27 Қаңтар, 2017

Универсиада алауы ел аралап жүр

375 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Көкшетау. Еліміздің бірнеше өңіріндегі сияқты, 26 қаңтарда Көкшетау қаласының «Тәуелсіздік» алаңында Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің қатысуымен Алматыдағы ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиада алауын жағу рәсімі өтті. «Алау эстафетасының» тұғыры Ұлы Отан соғысында Батыр атағын екі мәрте алған Талғат Бигелдинов пен Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің ескерткіші жанында орналасуы жігерлі халқымыздың рух қайнарын тасытуда. Көкше аспанында мың сан еріктілер шырқаған «Қазақстан, алға!» әні қалықтағанда «Тәуелсіздік» алаңы тебіреніске бөленді. Универсиаданың өңірлік алауын дүбірлі доданың бас кейіпкері – балапан «Сұңқар» жақты. Алау эстафетасының бірінші кезеңін шаңғы спортынан әлем чемпионы Татьяна Осипова асқақ көтеріп, 60 алаугермен бірге 12 шақырымдық мәртебелі мәрені бастады. Таңдаулылар оқуда, ғылымда және спортта үздік көрсеткіштерге жетіп, аймақ пен еліміздің абыройын асқақтатқан саңлақтардан іріктелген. Алау эстафетасының аймақтық кезеңін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, бокстан Ұлттық құраманың мүшесі, 2016 жылғы әлем чемпионы, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенті Дина Жоламан аяқтады. Сондай-ақ, Дина Жоламан әрі қарай Ақмола облысының алау эстафетасын Алматы қаласына алып барып, Универсиаданың ашылу салтанатына қатысады. Осы ретте, ақмолалық 19 спортшы Универсиада бағдарлама­сын­дағы спорттың 4 түрінен сынға түсетінін айта кеткіміз келеді. Универсиада алауын жағу салтанаты спорттық, мәдени шаралармен жалғасты. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Қарағанды. Дүниежүзілік XXVIII қысқы Универсиаданың алау эстафетасы Қарағанды облысында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын бастаған Теміртау қаласында, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатында бас­талды. Эстафетаға арналған салтанатта облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков оған қатысушыларға ақ жол тілеп, игі лебізін білдірді. Универсиада алауын №2 домна пешінен газшы, қазақ күресінен спорт шеберлігінен үміткер Әлібек Алпысбаев және домна пешінің шебері, самбодан спорт шеберлігіне үміткер Ақан Еспотаев тұтатып, алауды бірінші болып сорғы қондырғыларының машинисі, волейболдан спорт шебері Светлана Гайнутдинова алып жүрді. Рәсімнің екінші кезеңі түс әлетінде облыс орталы­ғындағы «Шахтер» стадионынан басталып, «Қарағанды Арена» мұз айдынында мәресіне жетті. Облыс орталығында Теміртау мен Қарағанды әкімдері эстафета алауын өңір басшысына табыс етті. Өңір басшысы алаумен эстафетаның алғашқы 200 метрін жүгіріп өтіп, кезекті ҚарМТУ студенті Сергей Ивановқа табыстады. Қарағандыда 60 алаугер алдын ала таңдап алынған. Эстафетаның облыс орталығындағы қашықтығы 9 шақырымды құрады. Айтып өткеніміздей, алау эстафетасы «Қа­ра­ғанды Арена» мұз сарайында аяқталды. Қарағандылықтар алауды арнайы құтыға салып, ұшақпен Алматыға шығарып салды. Оны Универсиада астанасына эстафетаның техникалық делегаты, боксшы Абылайхан Жүсіпов жеткізеді. Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» * * * Қостанай. Облыс орталығында ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиада алауының өңірлік эстафетасы өтті. Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов Универсиада алауын ұстаушылар мен спортшыларымыздың жанкүйерлерін құттықтады. Универсиада алауының Қостанайдағы өңірлік шырағын аты аңызға айналған шаңғышы, 1976 жылы Инсбрукте өткен (Австрия) қысқы олимпиаданың қола жүлдегері, спорт ардагері Иван Гаранин тұтатты. Алғашқы алау эстафетасын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов алып, Қостанайдың спорт мақтанышының бірі, бокстан Олимпиада жүлдегері Иван Дычкоға табыс етті. Универсиада алауының өңірлік эстафетасына Қостанай облысындағы ең үздік спортшы студенттер, шығармашылықта, кәсіпкерлікте табысқа жеткен жастар – барлығы 60 адам қатысып, олар алаумен 12 шақырымды жүгіріп өтті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» *** Өскемен. Елорда төрінде Елбасының өзі тұтатқан ХХVIII Дүниежүзілік қысқы Уни­вер­сиада алауы кеше Алтайға жетті. Өс­кеменд­егі С.Аманжолов атындағы универси­тет­тің алдынан бастау алған Универсиада алауын тұтату рәсіміне Олимпиада чемпионы Ольга Ры­пакова бастаған өңір спортшылары қатысты. Алау эстафетасын Олимпиада чемпионы, белгілі же­ңіл атлет Ольга Рыпаковаға тапсырды. Әрі қарай қала кө­­ше­лері бойымен жалғасқан эстафета кезінде ес­кек есу­­ші Екатерина Смирнованың алауды қайықпен Ер­­­­тіс өзені арқылы алып өтіп, фристайлшы Константин Гор­­­ла­­­чев­­ке тапсырғанын, оның алауды қолына ұстап, биік­­­тік­­­тен секіргені қалалықтардың есінде қалары анық. Алау шара соңында «Алтай» волейбол клубының үздік ойыншысы, Алматыда өтетін Универсиаданың ашылу салтанатында Шығыс Қазақстан спортшыларын бастап шығатын Дамир Әкімовке тапсырылды. Волейболшы Универсиада алауын Алатау баурайына жеткізетін болады.  Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан» * * * Павлодар. Қысқы Универсиаданың аймақ­тық эста­фетасының алауын жағу салтанаты С.Торайғыров атын­дағы Павлодар мемлекеттік университетінде бастау алды. Салтанатты шараны С.Торайғыров атындағы Павло­дар мем­лекеттік университетінің ректоры, саяси ғылым­дары­ның докторы Арын Өрсариев құттықтау сөзімен ашты. Өз кезегінде, Павлодар мемлекеттік универ­ситетінің ректоры Арын Өрсариев алауды жоғары оқу орнының сәулет-құрылыс факультетінің 2-курс студенті Әлем Кенжебековке тапсырды. Эстафета барысында 60 алаугер Павлодар көше­лері­мен жүгіріп өтті. Универсиада алауын спорт­шы­лар­дан бөлек, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының белсенді оқу озаттары және Павлодар қаласы мен облыстың құрметті азаматтары алып жүрді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» * * * Петропавл. Алматы қаласында өтетін ХХVІІІ Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың алау эс­тафетасы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақ­стан мемлекеттік университетінен бастау алды. Жи­нал­ғандар алдында облыс әкімі Ерік Сұлтанов, жеңіл атлетші, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы Маргарита Мұқашева сөйлеп, ТМД елдері арасында Қазақстанның мәртебелі доданы бірінші болып өткізуі мәртебе саналатынын, жерлестеріміздің жеңістен үмітті екендіктерін жеткізді. Алғашқы алауды алып жүру құрметіне Ерік Хамзаұлы ие болды. Екі сағатқа созылған акция барысында 60 алау­гер 12 шақырым жолды жүгіріп, бас­ты көшелер бойымен алып өтті. Олардың қатарында Виктор Бондаренко, Қайырлы Едіресов, Михаил Дедов, Бауыржан Құлжанов секілді белгілі еңбек, спорт ардагерлері де болды. Соңғы алау эстафетасын жас спортшы Назгүл Маратова спорт сарайы алдында қабылдап алды.  Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»