ERG компаниясының жөндеу мен талдау блогы және стратегиялық даму директораты мамандары жасаған санаттық стратегия шеңберіндегі сынамалық жаңа жоба өмірге жол тартты. Жаңа бастама аясында бұрынғы Р65 импорттық магистралдық рельстерін отандық өндірістен шыққан РП65 өнеркәсіптік рельстері алмастырмақ. Қазір Еуразиялық топ құрылымына енетін «Соколов-Сарыбай» кен-байыту өндірістік бірлестігі» акционерлік қоғамында шектеулі жүк салмағын ескере отырып, ең күрделі геологиялық жағдайларда рельс сынағын өткізу жұмыстары жүріп жатыр.
Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіндегі кен таситын тұрақты жолдардың жалпы ұзындығы 507 шақырымды құрайды. Барлық жолдар Рудный, Қашар өндіріс алаңдарының кеңейтілген бөлігіне және Қоржынкөл алаңындағы бөлімдерге, яғни барлығы төрт бағытқа таралады. Олардың әрқайсысындағы импорттық магистралдық рельстерді «Ақтөбе рельс арқалық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасап шығарған отандық рельстермен алмастырып жатыр.
Жол шаруашылығы мен құрылымдары басқармасындағы техникалық бөлім бастығы Сергей Горбуновтың түсіндіруінше, бірінші қазақстандық рельстер партиясы өткен жылы желтоқсан айының басында Соколов кенішіндегі екінші «Юбилейный»–«Предотвальный» бөліміне төселген еді. Кейіннен қалған бөлімдер де қамтылды. Өндірістік алаңдағы ауыстырылған рельстің жалпы ұзындығы 2 462 метр болып отыр. Бүгінге дейін салмағы 320 тоннаны құрайтын отандық
рельс пайдалануға берілді. Оның сапасы жағынан техникалық параметрі бұрынғы сырттан әкелген рельстен кем емес, ең бастысы, отандық өнім әлдеқайда арзан.
Қазақстан рельстері осылай ішкі нарықта қолданыла бастады, сұранысқа ие. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының негізгі жол бағыттарына осы рельсті төсеуі отандық өнім сапасының жарқын мысалы деуге болады.
– Біздің рельстер Бүкілресейлік темір жол көлігі ғылыми-зерттеу институтында сынаудан сәтті өтті және барлық қажетті сертификаттарды алды, – дейді Ақтөбе рельс арқалық зауытының коммерциялық директоры Андрей Шерин. – Жақсы сапалы болаттарды қолдану және бекітілген стандарттарды сақтау зауыт өндірісінің ерекше сипаты болып табылады. Әлемге аты мәлім ERG компаниясымен бірігіп жұмыс жасау – біз үшін қуаныш. Кен алыбы Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіне рельс жеткізіп беру бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сынақ нәтижесін тағатсыздана күтеміз және алдағы уақытта да жұмыстарды бірлесіп атқаруға дайынбыз.
Өндіріс жолына төселген рельсті сынау уақыты бірнеше айға созылады, содан кейін отандық өнімнің сапасы туралы түпкілікті қорытындылар жасалады. Бірақ, қазірдің өзінде Р65 рельсін отандық РП65-ке алмастыру үнем жағынан тиімді екенін байқатты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
РУДНЫЙ