«Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі – көптен күткен, толғағы жеткен шешім». Осылай жазу бұрыс болмайды. Бұрыс болмайтыны – Үндеудің халықтың көкейіндегі оймен үндестік табуында, дер кезінде жариялануында.
Бұл Үндеудің айтары дәстүрлі Жолдау аясында жария етілмеуінде үлкен мән жатыр. Елбасы Жолдауы – жылдың басты құжаты. Жыл бойында алда тұрған міндеттерді биылғы Жолдауға қарап белгілейміз, алдағы алар асуларымызды да соған қарап айқындаймыз. Келер жылы жаңа Жолдау жарияланады, келер жылғы міндеттер мен асулар сол Жолдауда көрсетіледі.
Бұл жолы Елбасымыз халыққа сөз арнаудың Үндеу пішімін таңдап отыр. Өйткені, бұл жолғы әңгіме әріге кететін әңгіме. Сөз ел өмірінің басты бағыт-бағдарын белгілейтін, кемел келешегіміздің кепілі болып табылатын Конституцияға тікелей қатысты қозғалып отыр. 1995 жылғы 30 тамыздан бері, 22 жылдың ішінде біз өз Конституциямызға елеулі өзгерістер енгізген емеспіз. Президенттің «Сіздердің назарларыңызға еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселені ұсынбақпын» дейтіні сондықтан.
Бұрыс болмағанның бәрі бірдей дұрыс бола бермейді. Иә, сәрсенбінің сәтінде барлық белді телеарналардан қатар берілген Елбасы Үндеуін көптен күткен, толғағы жеткен шешім деудің бұрыс болмайтын да, дұрыс болмайтын да жөні бар. Неге бұрыс болмайтынын жаңа айттық. Ал неге дұрыс болмайды? Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлуді көптен күткен едік, бұл мәселенің толғағы жеткен еді деп кесіп-пішіп айтпайтынымыз неліктен?
Бұл сұрақтың жауабын Президенттің өзі беріп отыр. «Күшті президенттік вертикаль бізге мемлекет қалыптастырудағы орасан қиындықтарды еңсеру барысында қажет болды. Бұл уақытында өзін ақтады. Біздің барлық жетістіктеріміз дәл осы жүйе кезінде жүзеге асырылды». Мәселенің мәнісі де, Үндеуден туындайтын міндеттердің мәйегі де, міне, осында жатыр.
Президент Үндеуі теледидардан беріліп болысымен-ақ Елбасымыздың тоғыз томдық «Таңдамалы сөздерін» қолға алдық. Ол басылымның қазақ тіліндегі нұсқасына арнаулы редактор болғандықтан да іздегенімізді таба қою қиынға түскен жоқ.
«Тәуелсіздіктің 5 жылы – орасан зор баға беріп, қорытынды жасауға тым қысқа мерзім» – 1996 жылғы 16 желтоқсанда Алматыдағы салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінің басында Президент осылай деген. Ал Тәуелсіздіктің 25 жылы баға беруге де, қорытынды жасауға да тым қысқа мерзім емес. Әрине, тарихтың ұзына жолының биігінен қарасаңыз 25 жыл да қас-қағым сәт. Бірақ біз үшін бұл ширек ғасыр тұтас ғасырға, бәлкім, ғасырларға татитын кезең.
Барша бақытымыздың, барлық берекеміздің бастауы болған басты мерекеміздің тұсында бәріміз де бостандықтың бағасы, еркіндіктің ел үшін ерен орны жайында ойға шомдық.
Еркіндік пен елдік – егіз ұғым. Адам өмірінің ең өзекті мәні – еркіндігі. Мемлекет өмірінің ең өзекті мәні – тәуелсіздігі. Адам адам болғалы еркіндік үшін өмір сүріп, еңбек етіп, күресіп, тіресіп келеді. Адамзат қоғамы өркениетке аяқ басқалы бері халық атаулының барлығы жеке мемлекет құруға, дербес ел болып тұруға, яғни егемендікке, тәуелсіздікке ұмтылып келеді. Бірақ өмірдің заңы қатал – адамның бәрі бірдей емін-еркін жүріп-тұруға, ойындағысының бәрін орындауға қол жеткізе бермейді. Тарихтың да заңы қатал – халықтардың бәрі бірдей өз қалауынша өмір сүруге, өз тағдырын өзі шешуге, өз саясатын өзі айқындауға қол жеткізе бермейді. Қазір де саны жағынан бізді бірнеше орап кететін халықтардың арасында бір жапырақ туын тігер алақандай төбе таба алмай жүргендері аз емес.
Біз – бақыты жанған, басына бақ қонған халықпыз. Біз – мына жұмыр Жердің бетіне тарихымыздың тамаша тұсында, ел тағдырының түйінді кезеңінде келген ұрпақпыз, көз алдымызда жаңа мемлекеттің туғанын, қаз басып, қалыптасқанын көрген ұрпақпыз, жаңа елдің буын бекітуіне бар көмегін берген, тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуіндегі қиындықтың бәріне көнген, алдан шыққан ауыртпалықтың бәрін жеңген ұрпақпыз, жасампаз жұмысымыздың жемісін терген ұрпақпыз.
Тәуелсіздік – елдік сынағы. Өткел жолы қиын, өкпек желі құйын бұл сынақта халқымыз елдігін де көрсетті, ерлігін де көрсетті, өрлігін де көрсетті. Жоқ жылдарда жасымады. Тоқ жылдарда тасымады. Далалық даналығынан, халықтық даралығынан айнымады. Кең болғанның кем болмайтынын ескерді. Тарих табыстырған, тағдыр тоғыстырған сан ұлттың ұл-қызымен ұғысып, ұлыстың ұйытқысына айналды. Қазақ жеріне әр кезеңде сан түрлі себеппен келген алуан этностың өкілдері, олардың ұрпақтары Қазақстанды ортақ Отан ретінде перзенттік жүрекпен сүйді, суығына тоңды, ыстығына күйді, сөйтіп өз елін берекеге бастайтын тірліктің, мерекеге бастайтын бірліктің мекені етті.
Дүние жүзі қазақтарының І құрылтайында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «Заман тыныштығын берсе, бүгінгі дағдарыстан да шығармыз. Тәуелсіз Қазақстан дәулетіне сәулеті сай қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдік өркениетке қазіргіден де қомақты үлес қосар. Даламызда да, қаламызда да шадыман тұрмыс, шат тірлік орнар. Бұйыртса, бүгінгі құрылтайға қатысқан қадірменді қонақтарымыздың өзі туған Қазақстанымыздың өсіп-өркендегеніне таяу жылдарда-ақ куә болады деп кәміл сенеміз», деген еді. Назар аударыңыз: бұл – 1992 жылдың 30 қыркүйегінде сөйленген сөз. Тәуелсіздігімізге бір жыл да толмаған кез. Көрші елдің ақшасына ортақтасып жүрген, ел әрі-сәрі күйге түскен, халықтың шамамен 40 пайыздайы кедейшілік шегіне жеткен кез. Сондай кезде де Елбасымыз тағдырдың талқысымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымызды жинап, осындай сенімді сөз айтқан еді.
Сонда Президент неге сенді? Халқымыздың ата-бабамыз аңсаумен өткен, арпалысумен өткен азаттықты қасиеттеп қастерлейтініне сенді, тәу етер тәуелсіздікті сақтау, қорғау, қолдау, нығайту жолында қандайлық қиын сынақтарға да шыдас беретініне сенді, туған елінің бойынан да, ойынан да жаңа заманның жаңа талаптарына сай келетін жаңа қасиеттер табылатынына, олардың сын сағатта жарқырай танылатынына сенді.
Ал біз неге сендік? Елдігіміз еңселенген, экономикамыз еселенген, Қазақстанды төрткүл дүние түгел таныған, еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне сайланған, халықаралық аренадағы аса беделді бітімгерге айналған, Ресей мен Түркияның арасындағы дауылға ұласа жаздаған дауды аз уақыттың аясында тыншытып, адамзат атаулыны алаңдатып отырған Сириядағы сойқан сұмдықты тоқтатудың тетігін табуға септескен кездегі соның бәріне басты себепкер тұлғаға – Елбасымызға қазіргі сенім мен егемендіктің елең-алаңындағы сенімнің айырмасы жетіп артылады.
Тәуелсіздіктің таңсәрі тұсында біз не көрмедік десеңізші! Ол кезеңде біз кешегі кеңестік кезеңнің келмеске кетерінің алдындағы, социалистік жүйенің жантәсілім етерінің алдындағы берекесіздік пен белгісіздікті көрдік, егемендіктің елең-алаңында еңсесі езіліп, есеңгіреген елді көрдік, бір кездегі тұтас мемлекет ыдырап, шаруашылық байланыстарының быт-шыты шыққанын, кәсіпорындар өнімін қайда жіберерін білмей, қоймаға тыққанын көрдік, айлап еңбекақы, жылдап зейнетақы бере алмаған, ең қарапайым заттардың өзіне жұрт ұзыннан ұзақ шұбатыла кезекке тұрған шақты да көрдік, санасы сергелдеңге салынып, келер күннен күдер үзе жаздап, торыққан, болашағынан қорыққан, сөйтіп ереуілдеген жүз-жүздеген жандарды да көрдік, бәрінен де қиыны – мемлекет құра аламыз ба, ел болып тұра аламыз ба, төрт аяқтап тұралап жатқан экономиканы көтере аламыз ба, ақыр аяғында халқымызды асырай аламыз ба деген уайыммен жүрген күндер мен түндерді де көрдік.
Бәрі де есімізде. Сөйте тұра, біз алдағы жарқын күндерге сендік. Ел болатынымызға бүкіл ел болып сендік. Ең қиын күндерде де сенімнен айрылмадық. Елге сендік, ел бастаған Ерге сендік.
Егемендігіміздің елең-алаңында біздің балаң елдігімізге, бұғанасы қатпаған тәуелсіздігімізге төнген қатерлер көп еді. Өте көп еді. Батыстың ең бір аузы дуалы деген саясаткерлерінің өзі біздің көпұлттылығымызға, көптілділігімізге, көпдінділігімізге қарап бұлардың болашағы бұлдыр деп бал ашып жатты, мұндай елдің басы піспейді, алауыздықтан ара-дара болудан түспейді деп болжам айтып жатты.
Бірақ олардың ойлағанындай болған жоқ. Біздің ойлағанымыздай болды. Шеті де, шегі де көрінбейтін мәселелер бірінен кейін бірі шешіле берді, ешқашан тарқатылмайтындай сезілетін түйіндер бірінен кейін бірі тарқатыла берді. Бір белестен кейін бір белес алына берді, алына берді.
Солай болуының басты бір себебі – халқымыздың ел басшысына сенуі. Қалтқысыз сенуі. Ел бастаған ерім деп екі тізгін, бір шылбырды қолға беруі. Қандай қиын іске де елдіктің тұрғысынан келуі. Ертеңгі келер жақсылыққа сенгендіктен қандай қиындыққа да көнуі. Бастаған ісін жалғастырсын, жеріне жеткізсін деп қайта-қайта бүкілхалықтық сенім мандатын беруі.
Мұның бәрін ойлап отырсақ, жан-жүрегіміз толқып, тебіреніп кетеді. Жаңадан ел құрудың бастауында тұрған, осындай ұлы іске ұлысын ұйыстырған, елін бір биіктен кейін бір биікке бастаған, еліне бір міндеттен кейін одан да қиын міндеттер артқан, халықты соның бәрінің үдесінен шығатындай етіп шарболаттай ширатқан адам – өз халқын шексіз сүйетін, халқының даналығына перзент ретінде де, Президент ретінде де басын иетін адам.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа ел жасаудың ұлы миссиясын абыроймен атқарды. Оны Елбасымыз өз Үндеуінде «Біз жаңа мемлекет, жаңа экономика, жаңа қоғам құрдық» деп бір сөйлемге сыйғызып айта білген. Сол бір сөйлемнің салмағы қандай десеңізші!
Елбасымыздың тікелей басшылығымен атқарылған істердің ең бір ірілерін санамалап қана өтейікші. Қоғамның сипатын басқа сипатқа ауыстырдық. Кешегі кеңестік кезеңнен алған қоғамдық жүйені, сүйекке сіңіп кеткен социалистік сананы өзгерту оңай болған жоқ. Бірақ Назарбаевтың басшылығымен біз оны жасай алдық.
Экономиканы бір жүйеден басқа жүйеге көшірдік. Бәрін бір орталықтан басқаратын, жұмыскері де, жалқауы да бірдей жалақы алатын, нарықты өндірісті беталды жүргізетін парықсыздықтың белгісі деп білетін ұғымдарды алмастыру қиямет қиындыққа түсті. Бірақ Назарбаевтың басшылығымен біз оны жасай алдық.
Өтпелі кезеңдегі қиындықтардан есеңгірей жаздаған елдің еңсесін көтеріп, бойын тіктедік. Алғашқы жылдардың ауыртпалығынан айығу, біздің қолымыздан мемлекет құру, дербес ел болып тұру, күнкөрісті қамдаған жанбағыс еңбекті болашақты көздеген жасампаз еңбекке бұру орасан ауыр міндет еді. Бірақ Назарбаевтың басшылығымен біз оны жасай алдық.
Шекарамызды шегендедік. Жалпы ұзындығы 15 мың шақырымнан асатын, бес елмен шектесетін шекараны бас-аяғы бес жылдың ішінде қыруар келіссөздер раундын жүргізе отырып, ғасырлар бойы шиырланған түйіндерді іскерлікпен, дау-дамайсыз тарқатып, барлық шешімдерді Біріккен Ұлттар Ұйымының деңгейінде бекітіп алдық. Осының бәріне Назарбаев жеке басының биік беделімен қол жеткізді.
Даламызды да өзгерттік, қаламызды да өзгерттік, санамызды да өзгерттік. Даламызда мыңдаған шақырымдық жарқыраған жаңа жолдар салынып жатыр. Елді мекендердің бәріне дерлік сапалы ауыз су жеткізіліп, газ құбыры тартылып жатыр. Қаламызда мың-мыңдаған үй салынып, бұрын көз алдымызға елестете де алмайтын зәулім ғимараттар бой көтеріп жатыр. Санамызда ешкімнен кем емес екенімізге, басқалармен тең екенімізге, тәуелсіздік жолына өзімізбен қатар түскен жұрттардың алдында жүргенімізге, таңымыз тыныш атып, кешіміз тыныш батып, бейбіт, алаңсыз, қайғы-мұңсыз өмір сүргенімізге шүкіршілік айтатын елдік бақыт сезімі жатыр. Күні кеше ғана, жыл басында Мәжіліс депутаты ретінде Қызылорда облысының барлық аудандарын аралап, елмен кездесіп, шаруаның жайымен танысып қайтқанымызда бұл байламымыз бұрынғыдан да беки түсті.
Қандастарымыздың қатарын қалыңдаттық. Назарбаевтың дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашыраған қандастарымызды атамекенге оралтуды Президент міндетіне кірісісімен екі аптадай уақыт өтер-өтпесте қолға алғанын бүгінде біреу біледі, біреу білмейді. 1991 жылдың 31 желтоқсанында Қазақ радиосы арқылы сөз сөйлеп, барша қазақты отанға шақырған болатын. Осы жылдар ішінде елімізге миллионға жуық қандасымыз қайтып келді. Олар біздің жаңа көтерген шаңырағымыздың керегесін керіп, уығын биіктетуге абыройлы үлес қосуда.
Достықтың даңқты дәстүрлерін дамыттық. Салиқалы, сарабдал сыртқы саясатымызды қалыптастырдық. Қазақстанды әлемге таныттық. Әлемге Қазақстанның есігін айқара аштық. Қарусыздану ісінің көшбасшысы болдық. Бұл мәртебеге Қазақстан қай жағынан да лайықты. Біз атом полигоны атты ажал аранын адамзаттың тарихында алғаш жапқан, қолына өзі келіп түсіп тұрған аса алапат қарудан өз еркімен бас тартып, дүн-дүниеге дара үлгі көрсеткен елміз. Ол абырой да бізге Назарбаевтың арқасында келді.
Жаңа елордамызды орнаттық. Астана ауыстыру идеясының жалғыз авторы да, азаттықтың алтын қазығын Арқа төсіне қадаушы да, Астананы айшықтап салдыртушы да Назарбаевтың өзі.
Жақсылығы жалғасып жатқан жоралы жұртпыз. Біздің алған асуларымыз баршылық. Олардың бәрін санамалап жату көп уақытты алады. Соның бәріне Нұрсұлтан Назарбаевтың Елбасы ретіндегі ерен ерлігі мен ерекше еңбегінің арқасында ғана емес, 1995 жылы Президент бастамасымен қабылданған Конституцияда бекітілген билік нысанының – президенттік биліктің ойдағыдай ойластырылғанының, жүйелі жүзеге асырылғанының арқасында да қол жеткіздік. Нұрсұлтан Әбішұлының ел басқарудағы бар қасиеті мен қабілетін дәл осы президенттік билік жүйесі айқара ашып берді. Біздің елді ел еткен себептердің арасында екі тізгін, бір шылбырдың бір қолға берілгендігін алдымен айтудың да жөні бар. Олай болмаған кезді де білеміз. Тәуелсіздіктің алғашқы белесінде іс жүзінде президенттік-парламенттік билік жүйесі орнап, Елбасының күні бойғы уақытын жаңашыл, тосын идеяларын депутаттарға түсіндіруге жұмсаған, өз кабинетіне кештетіп жетіп, негізгі міндетіне түнге қарай кірісіп жүрген кезін де білеміз. Елбасының ондай парламенттердің өзін-өзін тарқатуына қарсылық көрсетпеген, сөйтіп іс жүзінде өкілетті билік тармағынсыз өткен бір жылдың ішінде заң күші бар 300-ден астам жарлыққа қол қою мүмкіндігін алып, шын мәніндегі нарықтық реформаларды бастаған кезі де есте. Әлемдік басқару стандарттарына сала берсек, Президенттің салалық бағдарламалардың орындалу барысын талқылайтын жиындар өткізіп, жаңа кәсіпорындарды өзі ашып, жаңа өнімдерді өзі қолға ұстап көріп, бағалап жатуы да қазіргі заманғы даму қисынына қиғаштау сезілуі де мүмкін. Мейлі! Саясаттану теоретиктері тіпті солай десе дей берсін! Біз өз жолымызбен – Қазақстан жолымен жүрдік. Ол жолды Елбасымыз салып берді. Назарбаев жаңа елді құру үшін, оның мығым тұруы үшін заман, қоғам, адам нені талап етсе, не көкейге қонымды болса соны жасады. Одан басқа жол тығырыққа тірер еді. «Біз іргесін қалаған даму траекториясының дұрыстығын тарихтың өзі қуаттап отыр», делінген Үндеуде.
Біз мұның бәрін неге айтып отырмыз? Себебі, Үндеумен танысып отырып біреу болмаса біреудің «Негізі дұрысы осы екен ғой, онда мұны неге баяғыдан қолға алмаған?» деп көңіліне күдік қашыруы да әбден мүмкін. «Политика – искусство возможного» деген сөз бар. Саясатта кереметтер болмайды. Саясатта жасауға болатынды ғана жасай аласыз. Саясаткердің мықтылығы – сол жасауға болатынды жасай алуы. Сонымен, мұның бәрін айтудағы мақсат – президенттік басқару нысанының Қазақстан жағдайында өзін өзі толық ақтағандығы және ақтап отырғандығы.
Үндеудің басты идеясын өз басымыз президенттік басқару нысанының бүгінгі қажеттілікке сай трансформациялануына қол жеткізу деп танимыз.
«Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз», дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Солай. Заман өзгергенде қоғам да өзгеруі керек.
Қазақстанда да қоғамдық процестер жылдамдап, күрделіленіп барады. Мемлекеттің басқару жүйесін дәл қазіргі күйінде қалдыруға, жаңғыртпауға болмайтыны бүгінде басы ашық жай. Өте қарапайымдатып айтсақ, мемлекетті басқаруды мемлекеттік биліктің барлық тармақтары бірлесе жүргізгенде ғана ойдағыдай нәтиже шығатын болады. Осы арада мына жайды айта кету керек. Қалыптасып қалған сөз саптауымен сөйлегенде де, жазғанда да «заң шығарушы билік», «атқарушы билік», «сот билігі» дей беретініміз бар, негізінде билік біреу – мемлекеттік билік. Әңгіме сол биліктің заң шығарушы, атқарушы, сот тармақтары туралы болуға тиіс. Конституцияда «Республика Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді» делінгендіктен де Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру қажеттілігі туындап отыр. Реформаның мәні билік өкілеттіліктерін сарабдалдықпен қайта бөлуде, тұтастай саяси жүйені демократияландыруда болатынының себебі осы. Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейту мәселесі күн тәртібіне қойылып отырғанының себебі де осы. Қызық болғанда, осы екі мәселені де кезінде қолдан туындатқан биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының өзі. Иә, Президент ұсынған кандидатураларға жоқ жерден жата жармасып, қалайда Жоғарғы Кеңестің күшін көрсетіп қалуға тырысқан, әйтеуір қарсы шығуды әдетке айналдырып алған депутаттардың өзі еді. Иә, Президент алға қойған міндеттерді дереу Президент бекітетін, Президент қадағалайтын мемлекеттік бағдарламаларға айналдырып жіберетін де Үкімет басшыларының, министрлердің өздері еді. Осының бәрі айналып келгенде тікелей жауапкершілікті өз мойнына алудан қашқақтаудың шенеуніктік шыңнан шыққан шеберлігі еді.
Енді ондай болмайды. Үкімет, министрліктер мен әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған салаға, өңірге тікелей өздері жауап береді. Палата депутаттары Үкімет мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға, ол өз міндеттерін ойдағыдай орындамаған жағдайда (депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен) оны қызметтен босату туралы Президентке өтініш жасауға хақылы. Мұндай жағдайда Президент үкімет мүшесін қызметінен босатады. Бұл айтылғанның бәрі «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасынан алынып отыр. Әрине, жобаның аты жоба. Оны бүкілхалықтық талқылау тұтас бір ай бойы өткізілгелі отыр. Әйтсе де біз өз басымыз бұл ұсыныстардың қазақстандықтар тарапынан толық қолдау табарына күмән келтірмейміз. Өйткені, елде қазіргі заманғы сын-тегеуріндерге жауап қайтарудың неғұрлым тиімді механизмі жасалуы керектігі талас тудырмайды.
Енді осы арада бағанағы айтқан «Заман өзгергенде қоғам да өзгеруі керек» деген ойымызды тарата түсейік. Қоғам өзгергенде адам да өзгеруі керек. Қиынның қиыны осында. Президенттің Үндеуіне «Елбасы біраз өкілеттіктерін Үкіметке беретін болыпты. Парламенттің бақылаушылық рөлі күшейтіледі екен» деп оңайлата қарай салудың жөні жоқ. Үндеу әр адамға ой салуға тиіс.
Біз ел болудың, мемлекет құрудың ең қиын, ең жауапты белесінен абыроймен өттік. Тәуелсіздік тарихының екінші ширегіне аяқ бастық. Ендігі жерде Қазақстанымызды жас мемлекетке жатқыза алмаймыз. Жиырма бес белестен асқан, бүкіл әлем білетін елге айналған мемлекетке қандай талап қойылса да артығы жоқ. Өзгелердің жүз жылдап жүріп өткен жолын біз осы жиырма бес жылдың ішінде-ақ жүріп өте алдық, олармен терезе теңестіре алдық. Енді әлемдік доданың қандайының да қақ ортасына қойып кетіп, қандай бәйгеге де қысылмай қосыла аламыз.
Сол бәйгелерде қашаған құрықтаған Қазақстан тұлпарының мойыны озық болуын жыл сайын, ай сайын, күн сайын қамдауымыз керек.
Елбасы Үндеуі – осы ұлы істің қамы. Бұл Үндеу мұнан бұрын жасалмас еді. Осыдан он жыл бұрын да, жеті жыл бұрын да, тіпті екі жыл бұрын да мұндай Үндеу жасалмас еді. Ол кезде елдегі жағдай мұндай шешімге пісіп-жетілмеген болатын. Сондықтан мұндай шешім ол кезде ойдағыдай жүзеге аспас та еді деп те айтудың жөні бар. Сонымен қатар, мұндай Үндеу осыдан бірер жыл кейін жасалса да кеш қалғандық болар еді. Қазірдің өзінде Үкіметтен, әкімдерден Президент беретін өкілеттіктерді толық көлемінде пайдалана алатын шама шықпауы әбден мүмкін. Бұған қоғам ауысқан өтпелі кезеңде талай жылдар бойы белгілі бір дәрежеде атқарушы биліктің міндетін атқаруға мәжбүр болған, сөйтіп министрлерді, әкімдерді дайын шешімді орындауға бейімдеуіне тура келген Елбасымыздың да қатысы бар сияқты. Тым тақылдап, тақымдай берсек, тағы өзімізді таратып тынамыз ба деумен күн кешкен бұрынғы парламент палаталарындай емес, бүгінгі Мәжіліс заң жобаларын ашық талқылауға салудан, оларды қарастыруға азаматтық қоғамның белді тұлғаларын, сайлауда Парламентке өтпей қалған саяси партиялар өкілдерін қатыстырудан тартынбай, жаңаша, батыл жұмыс істеп отыр дегенімізбен, депутаттардың мемлекетшілдігін мығымдау, белсенділігін бекемдеу, кәсібилігін көтеру тұрғысынан атқарылар шаруа қыруар екенін біз де жақсы білеміз. Мұның бәріне белгілі бір өтпелі кезең керек. Үкіметке немесе Парламентке беруге болатын 40 шақты өкілеттікті заң жүзінде ресімдеу де ұзақ уақытты алатыны анық. Конституцияға енгізілетін әрбір өзгерісті салқын сабырға, салиқалы санаға салып елеу-екшеу біздің бәрімізден тарих алдындағы, келер ұрпақтар алдындағы жауапкершілікке аса сергек қарауды талап етеді.
«Мен Президент ие өкілеттіктердің айтарлықтай бөлігін беруге саналы түрде барып отырмын. Мен мұны жалғыз ғана мақсатпен – елді басқарудың неғұрлым тиімді, орнықты, заманауи жүйесін құру үшін жасап отырмын», деді Елбасымыз.
Елбасы Үндеуі – елдің есеюінің келісті көрінісі. Президент туған елінің есейгенін, қандай қиын міндетті де демократиялық жолмен шеше алатын кемелдікке келгенін көріп отыр. Бұл – сенім. Елге сенім, елдікке сенім.
Сол сенімге сай болайық!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты