Қыстың таңы кеш атады. Еліміздегі ең дүбірлі оқиға болып отырған ХХҮШ дүниежүзілік қысқы универсиада алауының өңірлік эстафетасын өткізуге қостанайлықтар А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің алдына жиналғанда күн көкжиектен әлі көрінбеп еді. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов универсиада алауын ұстаушылар мен спортшыларымыздың жанкүйерлерін құттықтады.
«Біздің еліміз универсиадаға 1993 жылдан бастап қатысып келеді. Осы жылдар ішінде еліміздің 700 спортшылары әлемдік спорт додасынан 125 медаль қанжығалаған екен. ТМД елдері бойынша бірінші біздің елімізде өтіп отырған универсиадада өз облысымыздан және елімізден қатысатын спортшыларға жеңіс тілейміз» деді Архимед Бегежанұлы. Универсиада алауының Қостанай өңірлік эстафетасының салтанатына Қазақстанның Еңбек Ерлері Сайран Бұқанов, Борис Князев және Алмат Тұрсынов шақырылды. Олар алауды ұстау құрметіне ие болды.
Универсиада алауының Қостанайдағы өңірлік шырағын аты аңызға айналған шаңғышы, 1976 жылы Инсбрукте өткен (Австрия) қысқы олимпиаданың қола жүлдегері, спорт ардагері Иван Гаранин тұтатты. Алғашқы алау эстафетасын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов алып, Қостанайдың спорт мақтанышының бірі, бокстен олипиаданың екі рет қола жүлдегері Иван Дычкоға табыс етті.
Универсиада алауының өңірлік эстафетасына Қостанай облысындағы ең үздік спортшы студенттер, шығармашылықта, кәсіпкерлікте табысқа жеткен жастар--барлығы 60 адам қатысып, олар алауды 12 шақырымға жүгіріп, алып өтті.
Қостанайдан универсиадаға шорт-тректен Анастасия Крестова, конькимен сырғанаудан Александр Кленко, шаңғы жарысынан Виталий Пухкало және шайбалы хоккейден Максим Грязнов қатысады. Олар Қостанай мемлекеттік унивесритеті мен Қостанай мемлекеттік педагогика институтының студенттері. Универсиада алауының өңірлік эстафетасында белгілі опера әншісі Сүндет Байғожин және жергілікті филармония әншілері әннен шашу шашты.
Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан»