Қазақстан үшін сыртқы саясаттың негізгі діңгегі – көпвекторлық, яғни көпбағыттық. Мұны геосаяси тұрғыдан алғанда, өмірдің өзі талап етіп отыр. Еліміз барлық көршілес мемлекетпен, дүние жүзіндегі негізгі серіктестерімен байыпты да байсалды әріптестік орнатуға ұмтылып келеді. Сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында көп жұмыстың басы қайырылды. Әлемнің 180-ге тарта елімен өзара дипломатиялық байланысын бекемдеді. Негізгі халықаралық ұйымдарға мүше болды. Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің басты локомотивтерінің біріне айналды. Шет елдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдігі ашылды. Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігінің тетігі іске қосылды.
Қазақстанның Тәуелсіздік алған уақыттан бері сыртқы саясат саласында тұрақты әрі берік дипломатиялық байланыс орнатып келе жатқан бірден-бір серіктесі – Франция. Осыдан 25 жыл бұрын 1992 жылдың қаңтарында Қазақстан мен Франция арасындағы дипломатиялық байланыстың негізі қаланды. Франция – Батыс елдерінің ішінде Қазақстан тәуелсіздігін алғаш таныған мемлекет. Ширек ғасыр ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту жолында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінге дейін Париж Астананың негізгі өңірлік және халықаралық бастамаларын қолдап келді. Яғни, бұл – саяси тұрғыдан алғанда, қос тарап та өзара түсіністіктің жоғары деңгейіне жетті деген сөз.
Францияның Қазақстандағы елшісі Франсис Этьен мен Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қатысқан бірлескен баспасөз мәслихатында екі ел дипломатиясының ерекшеліктері мен артықшылықтары жан-жақты ой таразысына салынды. «Біздің егемендігімізді Батыс елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып таныған Франция – стратегиялық әріптесіміз және сенімді досымыз. Париж әрдайым Астананың негізгі бастамаларын қолдап, қуаттап келеді. Бұл ЕҚЫҰ саммитін өткізу, Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі болу, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болу кезінде байқалды», деді Роман Василенко өз сөзінде.
Оның айтуынша, Франция Президенті Франсуа Олландтың Қазақстанға 2014 жылғы желтоқсандағы мемлекеттік сапары мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға 2015 жылғы қарашадағы ресми сапары қос мемлекет үшін де маңызды оқиға болған. «Бүгінгі күнге дейін кең ауқымды келісімшарттық-құқықтық базаның негізі қаланып үлгерді. Солардың ішінде 2008 жылы қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы шарттың маңызы орасан. Мәдени байланыстарымыздың көкжиегі кеңейді. Халықтарымыздың арасындағы достық нығая түсті. Білім-ғылым саласындағы ынтымақтастыққа соны серпін қосылды. 2014 жылы Алматыда «Сорбонна» француз университетінің әлемде екінші, ал Орталық Азияда бірінші болып саналатын филиалы ашылды», деді Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко. Сондай-ақ, ол Алматы мен Ренн, Алматы мен Канн арасындағы орталықсыздандырылған ынтымақтастықтың белсенді дамып келе жатқанына да назар аударды. Астана мен Ницца, Атырау мен портты қала Марсель арасындағы байланыстарды нығайта түсу көзделіп отырғанын атап өтті. Бұған қоса, 2015 жылдың наурызынан бастап ашылған Астана – Париж бағыты бойынша тікелей әуе қатынасының елдер арасындағы саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықтың қарқын алуына жаңаша серпін қосқанына мән берді.
«Биыл да Франциямен тығыз әріптестік орнататын боламыз. Бұған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуымыз да оң әсер етеді деп ойлаймыз. Мен Францияның бұрынғы көшбасшыларының бірі – Франсуа Миттеранның «Болашағын ойлайтындардың болашағы әрқашан жарқын болады» деген сөзін, сондай-ақ, қазақтың «Ырыс алды – ынтымақ» деген ұлағатты сөзін мысалға келтіргім келеді. Жалпы, Қазақстан мен Франция қарым-қатынасының стратегиялық әріптестік рухында жандана беретініне сенімдіміз. Ал Астана стратегиялық әріптестіктің одан әрі күшейіп, кеңеюіне бейілді», деді Роман Василенко.
Франсис Этьеннің қос тарап қарым-қатынасының келешегі туралы болжамды ой-пайымы да көңілге қонымды шықты. «1966 жылы 24 маусымда генерал Шарль де Голль Байқоңырға сапармен барды. Байқоңыр, әрине, Қазақстанның жері. Бірақ, 1966 жылы Кеңес Одағының иелігінде еді. Генерал де Голльдің сол кездегі сапары қазіргі таңда екі елдің ғарыш саласындағы әріптестігіне негіз болды. Алдағы уақытта біз Астанадағы ғарыш спутниктерін құрастыру өндірісін 25 пайызға арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жер серіктері ғарышқа ұшырылғаннан кейін ел экономикасының дамуына, мемлекеттік қауіпсіздіктің нығаюына, басқа да салалардың өркендеуіне ықпал етері анық. Жалпы, қазақ халқы 1966 жылдан бұрын да француз жұртына танылды. 1925 жылы Францияда өткен әлемдік көрмеде қазақ әншісінің әуелете ән шырқағанын, оны жергілікті халық ерекше әрі ыстық ықыласпен қабыл алғанын білеміз. Сол кезде қазақ музыкасы, қазақ мәдениеті Францияда кеңінен танылған еді. Ал қазіргі таңда қос мемлекет арасындағы әріптестік байланыс қайтадан жандана бастады. Франция Қазақстанды стратегиялық әріптесі ретінде таныды. Бүгінде біз саясат, экономика, мәдениет, білім-ғылым салаларындағы ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш салып келеміз. Яғни, Франция мен Қазақстан – стратегиялық әріптес елдер», деді елші.
Бұдан кейін Франсис Этьен Франция Президенті Франсуа Олландтың екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанының 25 жылдығына орай, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты арнайы құттықтап жолдаған хатын оқып берді. Онда: «Франция мен Қазақстанның арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығына орай құттықтап жолдаған xатыңызға зор алғысымды білдіремін. Өз кезегімде Францияның Қазақстанмен арадағы байланыстарды ұдайы нығайтуға орасан мән беретінін жеткізуге рұқсат етіңіз. 25 жыл бұрын, 1992 жылдың 23 қыркүйегінде Елисей сарайында Сіз Франсуа Миттеранмен кездескен едіңіз. Сіздің құрметіңізге орай ұйымдастырылған кешкі ас үстінде Франсуа Миттеран әріптестігімізді барлық салада нығайтуға деген Францияның қалауын жеткізген болатын. Парижде 2015 жылдың 5 қарашасында өткен кездесуіміз кезінде ұзақ мерзімге негізделген Қазақстан экономикасының беріктігіне сенімімді білдіріп, ортақ жобаларымызды жүзеге асыру үшін кез келген кедергінің жойылғанын қалаған тілектестігімді білдірген едім. Менім сенімім өзгерген жоқ. Алдағы уақытта Франция-Қазақстан әріптестігінің нығаюы үшін біздің тараптың одан әрі белсенді жұмыс жасайтынына сенім білдіргім келеді», делінген жолдар бар.
Бұдан кейін Францияның Қазақстандағы елшісі еліміздің «2050» Стратегиясын басшылыққа алып отырғанын, алайда қазірдің өзінде Франция Қазақстанды дамыған елдердің бірі ретінде мойындайтынын жеткізді. «Қазақстан – Францияның сенімді инвесторы. Қазақстан – Франция үшін маңызды әріптес. Себебі, біз Қазақстанмен түрлі салада тығыз әріптестік орнатып келеміз», деді бұл орайда Франсис Этьен.
Баспасөз мәслихаты барысында, сондай-ақ Франция Қазақстанның жетекші сауда әріптестерінің тізімінде 5-ші орынға тұрақтағаны, Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 130-дан астам, мәселен, «Total», «Areva», «Air Liquide», «Danone», «Vicat», «PSA», «Alstom» сынды кәсіпорындар жұмыс істейтіні айтылды. Яғни, бұл – Франция еліміздің ірі инвесторларының қатарында тұр деген сөз. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына жұмсалған француз инвестициясының жалпы көлемі 13 миллиардтан астам АҚШ долларын құрайды. Ал қазір француз компанияларымен бірлесіп, жалпы мөлшері 1 миллиардтан астам АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол жобалардың аясында мұнай өңдеу, машина жасау, инфрақұрылым, ғарыш секілді салаларды жандандыра түсу көзделмек.
Қазақстан-Франция дипломатиялық қарым-қатынасының 25 жылдығына арналған шаралар Қазақ мемлекеттік заң университетінде одан әрі жалғасты. Онда қазақ-француз дипломатиялық әріптестігіне қатысты конференция өтті. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Генерал де Голльдің Байқоңырға жасаған сапарының мәні» тақырыбында конференция ұйымдастырылып, жиынның соңында Шарль де Голль қоры мен Францияның Ғарыш тарихы институтының ұйытқы болуымен «Байқоңырдан Астанаға дейін: Қазақстан мен Франция арасындағы ресми кездесулерге-50 жыл» атты көрменің ашылу рәсімі өтті. Алдағы уақытта екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына орай басқа да мерекелік шараларды өткізу жоспарланған. Мәселен, бұл атаулы датаға орай арнайы логотип әзірленіп, пошта маркасы шығарылатын болады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
О.БАЛМҰРАТ, Е.ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»