Гиннестің рекордтар кітабы алғаш рет 1955 жылы ирландиялық сыра қайнатушы «Гиннесс» компаниясының басшысы Хью Бивердің тапсырысы бойынша жарық көрді. Содан бері бұл кітап дүние жүзі бойынша 100 мемлекетте 23 тілде дүркін-дүркін басылып келеді. Әлемнің 23 елінде арнайы редакциясы мен өкілдіктері бар. Қазақстанда әзірге Гиннестің рекордтар кітабының өкілдігі жоқ. Солай бола тұрғанымен, бұдан ширек ғасыр бұрын тәуелсіздігін жариялаған Қазақ елі әлемдік ауқымдағы ең беделді – Гиннестің рекордтар кітабынан ойып тұрып өз орнын алды. Ең алдымен, Қазақстан кітапқа «теңізге шығар жолы жоқ құрлықтағы ең үлкен мемлекет» ретінде кірді.
2003 жылы қыркүйектің 27-сі күні бүкіл Қазақстанда саламатты өмір салтын насихаттау үшін өткізілген аэробикалық жаттығу рекордтар кітабына енді. Елдің бар өңірінде бір мезетте 4 миллион 845 мың 98 адам радиодан берілген әуен арқылы қимылдаған шара «әлемдегі ең көп адам қатысқан аэробикалық жаттығу» ретінде танылды.
Бұдан кейін 2011 жылы желтоқсанда Қазақ географиялық қоғамы 108 сағатта 2308 шақырымды еңсеріп, Оңтүстік полюске алғашқы автомобиль экспедициясын ұйымдастырады. Бұл экспедиция «Оңтүстік полюске құрлық арқылы жеткен ең тез орташа жылдамдықтағы сапар» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.
«Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы әлемдегі шатырлы ең биік ғимарат ретінде Гиннестің рекордтар кітабына кірген. Оның биіктігі – 150 метр. Сондай-ақ, 2012 жылы 16 желтоқсанда қара жорға ұлттық биін бір мезетте 400 адам билеп, рекорд жасады.
Бұдан бөлек, «Хан Шатырда» әлемдегі ең үлкен ет асылды. Рас, Гиннестің рекордтар кітабының ресми өкілдері жылқының сойылуына қарсы болды. Соның салдарынан алғашқы рекорд саналмады. Әйтсе де бұл мақсат ақыры орындалды. 2015 жылы 6 шілдеде Астана қаласының 17 жылдығына орай салмағы 736 келі тартатын ет асылды. Бұл жолы кітаптың ресми өкілдері жылқы союға рұқсат берді. Тамақ үшін үлкен тайқазан Түркістаннан арнайы әкелінді. Онда 700 келі ет, 17 қап пияз, 300 келі қамыр жұмсалды. Әлемдік рекордтар кітабының өкілдері рекордты «Мемлекеттің басты ұлттық тағамының дайындалуы» деген атаумен тіркеді.
Ал 2015 жылы 1 мамырда Алматыда әлемдегі ең үлкен лағман әзірленді. Оның салмағы 687 келі болды. Бұл тағамды дайындауға 30 аспаз жұмылдырылды. Тағам құрамын толықтыру үшін 250 келі ұн, 200 келі көкөніс, 120 келі ет және 50 литр май пайдаланылды.
Сол сияқты 2014 жылы 7 қыркүйекте Алматы қаласында жалпы салмағы 856 кило болатын ең көп бауырсақ пісірілді. Ал Қытайда тұратын ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Болат Бейнелұлы мен Гүлзат Азанбекқызы 2008 жылы ұзындығы 100 метр, салмағы 1 тонна қазы жасап, оны Гиннестің рекордтар кітабына енгізді. Олар рекордтың Қытай мемлекеті атынан жариялануына қарсы болып, «Қазақ халқының ұлттық тағамы» деп тіркеткен. Сосын, 2010 жылы осы елдегі Шыңжан-Ұйғыр автономиялық районында бір мезгілде 10 мың 450 домбырашы «Кеңес» күйін орындап, айды аспанға бір-ақ шығарады.
2012 жылы Қытайда тұратын қазақ жігіті Болатбек Кәрімханұлы жасаған кішкентай домбыра «әлемдегі ең кішкентай аспап» ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Домбыраның ұзындығы – 45 миллиметр, ені – 14 миллиметр.
Қазақстандық 50 жастағы марафоншы Марат Жыланбаев рекордтар кітабына жеті рет енген. Ол Еуропаның ең биік шыңы – Эльбрусқа (5642 метр) марафондық жүгіріспен жеті күнде жүгіріп шықты. Марат Жыланбаев 1992 жылы 20 күнде Қарақұм шөлін (1200 километр), 1993 жылы 24 күн ішінде Сахара шөлін (1700 километр), сол жылы 22 күнде Үлкен Виктория шөлін (1600 километр), 1994 жылы 17 күнде Мохава шөлін (1218 километр) кесіп өтті.
Міне, тәуелсіздіктің елең-алаңында осындай ұлттық шаралардың көптеп өтуі кешегі кеңестік-империялық саясаттың ықпалымен ата-баба салт-дәстүрінен ажырай бастаған бүгінгі қазақ ұрпағын өз қазығы мен қалпына қайта әкеле бастады. Мұның өзі жер-жерлерде қазақ қолөнерінің, ән-жырының, ұлттық ас пісіру дәстүрінің жылдам дамуына үлкен септігін тигізуде.