27 Қаңтар, 2017

Франция – Батыстағы басты серіктестеріміздің бірі

649 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
1 BAL_3907Қазақстан үшін сыртқы саясаттың негізгі діңгегі – көпвекторлық, яғни көпбағыттық. Мұны геосаяси тұрғыдан алғанда,  өмірдің өзі талап етіп отыр. Еліміз барлық көршілес мемлекетпен, дүние жүзіндегі негізгі серіктестерімен байыпты да байсалды әріптестік орнатуға ұмты­лып келеді. Сыртқы саясат пен халықаралық қа­ты­­нас­тар саласында көп жұмыстың басы қайы­рылды. Әлемнің 180-ге тарта елімен өзара дипломатиялық байланысын бекемдеді. Негізгі халықаралық ұйымдарға мүше болды. Еуразиялық кеңістіктегі интеграция­лық үдерістердің басты локомотивтері­нің біріне айналды. Шет елдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдігі ашылды. Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігінің тетігі іске қосылды.  Қазақстанның Тәуелсіздік алған уақыттан бері сыртқы саясат саласында тұрақты әрі берік дипломатиялық байла­ныс орнатып келе жатқан бір­ден-бір серіктесі – Франция. Осы­дан 25 жыл бұрын 1992 жыл­­дың қаңтарында Қа­зақ­стан мен Франция арасын­дағы дип­ломатиялық байла­ныс­тың негізі қаланды. Фран­ция – Батыс елдерінің ішінде Қазақстан тәуелсіздігін алғаш таныған мемлекет. Ши­рек ғасыр ішінде екі ел арасын­дағы қарым-қатынасты дамыту жолында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінге дейін Париж Астананың негізгі өңірлік және халықаралық бастамаларын қолдап келді. Яғни, бұл – саяси тұрғыдан алғанда, қос тарап та өзара түсіністіктің жоғары деңгейіне жетті деген сөз. Францияның Қазақстандағы елшісі Франсис Этьен мен Сыртқы істер министрінің орын­басары Роман Василен­ко қатысқан бірлескен баспа­сөз мәслихатында екі ел дип­ло­матиясының ерекшеліктері мен артықшылықтары жан-жақты ой таразысына салынды. «Біздің егемендігімізді Батыс елдерінің ішінде алғаш­қылардың бірі болып таныған Франция – стра­тегиялық әріптесіміз және сенімді досымыз. Париж әр­дайым Астананың негізгі бас­тамаларын қолдап, қуаттап келе­ді. Бұл ЕҚЫҰ саммитін өт­кізу, Дүниежүзілік сауда ұйы­мы­ның толық­қанды мү­шесі болу, ЭКСПО-2017 халық­­аралық мамандан­дырыл­ған көрмесін ұйым­дастыру, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақ­ты емес мүшесі болу кезін­­де байқалды», деді Роман Василенко өз сөзінде. Оның айтуынша, Франция Президенті Франсуа Олландтың Қазақстанға 2014 жылғы жел­тоқ­сандағы мемлекеттік сапары мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Фран­цияға 2015 жылғы қараша­дағы ресми сапары қос мемлекет үшін де маңызды оқиға бол­ған. «Бүгінгі күнге дейін кең ауқымды келі­сім­шарт­тық-құқық­тық базаның негізі қала­нып үлгерді. Солар­дың ішінде 2008 жылы қол қойыл­ған Стратегиялық әріптестік туралы шарттың маңызы орасан. Мәдени байланыс­­тары­мыздың көкжиегі кеңейді. Ха­лықтарымыздың арасын­­дағы достық нығая түсті. Білім-ғылым саласындағы ынты­мақ­тастыққа соны серпін қо­сылды. 2014 жылы Алма­тыда «Сорбонна» фран­цуз уни­вер­ситетінің әлем­де екінші, ал Орталық Азия­да бірінші болып саналатын филиалы ашылды», деді Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрінің орынбасары Роман Ва­силенко. Сондай-ақ, ол Алматы мен Ренн, Алматы мен Канн арасындағы ор­та­лық­сыздандырылған ын­тымақ­тас­тықтың белсенді дамып келе жатқанына да назар аударды. Астана мен Ницца, Атырау мен портты қала Мар­сель арасындағы байланыстар­ды нығайта түсу көзделіп отыр­ғанын атап өтті. Бұған қоса, 2015 жылдың наурызынан бас­тап ашылған Астана – Париж бағыты бойынша тікелей әуе қатынасының елдер арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың қа­р­қын алуына жаңаша серпін қосқанына мән берді. «Биыл да Франциямен тығыз әріптес­тік орнататын боламыз. Бұған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақ­ты емес мүше болуымыз да оң әсер етеді деп ойлаймыз. Мен Францияның бұрынғы көшбасшыларының бірі – Фран­суа Миттеранның «Болашағын ойлай­тындардың болашағы әрқашан жарқын болады» деген сөзін, сондай-ақ, қазақтың «Ырыс алды – ынтымақ» деген ұлағатты сөзін мысалға келтіргім келеді. Жалпы, Қазақ­стан мен Фран­ция қарым-қаты­насының стратегиялық әріптестік рухында жандана беретініне сенімдіміз. Ал Астана страте­гиялық әріптестіктің одан әрі күшейіп, кеңеюіне бейілді», деді Роман Василенко. Франсис Этьеннің қос тарап қарым-қатынасының келешегі туралы болжамды ой-пайымы да көңілге қонымды шықты. «1966 жылы 24 маусымда генерал Шарль де Голль Байқоңырға сапармен барды. Байқоңыр, әрине, Қазақстан­ның жері. Бірақ, 1966 жылы Кеңес Одағының иелігін­де еді. Генерал де Голльдің сол кездегі сапары қазіргі таңда екі елдің ғарыш саласындағы әріптестігіне негіз болды. Ал­дағы уақытта біз Астанадағы ғар­ыш спутниктерін құрастыру өн­д­ірісін 25 пайызға арттыру­ды жоспарлап отырмыз. Бұл жер серіктері ға­рышқа ұшы­рылғаннан кейін ел эко­н­оми­касының дамуына, мем­лекет­тік қауіпсіздіктің нығаюы­на, басқа да салалардың өркен­деуіне ық­пал етері анық. Жалпы, қазақ халқы 1966 жыл­дан бұрын да фран­цуз жұр­тына танылды. 1925 жылы Фран­цияда өт­кен әлемдік көрмеде қазақ әнші­сінің әуелете ән шыр­қағанын, оны жергілікті халық ерекше әрі ыстық ықылас­пен қабыл алғанын білеміз. Сол кезде қазақ музыкасы, қазақ мәдениеті Францияда кеңі­нен танылған еді. Ал қазір­гі таңда қос мемлекет ара­сын­­­дағы әріптестік байла­ныс қай­та­­дан жандана бастады. Фран­­ция Қазақстанды стра­те­гия­лық әріптесі ретінде таны­ды. Бүгінде біз саясат, эко­но­мика, мәдениет, білім-ғы­лы­м салаларындағы ынты­мақ­­тас­тығымызды дамытуға барын­ша күш салып келеміз. Яғни, Франция мен Қазақстан – стратегиялық әріптес елдер», деді елші. Бұдан кейін Франсис Этьен Франция Президенті Фран­суа Олландтың екі ел арасын­дағы дипломатиялық қарым-қа­ты­настың орнағаны­ның 25 жылдығына орай, Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты арнайы құттықтап жолдаған хатын оқып берді. Онда: «Франция мен Қазақ­стан­ның арасындағы дип­лома­тиялық қарым-қатынас­тар­дың 25 жылдығына орай құттықтап жолдаған xатыңызға зор алғысымды білдіремін. Өз кезегімде Францияның Қазақ­станмен арадағы байланыстарды ұдайы нығайтуға орасан мән беретінін жеткізуге рұқсат етіңіз. 25 жыл бұрын, 1992 жылдың 23 қыркүйегінде Елисей сарайында Сіз Франсуа Мит­теранмен кездескен едіңіз. Сіздің құрметіңізге орай ұйым­дас­тырылған кешкі ас үстінде Франсуа Миттеран әріптес­тігімізді барлық салада нығай­туға деген Францияның қалауын жеткізген болатын. Парижде 2015 жылдың 5 қарашасында өткен кездесуіміз кезінде ұзақ мерзімге негізделген Қазақстан экономикасының беріктігіне сенімімді білдіріп, ортақ жобаларымызды жүзеге асыру үшін кез келген кедергі­нің жо­йыл­ғанын қалаған тілектес­ті­гім­ді білдірген едім. Менім сен­імім өзгерген жоқ. Алдағы уақытта Фран­ция-Қазақстан әріптестігінің нығаюы үшін біздің тараптың одан әрі белсенді жұмыс жасайтынына сенім білдіргім келеді»,  делінген жолдар бар. Бұдан кейін Францияның Қа­зақстандағы елшісі еліміздің «2050» Стратегиясын басшы­лыққа алып отырғанын, алайда қазірдің өзінде Франция Қа­зақстанды дамыған елдердің бірі ретінде мойындайтынын жеткізді. «Қазақстан – Фран­ция­ның сенімді инвесторы. Қазақ­стан – Франция үшін маңызды әріптес. Себебі, біз Қазақ­стан­мен түрлі салада тығыз әріптес­тік орнатып келеміз», деді бұл орайда Фран­сис Этьен. Баспасөз мәсли­хаты бары­сында, сондай-ақ Фран­­ция Қа­зақстанның жетекші сау­да әріп­тестерінің тізімін­де 5-ші орын­ға тұрақтағаны, Қазақстан­да француз капита­лы­ның қатысуымен 130-дан астам, мәселен, «Total», «Areva», «Air Liquide», «Danone», «Vicat», «PSA», «Alstom» сынды кәсіп­орындар жұмыс істейтіні айтылды. Яғни, бұл – Франция еліміздің ірі инвесторларының қатарында тұр деген сөз. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына жұмсалған француз инвестициясының жалпы көлемі 13 миллиардтан астам АҚШ долларын құрайды. Ал қазір француз компания­ларымен бірлесіп, жалпы мөлшері 1 мил­лиардтан астам АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол жоба­лардың аясында мұнай өңдеу, машина жасау, инфрақұ­ры­лым, ғарыш секілді салаларды жандандыра түсу көзделмек. Қазақстан-Франция дип­ломатиялық қарым-қаты­насы­ның 25 жылдығына арналған шаралар Қазақ мемлекеттік заң университетінде одан әрі жалғасты. Онда қазақ-француз дипломатиялық әріптестігіне қатысты конференция өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орта­лығында «Генерал де Голль­дің Байқоңырға жасаған сапа­ры­ның мәні» тақыры­бында кон­ференция ұйымдас­ты­рылып, жиынның соңында Шарль де Голль қоры мен Фран­цияның Ға­рыш тарихы инсти­тутының ұйытқы болуымен «Байқоңыр­дан Астанаға дейін: Қазақстан мен Франция арасын­дағы ресми кез­десулерге-50 жыл» атты көрменің ашылу рәсімі өтті. Ал­дағы уақытта екі ел арасын­дағы дипломатиялық қа­рым-қатынастың 25 жыл­дығына орай басқа да мерекелік шараларды өткізу жоспарланған. Мәселен, бұл атаулы датаға орай арнайы логотип әзірленіп, пошта маркасы шығарылатын болады. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген О.БАЛМҰРАТ, Е.ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»