31 Қаңтар, 2017

Тәртіп күшейіп, сенім артты

390 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астана қаласы Ішкі істер депар­та­менті­нде Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Қасымовтың, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің қатысуымен жедел ке­ңес өтті. Жиында елордалық ішкі істер депар­та­­ментінің 2016 жылы атқарған жұмыс нәтижелері мен оның алда тұрған қызмет жоспары талқыланды. Осыған орай сөз сөйлеген ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров өткен жылдың жедел-қызметтік жұмысының қорытындысын баяндай отырып, жалпы жағдай тұрақты екендігін жеткізді. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде ауыр, аса ауыр, сонымен қатар, орта және жеңіл санаттағы қылмыстардың са­ны азайғанын атап өтті. Қоғамда толқу ту­ғыз­ған аты-шулы қылмыстардың барлығы ашылған. Осылайша, елордалық полиция Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес халықтың полицияға сенімін арттыруда, қызмет ашықтығын қамтамасыз ету мен заң бұзушылықтардың алдын алуда жүктелген міндеттерді орындап келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және халықтың сенімін арттыру мақсатында Жедел басқару орталығының 102 пультіне қоңырау шалатын адамдар­мен хабарласып отыру тәжірибеге енгізілді. 2016 жылдан бастау алған мұн­дай тәжірибе оң нәтижесін беріп, енді ол одан әрі жалғаса береді. Сол сияқты, бес институттық реформаны іске асыру бойын­ша Мемлекет басшысының тапсырмаларына сай қызметіне өткен жылдың басында кіріскен жергілікті полицияға ерекше ден қойылады. Бұл орайда Астана қаласы Ішкі істер департаменті жұмысының өткен жылғы жедел қызметі туралы ақпаратты тыңдаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау барысында еліміздің бас қаласында тәртіптік жағдайды тұрақты қамтамасыз ету керектігін айтты. Сонымен қатар, жедел-қызметтік жұмысты жақсарту қажеттілігі, ұрлықты ашу және болдырмау, қылмыс туралы барлық арыздар мен хабарламаларға жедел ден қою, жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтау қажеттігі атап көрсетілді. Жиынды қорытындылаған Астана қала­сының әкімі Әсет Исекешев ел­ордалық полиция мен жергілікті ат­қарушы органдардың қарым-қатынасы мәніне тоқталды. Астана қаласы жылдан жылға дамып, сәйкесінше астана­лық полиция қызметі де барған сайын жетілдірілуде. Қазіргі таңда мұнда «smart-технология» бағытындағы ең озық технологиялар қолданылуда. Астана көшелерінде заманауи бейнекамералар орнатылған және олар­дың саны артуда. Демек, міндетін тала­п­қа сай атқаруда полиция үшін бар­лық жағдай жасалған. Осыған орай Ә. Исекешев жергілікті полиция қызметіне қоғамдық орындар мен қала көшелерінде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алып, нақты тәртіптің орнығуы мен басымды іс-шаралар атқарылуы қажеттігін тапсырды. Өйткені, биыл елордалық полиция алдына ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуде қауіпсіздік пен тыныштықты сақтауда ерекше міндет қойылып отыр. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»