«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жұмыстары мен ұйымдастыру ісіне қазақстандық бизнесті тартуды мақсат еткен құжат аясында қызмет көрсету саласында жергілікті мазмұнды ұлғайту, әсіресе, өңірлердегі шағын және орта бизнесті тарту мәселесі қарастырылмақ.
Жиында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басшысы Ахметжан Есімов Астанада ұйымдастырылатын көрме баламалы қуат көздерін пайдалану саласындағы тың дүниелерді талқылайтын әлемдік алаңға айналатындығын айтты. Сондай-ақ, ұлттық жоба мемлекетіміздің инновациялық дамуына серпін береді. «Көрме, шын мәнінде, отандық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған ұлттық жобаға айналды. Жұмыс орындарын сақтап қалуға ғана емес, 50 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Жұмыстың қызған уақытында құрылыс алаңына 14 мыңнан астам адам және 500-ге жуық техника жұмылдырылды. Нысандар құрылысына 366 отандық тауар өндірушілермен 52,5 млрд теңгеге келісімшарт жасалды», деді А.Есімов.
Ұлттық компания басшысы халықаралық шара қызмет көрсету саласындағы отандық кәсіпкерлер бірегей мүмкіндік екенін де жеткізді. «ЭКСПО жаһандық нарықтың ілгерілеуіне, отандық брендтердің танылуына, коммерциялық байланыстардың дамуына серпін береді. Біздегі туристік индустрияның қарышты қадам басуына, тек сыртқы ғана емес, ішкі туризмнің де ілкімді шаруаларға араласуына ықпал етері анық. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық пен өткізу кезеңімен ғана шектелмейміз, одан кейін де атқарылар жұмыс ауқымы орасан. Сондықтан, бүгінде көрмеден соң территорияны дамыту бойынша тұжырымдама жасалып жатыр», деді Ахметжан Есімов.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев өз кезегінде көрме нысандары мен дайындық жұмыстарының жоғары деңгейін атап өтті. Сондай-ақ, оның бизнеске үлкен мүмкіндік ашатындығына ерекше тоқталды. «ЭКСПО көрмесі өтетін уақытта Астанаға көптеген адамдардың келетіндігі өте маңызды және елорда бизнесі үшін үлкен мүмкіндік. Қонақ үй, мейрамхана, түрлі ойын-сауық орталықтары, қызмет көрсету саласы, тағысын-тағылар қарқынды дамиды», деді Т.Құлыбаев. Қос тараптың да пікірі осыған саяды, яғни құжаттың жүзеге асырылуы отандық бизнестің дамуына айтарлықтай қолдау білдіреді.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»