31 Қаңтар, 2017

Елбасы: Ұлттық банк алдында маңызды міндет тұр

367 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгінде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режімін дамыту жөніндегі маңызды міндет тұр. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР халқына Жолдауында мәлімдеді. «Орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңмен 3-4%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек», - деді Президент. Сонымен қатар ол еліміздің қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажеттілігін атап өтіп, Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. «Банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз ету керек. Банктердің ахуалына жедел бақылау орнату үшін Ұлттық банкке көбірек құқық берген жөн. Ұлттық банк банктердің қателік жіберуін күтпей, оларға ықпал ететін шаралар қабылдау үшін формальді көзқарастан ықтимал қатерлерге жол бермейтін қадамдарға көшуге тиіс. Сондай-ақ, аудиторлық компаниялардың жауапкершілігін арттырып, акционерлердің ашықтығын қамтамасыз ету, ұжымдық басқаруды жақсарту қажет. Осының бәрін заңнамалық деңгейде бекіту керек. Экономикадағы қаражат жетіспеушілігі және несиелер бойынша жоғары мөлшерлеме түйткілдерін шешу мақсатымен Ұлттық банк пен Үкіметке теңге түрінде қолжетімді орта және ұзақ мерзімге арналған қор қалыптастыруды қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын. Ұлттық банк инфляция ғана емес, сонымен қатар Үкіметпен бірге экономиканың өсуі үшін де жауапты болуға тиіс», - деді Н.Назарбаев.