық үлгімізден жаңылыспауымыз керек. Пайғамбарымыздың хадисінде «Ислам, яғни мұсылманшылық жария нәрсе, ал иман – діліңде», дейді. «Киімдерің жарасымды болсын, қарапайым киіну – имандылықтың белгісі», дейді. Ал Шәкәрім: «Құба төбе дегенді ұқсаң керек, Орынсыздық істеме болсаң зерек. Мүйізі бар кісідей едірейіп, Өзге жұрттан болмасын түрің бөлек», деп тағы бір адамдықтың айнасын алдыңа тартады. Иә, жаның мен тәнің таза болмай тұрып, әр нәрсеге еліктеп, солықтау ұлтты ұшпаққа шығармайды. Алдымен ниетің түзу, жаның таза болса, Алла жақсы ісіңді қабыл алады, жолыңды оңға бастайды.
Пайғамбарымыз баланы «балапаным» деп аялаған. Бәрі де тәрбиеге байланысты деген. Бала «Алла тағаланың берген сыйы», деп қызды кемсітуге жол бермеген. «Егер таңдау еркі маған берілсе, қайта қыз баланы артық санар едім» деген. Қыз баланың жүрегі жұмсақ, ол ертең біреудің қимас серігі деп түсіндірген. Мұндай ұлылықты біздің қазақ халқы да ғасырлар бойы жалғастырып келеді. Ендеше, біз осы үрдістен айырылып қалмау жағын бірінші кезекке шығаруға тиістіміз.
Қасиетті дініміз барлық адам бір үлгіде киінсін, бір ізбен жүрсін деген талап қоймағаны және бар. Әр адамның бет әлпеті – өзін танытатын кітап тәрізді деген. Соған қарап әр адамның бойындағы қасиетті танып-біліп отырған. Ал сол нұрлы жүзді қарғадайынан қалқалап қойсақ, қыз бала ертең ынжық, жалтақ болып өспей ме. Бұл қазаққа тән қасиет пе, жоқ. Егер ұзын көйлек, бас киім кию керек болып жатса, желбірі ақ қайыңның жапырағындай жарасып тұратын бүрмелі көйлекті, үкілі тақияны, кәмшат бөрікті кигізсек, қазақ жұртының бет бейнесі көрінбес пе еді? Кеңес дәуірінде де, қазір де осындай әдемі киім үлгілерін үлкеніміз де, кішіміз де көз алдау үшін Наурызда, не жиын-тойда ғана киіп шығатынымыз жасырын емес. Өзіміз де барды бағаламай, өзгеден көргенге жабысу қазақтан қашан қалар екен? Жоғарыда қасиетті хадистен келтірдік, иманның діліңде екенін. Ендеше, алдымен ділімізді түзейік, діліміз түзелсе дініміз түзеледі, сауатымыз ашылады. Одан кейін ұлттық үлгімізді соның негізінде қалпына келтіріп, қазақ кім десе, міне, деп көрсететіндей күнге жеткізелік. Жасыратыны жоқ, біздің дін саласындағы азаматтардың кейбіреулерінің ой-өлшемі төмендеу секілді. Әсіресе, ауылды жердегі молдалардың қарымы көңілге күмән келтіреді. Мұндай нәрсе дініміздің беделіне нұқсан келтірмей қоймайды. Осы арада тағы бір айтыла бастаған әңгіменің шетіне тоқталар болсақ, халал деп халық бет бұрған астың да жайы көңіл көншітпей бара жатқан секілді. Атына заты сай болмай, түрлі пікірлер туындауда. Оған бұл арада дәлел-дәйек келтіріп жатуды артық көрдік.
Иә, біз зайырлы мемлекетпіз. Соған сай болу әрбір азаматтың бойындағы қарызы мен парызы. Дегенмен, имандылық деп халқымыздың қадір-қасиетіне келе бермейтін үлгілерге сақтықпен қарағанымыз ләзім болар. Осыдан 4-5 жыл бұрын Ресейдің он оқымыстысы, ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары да бар, президенттеріне хат жолдап, дін заң шеңберінде қызмет ету керектігін алға тартқаны бар еді. Бұл туралы біздің Мемлекет басшысы да көзқарасын халыққа білдіргені мәлім. Соны ескере бермей, өздерінің күңгірттеу байламдарын тықпалағандар туралы ұстаз көтерген мәселеге ой қосудың еш артықтығы жоқ деп білеміз. Себебі, ана бір жылдары бірлі-жарым хиджаб киген қыздарды көргенде, бұл уақытша нәрсе ғой деп көп көңіл аудара қоймаған едік. Енді сол үлкен мәселеге айналып, мектеп пен балабақшаға жетіп отыр. Бұл тұста пікір айтпауға болмайтын тәрізді. Хиджаб кию әркімнің өз еркі, дегенмен, мемлекет иесі ретінде біздің ұлттық үлгіміз одан жоғары тұруы тиіс. Біз ата-баба қарыз етіп қалдырған үлгіні кейінгі ұрпаққа қалыбын бұзбай, сынын кетірмей, сырын өшірмей жеткізбесек, парызды орындамағанымыз болып саналады. Жоғарыда айтқанымыздай, бір кездері хиджаб кигендер секілді қазір қоғамдық көліктерде бет әлпетін мүлде жауып, қара киімге оранып, көзі ғана жылтырайтындар да кездесе бастады. Уақыт өте келе анасын ардақтап, қызын құрметтеген, үлкеннің алдында жүзін төмен салғаны болмаса, басқа уақытта дидары ашық жүретін қазақ қызы, анасы осындай кейіпке түсе ме деген қаупімізді айта кетсек, артық бола қоймас. Жалпы, халқымыз қашан өзгеге еліктеп, солықтаудан тыйылар екен деген ойымызды да ортаға салдық. Бір кезде орысқа еліктеп киініп едік, енді арабқа еліктеп киінбесек болмай ма?! «Өзіңе және өзіңнің басыңа өзгешелік берудің түбі – мақтан», деп Абай айтпақшы, бұл үрдіс бүгін мұсылман болудың мақтанышы деп бағаланғанмен, ертең ұлттың үлгісін жоюға жеткізсе, ол қасірет қой. Қазір қазаққа сын көп, сүрінбей өту міндет. Міндет – мінсіз болғанда орындалады.
Сүлеймен МӘМЕТ.