31 Қаңтар, 2017

Конституциялық реформалар бағдарламасы

427 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

 «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман»

Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі уақыт талабымен үндес жатыр. «Алдымен – экономика, содан кейін саясат» деген ұс­танымы арқылы 25 жылдың ішінде Қазақстанды әлемнің бәсекеге қабілетті озық 50 елінің қатарына қосқан Нұрсұлтан Назарбаевтың әр шешімі табысқа бастары хақ. Оның саяси реформаларды жеделдету жөніндегі ой-тұжы­рым­дарының жариялануын бүгін­де тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік дипломатиялық өкіл­діктердің жетекшілері мен әлемнің көрнекті саясаткерлері қызу талқылай бастады. Бұл өзге­рісті демократиялық, зайырлы қоғам құруды мақсат еткен және оған қол жеткізуге қадам басып келе жатқан әлемнің дамушы елдері үшін үлгі-өнеге ретінде ұсынушылар жеткілікті. Елбасының «Құр­метті қазақстандықтар! Сіздердің назар­ларыңыз­ға еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселені ұсынбақпын» деп басталатын бұл Үндеуін шет елдегі 5 миллионға жуық қазақ диаспорасының өкілдері де жылы қабылдап, тың бастамаға тілеулес екендіктерін жеткізуде. Сондықтан олармен мәдени-рухани қарым-қатынасты жүргізіп келе жатқан Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы шет елдегі қан­дастар ой-пікірін жұртшылық назарына ұсынуды өз парызы санайды. Конституция мен заңдарға енгізілетін өзгерістердің екі бағыты да қоғам үшін аса маңызды мәселе болып табылады. Бұл, әсіресе, жаһандық экономикадағы соңғы өзгерістерден кейін дер кезінде қабылданған оң шешім деуге болады. Н.Назарбаевтың «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деген сөзі дәл бүгінгі таңда барша қазақстандықтар үшін өзінің өзектілігін сезіндіруде. Сондықтан ауқымды конституциялық реформа жасау жөнінде бастама көтеріп, оны жұртшылық талқысына салып отырған Елбасының бұл тарихи шешімінің нәтижелі жүзеге асуына атсалысамыз. Талғат МАМАШЕВ, Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары  

Реформа жүргізуге негіз дайын

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бергі жылдары заманауи нарық­тық экономиканы қалып­тастырып, әлемдік эко­но­миканың ажырамас бөлігі бола білді. Осы орайда, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұсынған конс­титуциялық реформа дер уақы­тында қолға алынды әрі ол еліміздің одан әрі дамуы үшін өте қажет деп санаймын. Елбасы Қазақстан халқына арнаған Үндеуінде «Біздің алдымызда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу мін­деті тұр. Қазір заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруге тиіс­піз» деп атап өткен болатын. Қазақ­стан да дамыған елдердің басты қағидасы «алдымен – экономика, содан кейін саясат» деген ұстанымды бағыт-бағдары етіп таныған. Елдің экономикасы, ха­лықтың әлеуметтік ахуалы жақ­сарғаннан кейін ғана билік өкі­леттіліктерін бөлу сынды аса маңызды мәселе көтеріліп отыр. Тәуелсіздіктің 25 жылында елі­мізде демократиялық қоғамның негізгі институттары қа­лыптасты. Қазақстанда пар­­ламентаризмнің бір­шама бай тәжірибесі, ат­қарушы биліктің қалып­­тасқан вертикалі, тұ­рақты сот билігінің жүйе­сі бар. Сайлауларға қатысып, Мәжілісте фракцияларды қа­лыптастыратын партиялар да бар. Осылайша, саяси жүйе­ні одан әрі демократияландыру бағытындағы реформаны жүр­гізуге негіз дайын деп санау­ға болады. Сондықтан  билік тар­мақ­тарының өкілеттіктерін қайта бөлуге қатысты аталған шешім – елдің дамуындағы қалыпты қадам болмақ. Жалпы, бизнес тұрғысынан алып қарағанда, конституциялық реформа маңызды өзгерістер алып келуге тиіс.  Мемлекет басшысы атап өткендей, биліктің барлық тармақтары тиімді жұмыс жасау үшін олардың арасында тиісті теңгерімді қалыптастыру қажет. Кәсіпкерлікті дамытуға қатысты, бизнес мүддесін көздейтін заң жобаларын талқылауға бизнес-қоғамдастықтың белсенді түрде қатысуы  ел экономикасын тұрақты дамытудағы ең тиімді құрал болмақ. Алдағы уақытқа жос­пар құрып, бизнесін өркендетуді қалайтын, сол арқылы еліміздің экономикасы мен әлеуметтік ахуалын гүлдендіруге өзіндік үлес қосуды парыз санайтын кәсіпкерлер қауымы Мемлекет басшысының Үндеуінде айтылған мәселелерді қолдайтыны сөзсіз. Конституциялық реформа  адам құқығын, жалпы жекемен­шік құқығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Әлем тәжіри­бесі көрсетіп отырғандай, елімізде кәсіпкерлікті қарқынды дамыту үшін бизнесті заңсыз әрекет­терден қорғайтын нормаларды тиісті заңнамаларға енгізу арқы­лы мемлекет тарапынан нақты ке­пілдіктің болуы орынды. Рефор­ма елімізде бизнес ахуалды жақ­сарту жолындағы басты фактор болатындығына нық сенімдімін. Нұржан ӘЛТАЕВ, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары  

Ендігі сөз халық талқысында

Әу баста іргетасы мықты қалан­ған үй қандай да болсын та­биғаттың тосын құбылыстарына шыдас береді. Егер осы түсі­нікті мемлекет тұрғысында пай­далансақ, экономикалық қуаты күшті Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде мұқым дүниеге белгілі болды. Тәуелсіздіктің ширек ғасырында әлемдегі кейбір мықты мемлекеттердің ғасырлап өтетін жолынан өтіп, қай жағынан алсаңыз да тамаша табыстарға жеткеніміз Елбасымыздың сындарлы саясаты, оған тіреу болған халқымыздың ынтымағында дер едік. Осындай жағдайды малданып қала берудің түбінде зардап шектіретінін бажайлаған Президент Конституция мен заңдарға өзгеріс енгізу ар­қы­лы билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу мәселесін күн тәртібіне қойды. Нұрсұлтан Әбішұлы Пре­зиденттің әлеуметтік-эконо­микалық про­цес­терді реттеудегі біршама өкілеттіктерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн екендігін айтады. Екіншіден, одан да күрделі міндет – билік тармақтары ара­сындағы қарым-қатынасты конс­титуциялық деңгейде теңгерімді етуді ұсынып отыр. Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Пар­ла­менттің рөлі күшейтілмек. Парламент сайлауында жең­ген партия Үкімет құрамын анық­тауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл сол сияқты Үкіметтің өкі­летті билік алдындағы жауап­кер­шілігін арттырады. Сонымен қатар, биліктің заң шығарушы тармағының атқа­­ру­шы билікке бақылауын кү­шейтеді. Айтылған екі бағыттың қай-қайсысы да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқару тиімділігін күшейтеді. Қазір жаһандану жаңғырығы есігіңізді іштен құлыптап алғанды көтермейді. Көш соңында қал­дырып кетеді. Осының бәрін ой елегінен өткізген Мемлекет бас­шысы еліміздің келешегін одан әрі нығайту үшін осындай қадамға барды. Біз Үндеуді толықтай қол­даймыз. Президент нақтылаған екі бағыт мемлекеттік басқарудың тиім­ділігін арттыратындығы сөзсіз. Сондықтан, жұмысшы то­бы­­на қоғамдық талқылауға шы­ға­­ры­­латын мәселелер барынша зерт­­теп, нақтылаған жөн болар еді. Заман бір орнында тұрмайды. Жаһандық қауіп қатерлер әлем­дегі мықты саналатын талай мем­лекеттердің қабырғасын күй­ретпегенімен, айтарлықтай зар­дабын тигізіп жатыр. Үн­деу­дегі байламда Елбасы реформаларды уақытында қабылдауды ұсынып, еліміздің болашағын кемел етудің тетіктерін ұсынды. Ендігі сөз халық талқы­сында. Қайрат БАЛАБИЕВ, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы ШЫМКЕНТ  

Басқару жүйесі де жаңғырады

Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуі – қоғамға ой саларлық оқиға. Ғасырлар бойы ата-баба арманы болған Тәуел­сіз­дік – бүгінде бізге жеткен бақыт­ты құндылық. Енді біз сол құн­дылықтың қадіріне жетіп, оны бағалауға тиіспіз. Тарихтан белгілі, Тәуелсіздік жолында тартысты да, тағдырлы да кезеңдер болды. Бүгінде әлемде айбыны асқан, мейлінше кемелденген мемлекетке айналып отырмыз. Азаттықтың алғашқы жылдары елге де, Елбасына да оңай болған жоқ. Дегенмен, ширек ғасыр уақыттың ішінде еліміз әлемдегі өркениетті елдердің қа­тарынан көрініп, өзінің жан-жақты даму қарқынымен да­мы­ған мемлекеттер қатарына енді. Президент Үндеуі – еліміздегі демократиялық мәселелерді дамыту жолдары бойынша қолға алынған маңызды шара. Әркім өз саласына жауапты болса, бұл жауапкершілік біз үшін ғана емес, ұрпақтарымыз үшін де маңызды болатыны сөзсіз. Демократияландыру жөніндегі игі бастамаларды пайдалана отырып, барлық саладағы жұмысты қарқынды дамытуға болады деп білемін. Елбасы өз Үндеуінде Конституция мен заңдарға өз­герістер енгізу, сондай-ақ, мемлекет алдында билік тармақтарының өкілеттіліктерін қайта бөлу міндеті тұрғанын атап өтті. Ендігі жерде Елбасы шешімімен бірге мемлекеттің басқару жүйесі де жаңғырады деген сенім бар. Қайырбек АСАНОВ, ақын ТАРАЗ  

Тараздық болашақ педагогтар да үн қосты

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде ел халқына жолдаған Үндеуін қолдайды, деп хабарлады ТарМПИ-дің Ақпараттық-имидждік қызметі. Оқу орнының профессор-оқыту­шы­лары мен студенттері бас қосып, Мем­лекет басшысының Қазақстанды демократияландыру жолындағы жаңа қадамын өзара талқылады. Жиынды ТарМПИ-дің Тәрбие жұ­мысы және әлеуметтік мәселелер жөнін­дегі проректоры Орынқыз Жолдасова ашып, жүргізіп отырды. «Қазір бас­қарудың икемдік жүйесін енгізу – заман талабы. Уақыттың өзі оны көрсетіп отыр. Мұны Елбасы ерекше атап кетті. Осындай өзгерістер нәтижесінде Пар­ламент пен Үкіметтің ел тұрғындары ал­дын­дағы жауапкершілігі артады. Үкімет Қазақстанның әлеуметтік дамуын өз бақылауына алып, жіті қадағалайды. Ал құзыреті кеңейген Парламент халықтың жағдайын ескере отырып, бақылау міндетін атқарады. Бұл реформалардың ха­лықтық талқыға салынуы негізінен би­ліктің ашықтық қағидатын, әрбір баста­маны халықпен бірлесіп талқылауға дайын­дығын көрсетеді», деді О.Жол­дасова. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынай Әбдіқадырова аталған реформаның күнде өзгеріп жатқан қым-қуыт әлемдегі жаңа көзқарас болып табылатынын, Қазақстан нақты саяси реформалардың алдында тұрғанын айтып өтті. Сондай-ақ, жиын барысында тарихшылар, саясаттанушылар және оқу орнының студенттері ел өміріндегі маңызды саяси өзгеріс тұрғысында пайым­ды пікірлерін білдірді. Жамбыл облысы  

Қарағандылық жастар қолдауы

Баршамызға мәлім, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президент, Үкімет және Парламент арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мақсатында Конституцияға өзгерістер енгізу мәселелері бойынша Қазақстан азаматтарына арнайы Үндеуін жариялады. Осыған орай, Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен аталған тарихи маңызды қадамды талқылауға арналған жастармен кездесу өтті. Қарағанды облысының жас­тар саясаты мәселелері жөніндегі бас­қармасының басшысы Мирас Құттыбай жүргізген кездесуде Ел­басымыздың саяси режімді неғұрлым демократияландыру барысындағы тарихи қадамы егжей-тегжейлі әңгі­меленді. Сондай-ақ, аталған іс-шараға «Саясаткерлер конгресі» Қарағанды облыстық филиалының директоры Е.Есенғараев және Қарағанды облысы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» филиалының, «Технопарк Сары-Арқа» ЖШС, сонымен қатар, Қарағанды облысының жастар ресурстық орталығының мамандары қатысты. Одан әрі «Сарыарқа» кино­театры­ның алдындағы алаңда жоғарыда атап кеткен жастар ресурстық орталығының қолға алуымен Елбасы Үндеуін қолдау мақсатында «Біз жарқын болашақ үшін» атты флешмоб ұйымдастырылды. Жалпы іс-шараға 150-ге жуық жастар қатысты. Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ  

Заңдық тұрғыдан дұрыс қадам

Елбасының би­лік тармақтары ара­сындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі – күтпеген жерден туа қалған дүние емес. Естеріңізде болса, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесінде сөйлеген сөзінде де Президент демократия іске асу үшін, азаматтық қоғам алға жылжу үшін барлық мәселе бір жерде ғана шешіле бермеу керектігі қандай тапсырма, қандай шаруа атқарылу керек болса да берілген тапсырма айналып өзіне келетіні жайында айтқан. Яғни сол кезде-ақ кейбір өкілеттіліктерді депутаттарға, басқа да атқарушы билік органдарына беру турасындағы мәселе сөз болған. Енді, міне, арада ай өтер-өтпес уақытта арнайы Үндеу жолдап отыр. Осы Үндеуді талқылау жөнінде арнайы құрылған он екі адамнан тұратын комиссияның құрамына тек депутаттар емес, қоғамдық жұмысқа қатысқан білгір адамдар, заң саласының білікті мамандарының кіруі бұл шешімнің жан-жақты қаралғанын, алдағы уақытта да жіті бақылауда болатынын дәлелдейді. Бұл бұған дейін қағазбастылық пен бір-біріне сілтеудің көлеңкесінде қалып кете беретін нақты іс-қимылдар ендігі уақытта елдің көз алдында өтеді деген сөз. Бұл алдымен жауапкершілікті арттырады. Әркім өз міндетін білуі тиіс. Өз міндетін білетін адам – өз саласының білгіріне айналады. Әркім өз ісін шебер меңгерген қоғамда ешқандай тапсырма орта жолда қалмайды. Жең ұшынан жалғасу, парақорлық мәселелерінің жолы қиылады, себебі, әркім өзі үшін, өзінің ісі үшін толық жауапты болады. Бұл жерде Елбасы Үкімет пен Парламентке өкілеттілік беріп қана отырған жоқ, үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Халық алдындағы жауапкершілік! Қарапайым тілмен айтсақ, осы шешім жүзеге асқаннан кейін кез келген іске заңдық тұрғыда өкімет жауап берсе, іске асуына атқарушы билік жауап береді. Мұндай жағдайда әр істің беталысын бақылау да оңайға түседі. Елбасы Үндеуін талқылау мақ­сатында Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің кезектен тыс отырысы өтті. Он­дағы әріптестер де Конституцияға ен­гі­зілетін түзетулердің ел игілігі үшін маңы­зы зор екенін айтып, бірауыздан қол­дап отыр. Еренғайып ШАЙХУТДИНОВ, Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҰҒА академигі

Дамудың жаңа даңғылы

Қазіргі кезде әлемдегі өркениетті мем­лекеттер дамудың де­мо­кратиялық үрдіс­терін одан әрі терең­детуге ден қойып отыр. Соның нәти­же­сінде бұл үрдіс жыл­дан-жылға тамырын тереңге жайып келеді. Әлбетте мұндай өзгерістер мен жаңғыртулардан Қазақстан да тыс қалмақ емес. Тіпті, бұл мәселеде егемен еліміз оның бел ортасында жүр десе болады. Осы ойымыздың басты бір мысалы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған бастамасы деп батыл түрде айта аламын. Ал Үндеу осы бастаманың басты қозғаушы күші рөлін атқармақ. Бұл – бүгінгі қазақстандық даму талабы ұсынған заңды әрі демократиялық үрдістерге толықтай сәйкес келетін аса құнды құжат. Елбасы атап көрсеткендей, күшті Президенттік билік пен өкілеттік бізге тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен өтпелі кезеңде аса қажет болды. Біз оның игілігін және жемістері мен нәтижелерін тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде көріп үлгергеніміз анық. Елбасымыздың ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар деген сөзі бар. Мен Мемлекет басшысының аталған қағидатын қашан да назарымнан тыс қалдырған емеспін. Кешегі Үндеу жолдары да осы көзқараспен үйлесім әрі үндестік таба алады. Елбасы айтқандай, заманның дидары өзгерді. Қоғамдық құндылықтар терең өзгерістерді бастан кешуде. Солай екен деп Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында еліміз дағдарып отырған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, межесі – анық, мақсаты – айқын. Бүгінгі күні осы меже мен мақсаттың басты көрсеткіш индексі билік тармақтарының арасындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңгерімді ету деп түсіне аламыз. Ең бастысы, Үндеуде көрсетілгендей, билік тармақтары өздеріне жүктелген іске деген жауапкершілікті көтере түсетін болады. Әсіресе, бұл тұжырымның Үкімет пен Парламентке тікелей қатысы бар екенін Үндеу табиғаты танытады. Заң шығарушы органның атқарушы билікке деген бақылауы күшейсе, демократиялық жаңғырудың бұдан артық мысалы табыла қояр ма екен?! Түптей келгенде, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесінің артында ел мүддесі тұр. Мем­ле­кетіміздің таяу кезде де және алыс келе­шектегі даму бағыттарының басты жолдары да Үндеудің басты өзегіне айналған. Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор АҚТӨБЕ